Назарбаевқа үш сауал
ҚР экс-президенті Н.Ә.Назарбаевқа үш сауал:
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
30 жыл Қазақстанның бірінші басшысы болдыңыз, жүздеген ғылыми еңбектеріңіз бар. Билік басында отырғанда жариялаған пайым-тұжырымдарыңыз ғалымдар қауымы тарапынан мемлекеттік тапсырыспен, теориялық-методологиялық нұсқаумен бірдей қабылданды.
Дегенмен, ақиқаттың соңғы нүктесін қоятын құдірет уақыт пен практика екенін ешкім бекер дей алмас. Зейнеткерлікке шыққаннан бергі уақыт ішінде әр жылдарғы ғылыми-танымдық ұстанымдарыңызды, ұлан-ғайыр тәжірибеңізді, тәуелсіздіктің бергені мен жоғалтқанын ой елегінен өткізген де боларсыз.
Осы орайда ұлттық тарихымызда бұрыннан келе жатқан дәстүрді жалғастырғымыз келеді. 1912 жылы Шәкәрім қажы қазақ оқығандарына 5 сауал қойған еді. 1926 жылы Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттері де Т.Рысқұлов сынды ұлт мақтаныштарына маңызы зор сұрақтармен қайырылғаны белгілі. Сол сауалдар күні бүгінге дейін ғылыми ізденістер мен халық жадына оң ықпалын тигізуде.
Біз де сізге үш сауал қоюды жөн санадық. Олар әрбір қазақстандықтың жүрегі мен санасына жақын мәселелерді қамтиды.
Сонымен, сізден білгіміз келетіні:
2005 жылы: «Қазақстанда, қазақтарда ешқашан шекара да, мемлекеттілік те болған емес» дедіңіз. Осы ойыңызды 2011 жылы және қайталадыңыз.
Сіздің сөзіңізге сүйенген РФ Президенті В.В. Путин, біздің елдің бірен-саран азаматтары қазақ мемлекеті болған жоқ дегенді үздіксіз айтып келеді. Ендеше мынаған түсініктеме беріңізші:
1. Қазақ шекарасы мен мемлекеттілігіне қатысты ұстанымдарыңыз ендігі өзгерді ме, жоқ әлде сол күйінде қалды ма?
2. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру барысында орын алған өрескел кемшілік, басты қателік деп нені айтар едіңіз?
3. «Тұңғыш Президент және Ұлт көшбасшысы ретінде менің борышым – халқымызды Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен алып өту» деген сөзіңіз есімізде. Қалай ойлайсыз, борышыңызды толық атқара алдыңыз ба?
Сіздің жауабыңыз қоғамдық-тарихи санадағы ақтаңдақтар мен ала-құлалықты еңсеруге негіз болары күмәнсіз.
Құрметпен:
Ханкелді Әбжанов, ҰҒА академигі,
Берекет Кәрібаев, ҰҒА академигі,
Ғабит Кенжебаев, ҰҒА мүше-корреспонденті,
Нұрлан Атығаев, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz