Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4705 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 12:28

«АРМЯН ГЕНОЦИДІ» ЖӘНЕ АНКАРА

Әлемдік саясатқа ықпалды армян диаспорасы Анкараға «армян геноцидін» мойындата алмай әлек. «Осман империясы 1 млн. армянды аяусыз қырып-жойды» деген айыптауды мойындауға түріктер жағы әзір аса құлшынып отырған жоқ. Бірақ келісе отырып, ортақ шешімге келуге қарсы емес.

Әлемдік саясатқа ықпалды армян диаспорасы Анкараға «армян геноцидін» мойындата алмай әлек. «Осман империясы 1 млн. армянды аяусыз қырып-жойды» деген айыптауды мойындауға түріктер жағы әзір аса құлшынып отырған жоқ. Бірақ келісе отырып, ортақ шешімге келуге қарсы емес.

Сәуір туғаннан-ақ түрік пен армян арасы ширыға түседі. Оның себебі, сәуірде армяндар осыдан 98 жыл бұрынғы Осман империясы кезінде құрбан болған қандастарын еске алады. Түркия үкіметі «армяндар геноцидін» мойындаған жоқ. Алайда, Жер шарының бірнеше мемлекеті Осман империясы кезіндегі армян геноцидін мойындады. Мәселен, 1965 жылы алғаш рет Уругвай қолға алса, арада 30 жыл өткенде оны Ресей қолдады (1995). Одан кейін армяндарға қолдау көрсеткендер - Кипр, Италия, Ватикан, Франция, Германия, Голландия, Бельгия, Польша, Литва, Словакия, Швеция, Швейцария, Греция, Ливан, Канада, Венесуэла, Аргентина, Чили. Армян геноцидін сондай-ақ, Еуропалық парламент пен Бүкіләлемдік шіркеулер кеңесі де мойындап, АҚШ-тың 50 штатының 42-сі жыл сайын 24 сәуірді Армян халқының геноцид құрбаны болған күні ретінде еске алуды дәстүрге айналдырған. Еуропаның бірнеше мемлекетінде армян геноцидін жоққа шығарғандарды заң жүзінде жазаға тартуға шешім қабылданыпты. Сейсенбі күні Лондон қаласында армян геноцидінің құрбандарын еске алу мақсатында шеруге шыққандар Дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіш басына жиналды. Ресейлік сарапшылардың бірі Александр Крыловтың пікірінше, Анкараның армян геноцидін мойындамауына бірнеше себеп бар. «Біріншіден, геноцидті мойындатудың арқасында армяндар мен армян диаспорасы ежелгі жер дауын қозғауы мүмкін. Бұл Түркияның ішкі саясатына, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп. Екіншіден, армяндар қауымы Түркия билігінен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде зардап шеккен еврей халқына германия тарапынан төленген қаражат көлемінде қаржылық өтемақы талап етуі мүмкін. Егер геноцидтің құрбаны болды дегендердің саны 1 млн. адамнан асатынын ескерсек, бұл да орасан зор көлемдегі шығын болмақ. Тіпті, түріктер елін қаржылық дағдарысқа ұшыратуы да мүмкін. Үшіншіден, Армания мен армян диаспорасы өтемақыны өндіріп алу мақсатында Түркия мен оның басқа елдерде жүрген азаматтарына тиесілі барлық мүлікті тәркілеуді талап етуі мүмкін. Бұл да түріктер үшін тиімсіз. Өйткені әлемдік сахнадағы саяси және қаржылық беделіне нұқсан келтіреді».
Еуропалық Одақ бүгінде тарихи әділетсіздіктер мен олқылықтардың орнын толтыруға талпынуда. Алайда Еуропа елдері өздері жіберген қатыгездік пен кемшіліктерді ашық мойындауға құлықсыз. Мәселен, 2011 жылы Ирландияға ресми сапармен барған ІІ Елизавета ғасырлар бойы ирландықтарды езгіде ұстаған ағылшын әскерлерінің қанішерлігі үшін кешірім сұрап, қынжылған жоқ. Тек «екі елдің де жоғалтқаны көп болды, жүрекке салған жара мен тұрақсыздық екі елді де титықтатты» деп жақауратқан. Есесіне, мыңдаған ирландық мәртебелі қонақтан бірауыз жылы сөз күткен еді.
Қазіргі таңда армян геноцидіне қатысты әңгіменің күшейіп келе жату себебі, саны аз болса да, салмағы көп армян диаспорасы әлемдік саясатта ықпалды. Жер шарының түкпір-түкпіріне тарап кеткен армяндар әсіресе, АҚШ, Франция, Германия сияқты басқа да дамыған мемлекеттерде басымдыққа ие. Солардың бастамасымен, ХХ ғасырдың соңында «Армяндар геноцидін жұмсартып мойындау» туралы мәселе көтерілген. Ол құжатта қазіргі Түркия емес, Осман империясы кезінде армяндарды жаппай қырып-жойған қатыгездікті мойындатып, Армения тарапынан Түркия орындай алмайтын талаптарды қойдырмау қарастырылған. Бірақ уақыт өте келе, екі тарап та мұндай «жұмсақ мойындауды» қабылдауға дайын еместігі анықталды. Оның үстіне, халықаралық деңгейдегі араағайындардың екі жақты келістіруге ұмтылған талпынысы, шамадан тыс белсенділігі «артық қылам деп, тыртық қылыптының» керін келтірді. Армяндарға қатысты мәселедегі түрік қоғамында азаматтардың пікірі мен ұстанымы екіге жарылған. Түркияның «Zaman» газетіне сұхбат берген түрік тарихшысы Танер Акшам геноцид туралы халықтың көпшілігі бейхабар, бірақ «армян геноцидін» жоққа шығаруға болмайды» деген ұстаным білдіріпті: «танымал құқық қорғаушы Рафаел Лемкин 1915 жылғы қанды оқиға негізінде айналымға «геноцид» ұғымын енгізді. Түркияда бұл туралы білетіндер аз. Лемкин өз естеліктерінде армяндардың басынан өткен жағдайды әңгімелеу үшін «геноцид» терминін қолданғанын айтқан. Демек, «геноцид болды ма, жоқ па?» деген мәселені қаузау - қисынсыз». Танер Акшамның айтуынша, 1928 жылы Түркияның Бас штабы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі адам шығыны туралы есеп жариялаған. Сондағы деректерге сүйенсек, соғыс кезінде 800 мың армян мен 200 мың грек қаза тапқан: «Бұлардың арасында 1918 жылы жарылыстардан, аштық пен аурудан көз жұмғандар жоқ. Ажал құшқандардың жалпы саны 1 млн.-ға жетеді. Біз, түріктер, тарихта болған оқиғаны ашық айтуды үйренуіміз керек. Ең бастысы, жанға түскен жараны түсінуге тырысып, жанымыз ашуы тиіс. Армяндардың басынан өткен қасіретті олардың өз аузынан естуіміз қажет. Біздің үкіметіміз бұл проблеманы шешуге мүдделі». Тарихшы дұрыс айтады, ресми Анкара армяндар дауын шешуге бір емес, бірнеше рет мүдделілік танытты. АҚШ-тағы БҰҰ мүшелері жиналған бір жиында Түркия премьері Реджеп Тайип Ердоған қит етсе, армяндар мен христиандарға қатысты проблемалардың кесе-көлденең шығатынына қынжылды: «Біз архивтерімізді зерттей келе, 1 млн. құжатты таптық. Бұл жерде Арменияның премьер-министрі отыр. Мен 2005 жылы Арменияға ұсыныс жасағанмын. «Қолдарыңызда геноцидке қатысты құжат болса, көрсетіңіздер, үшінші тараптан табылса, тіпті жақсы» деп. Археолог, тарихшы, саясаттанушы, құқық қорғаушылар арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осының нәтижесінде біз, яғни, саясаткерлер ортақ шешімге келейік. Бірде бір тексеру не зерттеу жүргізбей, түріктер тарапынан армяндарға қарсы геноцид ұйымдастырылды деген айып тағу - жаңсақтық», - деді. Түрік премьері армяндар мен басқа да тараптарды бірігіп әрекет етуге шақырды: «Біздің дінімізде, мәдениетімізде жаппай қырып-жою жоқ, болған да емес. Оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай алмаймыз. Қолдарында бар деректерін шығарсын, дәлелдесін. Әйтпесе, Жер шарының түкпір-түкпірінде Түркияға күйе жағуды көздеген әрекеттерден тыйылсын. Дәлелдер мен дәйектерсіз біз құр айыптауларды қабылдамаймыз». Түріктер мен армяндар арасындағы достық қарым-қатынасты реттеуге күш салып жүргенін ескерткен Ердоған: «Мен билік басына келмей тұрғанда екі елдің әуе жолдары жабық болатын. Армениядан Стамбұлға тікелей қатынайтын рейс аштық. Екіншіден, Ван қаласындағы бір ауылда армяндардың шіркеуі қирап қалған еді. Оған күрделі жөндеу жасадық. Қазір Түркияда Армениядан келген 40 мыңнан астам адам бар. Олар Түркия азаматы емес, Жер шарының түкпір-түкпірі мен Армениядан көшіп келген армяндар. Егер Түркия қанішер ел болса, 40 мың армян біздің елді бас сауғалар ма еді? Елдегі армян отандастармен арада ешқандай кикілжің не түсініспеушілік жоқ. Бірақ оған қосымша 40 мың армян неге менің еліме келді? Оның жауабын өздеріңіз беріңіздер». Ердоған айтқан тағы бір уәж Таулы Карабахқа қатысты. «Минск саммитінде Таулы Карабахтағы қанды оқиғада армяндардың әзірбайжандарға қарсы геноцид ұйымдастырылғаны айтылды. Ендеше неге әлі күнге ол жерден армяндар кеткен жоқ?» деп ашуланған ол тарихи мәселелерді шешуде әділеттілік болу керектігін ескертті.

Әлбетте, ұшақ қатынасы, мәдени саладағы ынтымақтастық, Түркиядағы армяндар диаспорасына жағдай жасау - Анкараның ішкі міндеті. Бірақ Армениямен арадағы шекара ашылмайынша, даулар мен кереғарлық ширыға түсетіні анық. Екіншіден, мемлекеттер басшылары бір-бірінен кешірім сұрап, сұрапыл жылдарда қаза тапқан жазықсыз жандардың бүгінгі ұрпағы алдында арын тазартып алуы тиіс. Ал армяндар тарапынан жүзеге асырылуы тиіс бір-ақ нәрсе - белсенділік. Яғни, дауды шешуге құлшынған Анкараның мүдделілігінен Ереван да қағыс қалмағаны абзал.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364