Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 3575 7 пікір 27 Наурыз, 2023 сағат 14:12

Шаршаған жұрт қай «құтқарушының» да жетегіне еріп кетуге бейіл

90-жылдары қаптады, «жаңа дәуір», «жаңа өмір», «агапа», «грейс»… Солардың бірінде Еркін деген жігіт пастор болды, эфирге шақырып едім, келді. Діни басқарма мүшелері бар, бір-екі зиялы ағамыз бар жабыла тілдесіп, Еркінге адасып жүргенін түсіндірмек болдық. Ол өзінікін тықпалап әлек. Орайы келгенде бір-екі жанды жерге тиетін сұрақ қойып едім ол кірпідей жиырылып алды, өзін «жауып» тастады. Бітті ләм-мим жоқ, безеріп отырды да қойды.

Хабар біткен соң: Ереке, өкпе-реніш жоқ па, сіз де, біз де ойымызды ашық айттық?! - деп едім: Сіздер адасып жүрсіздер, ондайларға өкпелеуге болмайды, түзейміз,- деп бетіме қарады.

Көзін көрдім де түңілдім. Бергі жағы әйнек, арғы жағы - Түнек. Айтқан сөз де, ой да құрдымға кетіп жатыр. Ондай көзді кейін ахмадияшылардың өкілі болған Нұрым деген жігіттен көрдім. Бір хабарда қатты соққы алып, Ұлыбританиядан Ахмад деген зәңгі тақсырларын алдырып еді. Мені шок қылғаны әлгі тақсырлары ағылшын елінде жүріп нан сұрап жейтіндей қазақша үйреніп алған. Қазақстандағы бөлімді бақылауға керек дейді.

Сонда олардың “Құран-Мәриям” деген кітбын талдадық, хабарға сол кездегі жас молда Ершат Оңғаров та қатысқан. Мұхаммед пайғамбар өз миссиясын толық орындап үлгермей соны тәмамдауға Құдай Гулям Ахмадты пайғамбар етіп жіберген деген мазмұндағы “қалың” шатпақты орысшаға әдемілеп аударған адам жазушы екен! Жай жазушы емес, жастар әлі күнге ұстаз тұтып, құшақтасып жүрген қарағай мүйіздінің нақ өзі.

Біз “Құран-Мәриамның” қазақшасын да шығарамыз, әлгі жазушының әйелі аударып жатыр, - деп еді Нұрым сол кезде. Мен жазушыға да, оның әйеліне де таң қалмадым, дін төңірегіндегі ақша доминант болып, екі абайтанушы хәкімді кришнаит етіп, бір философымыз Чарльз Уэллерге қазақтың бәрі христиан болған деп диссертация жаздырып, эфир күнде майдан боп жатқан кез еді. Қазақша шығарып үлгермеді-ау деймін, елімізде ахмадия ұйымына тыйым салынды. Сонымен бірге заң бойынша “секта” дегенді қолдануға да тоқтау қойды?

Айтпағым, жоғарыда аталғандардың басым бөлігінің астарында 20-ғасыр ортасында АҚШта пайда болған Нью-Эйдж (Жаңа дәуір) ағымы жатыр. Олар Алланы жердің ғана билеушісі, Исаны Адам ата мен Мәрианың ұлы санайтын мормондармен астасып кеткен. Кез келген адам Құдай бола алады? Балықпен бірге ерлер дәуірі бітіп, әйел мейірімі тұнған суқұйғыш басталады… Осы аралықта Армагедон (Жаратушы-Творец пен Ібіліс әскері арасындағы, ақ күштер мен қара күштер соғысы) өтуі мүмкін. Ақ күштерге қолбасшы Айса болады, оған көмекке көктен ақ сарбаз болып періштелер саулайды. Бұл біз тамсанып жүрген, Інжілді санамызға тамшылатып сіңіріп жатқан әлемдік әдебиеттің талайына азық болған сюжеттер. Пауло Коэльо, Маркестерді қайта бір сүзіп шығыңыз, алтыншы буын туралы табасыз.

Жаңадәуірліктер қарпайым пенде Құдай да, пайғамбар да, сахаба да бола алатынына сендіреді. Онда негізгі төрт діннің де элементтері бар, тек ешбірін үстем етіп, мойындамайды. Исламға келмейді, буддизмге үш қайнаса сорпасы қосылмайды, иудаизм ұстанушылар бұлармен күресіп жатыр, ал христиандар неоелушілер деген атпен араларына сіңіп кеткен бәлекеттерден құтыла алмай әлек.

