2023 жылдың үш айында Ұлттық қордан қанша ақша алынды?
Жылдың алғашқы үш айында Ұлттық қордан 984 млрд теңгеден астам қаржы алынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржы министрлігінің Ұлттық қордың түсімдері мен шығыстары туралы 1 сәуірдегі есебіне сүйенсек, 2023 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қорда 29,1 трлн теңгеден астам (29 176 508 444 000) қаражат болған.
Ал 1 сәуірдегі жағдайы бойынша 29,3 трлн теңгеге (29 391 788 468 000) жеткен.
Үш айдың ішінде Ұлттық қорға 1,1 трлн теңгеден астам (1 199 306 040 000) кіріс түскен.
Оның ішінде мұнай секторындағы ұйымдардан тікелей Ұлттық қорға аударылатын салықтан 1 197 058 132 000 теңге түскен.
Ал мұнай секторындағы ұйымдарға салынатын айыппұлдар мен өсімпұлдардан, мұнай өндірісінен табиғатқа келетін зиян үшін төленетін алымдардан жалпы жиыны 800 млн теңгеден астам (800 068 000) ақша түскен.
Сондай-ақ;
- республикалық меншікті жекешелендіруден 219 895 000 теңге;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан 7 945 000 теңге;
- Қазақстан заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістерден 1 220 000 000 теңге түскен.
Жылдың алғашқы үш айында Ұлттық қордың 984 млрд теңгеден сәл асатын (984 026 016 000) қаражаты пайдаланылған.
Бұл қаражаттың 621 млрд теңгесі - кепілдік берілген трансферттерге, 360 млрд 620 млн теңгесі - мақсатты трансферттерге, 2,4 млрд теңгеден астам (2 406 016 000) қаражаты - Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалған.
Abai.kz