Депутат: «Журналистер мен блогерлерді әскерге шақырайық»
Мәжіліс депутаты Константин Авершин Қазақстан Қарулы күштері туралы шынайы ақпарат тарату үшін журналистер мен блогерлерді ерікті түрде әскерге шақыруды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni .
Ол депутаттық сауалын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдады.
Бүгінде Қазақстан Қарулы күштері туралы әртүрлі пікір бар. Жағдай шиелінісіп тұр. Өкінішке қарай, мұны әскери борышын өтемеген, әскери салаға қатысы жоқ «диван сарапшылары» айтады. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, бос сөзге жол беруге болмайды. Сондай-ақ халық Қазақстан Қарулы күштеріндегі істің жайынан жақсы хабардар болуға тиіс. Бұл ұлттық қауіпсіздікпен және әскерге шақырушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты. Себебі, олар да біреудің баласы, ағасы мен туысы, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Константин Авершиннің пікірінше, әскер туралы шынайы ақпарат таратқысы келетін БАҚ өкілдерін ерікті түрде әскерге шақыру керек.
Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, «Қазақстанның жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы» Заңына сәйкес (кейінге қалдыру не басқа да негіздер бойынша) әскери бөлімдерде тиісті әскери-дәрігерлік комиссияны өткеннен кейін әскерге шақырылмаған азаматтады мерзімді әскери қызмет өтеу шарттары негізінде ерікті тәртіппен әскерде (1-3 ай) болу мүмкіндігін пысықтау керек. Бұл шара әскери қызмет туралы шынайы ақпарат таратқысы келетін мүдделі тұлғаларға: блогерлер, журналистер, қоғамдық пікір көшбасшыларына мүмкіндік беріп, олар әскердің атмосферасын сезіне алады. Қоғамға Қазақстан Қарулы күштері қатарынан репортаждар ұсынылады, - деді ол.
Оның пікірінше, бұл барлық ниет білдірушіге, нағыз патриоттарға елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Олар әскери қызметтің барлық қиындығы мен ауыртпалығын сезінетін болады. Менің ойымша, бұл олардың дүниетанымын өзгертеді. Осылайша, әскери қызмет туралы ақпарат тарататын тұлғалардың жауапкершілігі де артады. Сондай-ақ бұл шара қандай да бір жағдайға байланысты Отан алдындағы борышын өтемеген, қолына автомат ұстамаған адамдарға алғашқы әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік береді, - деді Константин Авершин.
Сөз соңында ол министр Руслан Жақсылықовтан бұл мәселені назарға алуды сұрады.
«Қорғаныс министрлігіне осы мәселені қарауды, нормативтік-құқықтық актілерге, Қорғаныс министрлігінің бұйрықтарына тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар дайындауды, қажет болса, азаматтардың әскери жиындардан өтуіне қатысты жаңа бұйрықтар әзірлеуді ұсынамын», - деді депутат.
Abai.kz