Түркиядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 46 мыңнан асты
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 46 104-ке жеткенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі TRT Haber телеарнасына сілтеме жасап.
Түркия басшысының айтуынша, ақпанда елді дүр сілкіндірген екі жойқын жер сілкінісі 62 ауданда, 10 190 ауылда және 11 провинцияда болған. Бүгінгі таңда қаза тапқандардың жалпы саны 46 104 адамға жеткен.
Ердоған қазір жер сілкінісі болған аймақтардан 3 миллион 320 мың адам эвакуацияланып, басқа провинцияларға кеткенін айтты. Бұл ретте 800 мың адам барған жерлерінен баспана тапқан.
Оның айтуынша, 1,5 миллионнан астам адам шатырларда, 53 мың адам контейнерлерде, 123 мың адам мемлекеттік мекемелерде, әсіресе республикалық білім беру мекемелерінде, 160 мың адам Жастар және спорт министрлігінің жатақханаларында және 137 мың адам қонақүйлерде тұрып жатыр.
Сондай-ақ Ердоған апат болған аймақтарда алдағы уақытта қайта салынуы жоспарланған үйлер қауіпсіздікті ескере отырып салынатынын айтты. Мысалы, олардағы үйлер үш қабаттан жоғары болмайды.
Әзірге түрік билігі электр, су, кәріз, жол, әлеуметтік нысандары бар жылжымалы контейнерлік қалаларды салып жатыр. Тұрғындар осы жайлы жағдайда тұрып, тұрақты тұратын тұрғын үйлерін күтеді.
"Біздің мақсатымыз - 2 айдың ішінде 100 000 контейнер орнатып, жер сілкінісінен зардап шеккендерге жақсы жағдай жасау. Қажет болса, контейнерлер санын көбейтеміз", - деді Ердоған.
Abai.kz