Жалпы әлемдік идеология осылай жұмыс істейді. Бізде оған төтеп беруге дәрмен де, білім де болмады. Төрт діннің кітабын оқып төрелік айта алатын теолог жетіспеді, тек исламтанушыларды сөзге тартып келдік. Бергі мүшелде мұсылман терісін жамылғандармен әуре боп кеттік те өзге діндерге күрмектей ілінгендер назардан тыс қалды. Шынын айтқанда, еш күресті мандытпадық, ахмадшыларға тоқтау салғанмен сол “ақ қылшықтылар” елінен бата алған уахабшылар қаптады.

Құдай қаласа дегенге кәпірдей қарайтын жастар көп, иншалла десең машалла деп арқаңнан қағады, жазғыруға болмайды олардың дін туралы түсінігі сол ғана, дін іштен ығысып, сыртқы формаға ауысты, тозақ туралы айтудан талмайтын имамның көбінде мұрт жоқ. Оны да жазғырмайсың, өйткені нені насихаттап тұрғанын өзі толық түсінбейді, ханафиміз деп қойып уахабтың сөзін сөйлеп тұрғанын жете ұға бермейді. Көбінің көзі жоғарыда айтқан Еркін мен Нұрымның көзі секілді. Сол құрдым-көзден қорыққан халық біресе тәңірлік мәдениеттен, біресе басқа бағыттан өз дәстүрлі дінін іздеп, қармануда.

Дінді ұлттан жоғары қойып, болмысты жоя бастағанда мұндай қарсы реакцияның болуы заңдылық. Шаршаған жұрт қай “құтқарушының” да жетегіне еріп кетуге бейіл. Дін хиджап пен сақалға сүйреуші, келін сәлемін кемітуші, әруақпен алысушы емес, өзінің түпкі кіршіксіз жаратылысы - өркениетке бастаушы болғанда, халықты ғылым-білімге жұмылдырғанда қырық-пышақ қырғын да, үрку де тоқтайды. Адам баласы “о дүниені” ойлап, тозақтан қорқушыдан бұ дүниенің игілігін игеруші, Алла Тағала жаратқан дүиелердің сырын білуге ынтық болушыға (әл-Фараби, Дулати, ибн Сина, Ұлықпан, Ұлықбек, т.б) айналып білімі толыққан сайын адасушы да, адастырушы да аз болады.

Еркіндердің көзін көргеннен бері дін мәселесін көп қозғамаймын, өйткені сөз шығын, ол фбда айғайласып отырғаннан түзеле кететін шаруа емес. 2012 жылға дейін біраз “діннің” қоясын ақтардық, өзгерген түк жоқ. Мемлекет діни ұйымдарға тыйым саламыз деп ұрандатқанымен талайы құр атауын өзгертіп, осы елде қалып қойды. Бірінің сөзі біріне шыланып, діни-каламбур болды. Ал ой мен мидағы каламбурдың түбі қасірет. Медреседен бастап, протестант мектебінен қоштап, төрт-бес діни ұйымға мүше болып, әр жерден жұлып “ілім” жиған Рузымбай Ишимбетов ақырында зомбиге айналып, біраз адамның қанын төкті, содан бері қасірет тоқтамай келеді, асқынды. Өз балаларына ауыз сала бастады…

Дінсіз атанған Советтік ортада мұндай сұмдық аз еді, намазын жасырынып оқып, дінімізді сақтаған қарттар да әр ауылда саусақпен санарлық болатын. Алайда сол кезде қазақ имансыз болды дей алмаймын. Ал осы күні имам да, мешіт те, намазхан да көп, тек үлкенге құрмет, кішіге ізет, ғайбатқа обал, жақсылыққа сауап дегендей қазақы иманға негіз болған қасиеттер кеміп бара жатқандай. Баяғыдағы қарттардың біреуден көңілі қатты қалса “имансыз екенсің” дейтін бір ауыз сөзінің мәні тым терең екен. Біз сол ақсақалдардың бірі - Абайдың өзінің дін туралы өткір ойларын жасырып қойып, әсірндіншіл уағызшы образында ғана көрсетіп жүрміз. “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” Абай ғана айтқан деп, әлде білгеннен, әлде білместіктен өтірік айтамыз. Оның да “дінбұзар” атанған Толстойға ұқсап кететін жерлері көп екеніне қарамастан бүгінгі “формаға” сыйғызып алдық.

Иектегі бес тал сақал иман символы болып тұрған кезеңде біздің руһымыз тым әлсіз, “пір” де, “пайғамбар” да, оларға иланушы да көп. Өз ілімі жетпеген соң кім не айтса соған “Е, жөн!” - деп жармаса кететін ілеспе мүсәпірлік түбі оңдырмайды.

 

Серік Әбікенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052