«Eurasian Book Fair-2023» кітап көрмесінде «Абай» баспасынан жарық көрген 23 кітаптың тұсаукесері өтеді
2023 жылдың 19-23 сәуірі аралығында Астана қаласында «Eurasian Book Fair-2023» кітап көрмесі өтеді. Оқырман қауым асыға күтетін көрме аясында бірнеше жыл бойы көркем әдебиет саласында сапалы кітап шығарып, авторлардың назарына іліккен «Абай» баспасы биыл жарық көретін 23 кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізеді.
Жыл басынан бері жарық көріп үлгерген кітаптар қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай хәкімнен басталып, әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен жалғасын тапқан. Сондай-ақ, бұл кітаптардың ішінде оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар.
«Абай» баспасы 23 кітаптың ішіндегі 15 көркем әдебиетті әлемдік сұраныстағы кітап деңгейінде жасақтап шыққан. Яғни, заманауи үлгіде, минимализм дизайнда көркемдеп, қазақ балаларының қолына тигенде сөз құдіретін сезініп оқи алуы үшін қолайлы. Осы тұста оқырманның көзқарасы мен жаңашылдығын ескере отырып «Абай» баспасы бұл кітаптарды өз қаржысына басып шығарған. Жинақтардың біразы бұрыннан қалыптасқан форма мен түстер галереясын, тіпті мазмұны мен тақырыбын да бұзып-жарып, өз жаңа тартымдылығымен оқырманға жол тартпақ.
Қазақстың бас ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...» деген атпен, қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, поэзиясы қазақ әдебиетіне ғана емес, түркі тектес халықтар әдебиетіне де үлкен ықпал еткен бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран» атты атаумен басылды.
Қазақтың ақиығы, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтың кез келген жырындағы сағынышы «Сағыныш» деген кітап боп қолға тимек.
Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш та осы жинақтардың салмағын арттырып тұрса, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин деп жалғаса береді. Солардың ішінде бүгінгі күннің бетселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта жарық көрген.
15 кітаптан бөлек таныстырылғалы отырған 9 жинақ Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен «Абай» баспасынан жарыққа шыққан. Олар – «Көзімнің қарасы» (Е. Шүкіман), «Ұлттың ұлы ұстазы» (ұжымдық жинақ), «Әуезов әлемі» (“Қазақ әдебиетінің" кітапханасы” атты жаңа топтаманың тұңғыш томы), «Эпикалық жыршылық» (Б. Жүсіпов), «Әуестік әлемі» (Қ. Мұқаш), «Ақын жары» (С. Айбергенова), «Қараш батыр» (З. Әбдешев), «Құт» (Қ. Мұқаметқали) және «Волшебник» (О. Әубәкіров).
1. Еркін Шүкіманның «Көзімнің қарасы» жинағына хәкім, ойшыл, композитор Абай Құнанбайұлының әндері мен күйлері жинақталып, домбыра бұрауына лайықталып нотаға түсіріліп берілген. Еңбектің басты жаңалығы – өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін жинақталған ақынның музыкалық мұраларының түр-нұсқалары салыстырылып, бұрынғы-соңғы жарық көрген жинақтар мен ғылыми еңбектердегі және мұрағаттардағы материалдар негізінде кең ғылыми түсінік берілуі.
2. «Ұлттың ұлы ұстазы» атты Алаштың ақылманы, біртуар ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған осынау ұжымдық жинаққа кейінгі жылдары мерзімдік баспасөз беттерінде және ғаламторда жарияланған танымдық мақалалар, тұщымды толғамдар, сан алуан сұхбаттар, ғылыми зерттеулер мен мерейтой қарсаңындағы іс-шаралар жайлы шолулар, арда ақынның өз туындыларының бір бөлігі топтастырылды.
3. «Әуезов әлемі» жинағы ұлы қаламгердің туғанына 125 жыл толуына орай дайындалған ұжымдық жинақ. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің асыл мұрасына арналған танымдық кітап – “Қазақ әдебиетінің" кітапханасы” атты жаңа топтаманың тұңғыш томы. Бас әдеби басылымның беттерінде кейінгі жылдары жарық көрген түрлі мақалалар мен толғамдар, сан алуан зерттеулер мен сырлы сұхбаттар, мерейтой қарсаңында атқарылған іс-шараларға қатысты шолулар мен сирек суреттер бұл баянды жобаның мазмұнын байытып, кітаптың көркемдігін арттыра түскені анық.
4. Фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Эпикалық жыршылық» жинағында қазақ эпостану ғылымы кенже зерттеген күрделі сала – эпик жыршы жанды орындау сәтінде пайда болатын туындатпа және шығармашылық егіз қосарланудың импровизация жасап, вариациялау барысында мәтін мен музыкада көрініс табу үдерісі, оның толайым эпикалық шығармашылыққа әсер ету мәселесінің тарихи, теориялық, техникалық, тәжірибелік ерекшеліктері эпикалық жыршылық құбылыс сақталған халықтардың дәстүрімен салыстыра, салғастыра зерделенген.
5. Өнер адамдары шығармашылық лабораториясының талай қырын аңдауға болатынын тілге тиек ететін Құлтөлеу Мұқаштың «Әуестік әлемі» кітабы елдің үлкенді-кішілі тұлғаларының, белгілі ақын-жазушылар мен өнер адамдарының қол бостағы түрлі ермегі, әуестігі жөнінде әңгімеленеді.
6. Салтанат Айбергенованың «Ақын жары» кітабы көпшіліктің қалауы, оқырманның сұранысы бойынша, қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергеновтың асыл мұрасын төкпей, шашпай халыққа тарту еткен, мәуелі ағаштай бес баласын жеткізген, ақынның өмірлік жары болған Үрниса Айбергенованың бастан кешкен қызығы мен қиыншылығы мол өмірі, әдеби орта, араласқан айналасы жайында. Бүгінгі бұл естелік, ертеңгі тарих. Мұндағы айтылған әңгімелер, қызықты оқиғалар, қаралы күндер қасіреті, ақынның шығармашылығының шығу тегі Үрниса Оспанқызының өз аузынан және жазып кеткен жазбаларынан алынды.
7. Заманбек Әбдешевтің «Қараш батыр» кітабына енгізіліп отырған қырғыздың ауыз әдебиеті нұсқалары халықтың ой-арманын, бақытты тұрмыс үшін қажымас күресін, қайғы-мұңын, қуаныш-сүйінішін, адамның жасампаз еңбегін, ақыл-парасатын, ерлік рухын, адал қарым-қатынастарын, махаббатын дәріптейді. Қырғыз ертегілері көркем бейнелеу бояуларының сонылығымен оқырманды еріксіз баурап алады.
8. «Құт» – ақын Қалмаханбет Мұқаметқалидың қаламынан туған екінші кітап. Бұған дейін жарық көрген «Гүл» лирикалық жинағы мен «Күлкі мен Түлкі» балаларға арналған кітабын оқырман жылы қабылдаған еді. Ал ақынның бұл жинағына бұған дейін баспа бетін көрген өлеңдерімен қатар жаңа туындылары жинақталды. Әрбір туындысында қазақы рухты, қадір-қасиетті, ізгілікті дәріптейтін автордың бұл туындысы да оқырмандардың жүрегінен орын алары сөзсіз.
9. Сатира саласы – екінің бірінің тісі бата бермейтін жанр. Атап айтар болсақ қазақ сатирасына Оспанхан Әубәкіровтің қосқан үлесі ерекше. Қазақ әдебиетінің сатира жанрында өз қолтаңбасын қалдыра білген авторды қазақ оқырмандары жетік білгенмен, өзге ұлт өкілдерінің Оспанхан шығармашылығымен танысуға мүмкіндік аз еді. Сол олқылықтың орынын толтыру үшін Оспанхан Әубәкіровтың «Волшебник» атты жинағын, яғни орыс тіліндегі аудармасы оқырманға жол тартқан.
«Абай» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптар оқырман талғамына сай жасалған. Тартымды дизайн, сапалы түр мен өлшем, ыңғайлы форматы кітапсүйер қауымды қуантады деп сенеміз.
Қосымша. «Eurasian Book Fair-2023» кітап көрмесіне Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан 70-нен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысады. Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну; әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу, әртүрлі халықтардың ұлттық әдебиеттерімен таныстыра отырып, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайту, байланыс орнату және баспа саласындағы жетістіктерді көрсету.
Өтетін орны: Астана қ, Мәңгілік ел 53/1, «EXPO» халықаралық көрме орталығы
Уақыты: 19 сәуір, сәрсенбі, 15:00-16:00
Қосымша ақпарат: +7 707 934 9131 (Нұртас)
Abai.kz