Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
2626 32 пікір 2 Мамыр, 2023 сағат 12:52

Орыс тілі жылы: Өрісі кеңейді ме, тарылды ма?!

Былтыр Астанада өткен ТМД елдері президенттері кеңесінің басқосуында президент Тоқаев «Халықаралық орыс тілін дамыту қорын құру», «2023 жылды - орыс тілі жылы етіп белгілеу» сияқты бастамалар көтеріп еді. Президент орыс тіліне жасалатын мұндай қамқорлықтың Ұйымға мүше елдердің серіктестігін одан ары дамытатынын алға тартқан.

«Май тілесең, міне құйрық» дегендей ТМД Бас хатшысының орынбасары Дәурен Абаев күні кеше Минскіде өткен «Қазіргі екітілді кеңістіктегі орыс тілі» атты Халықаралық ғылыми конференцияда «Орыс тілі – ТМД аумағындағы ұлтаралық қарым-қатынастың басты құралы», деп мәлімдепті. Абаев орыс тілінің ТМД көлемінде адамдардың бейресми байланыс орнатуына, мәдениетін таратуға мұрындық болып отырғанын алға тартып, қазіргі күні орыс тілінің қарқынды даму үстінде екенін жеткізіпті. Ол аз десеңіз «2023-жыл – орыс тілі жылы» аясында гуманитарлық, ғылыми, білім беру және ағартушылық маңызы бар 150 іс-шара жоспарланыпты.

Дәурен мырзаның Қазақстанның Ақпарат министрі болып тұрғанында өзге ұлт өкілдерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен қоғам белсенділерінің әрекетін – «Үңгірдегі ұлтшылдыққа» теңеп, «Қазақстандықтардың 95 пайызы орысшаға судай ағып тұр» деп, орыс басылымдарына ақталғаны бар. Абаев мырза Қазақстандағы өз аузынан шыққан «95 пайыздық көрсеткішті» енді Тәуелсіз елдер достастығы елдеріне ортақ етіп көрсеткісі келіп отырған сияқты.

1991 жылы Кеңес одағы құлап, қызыл идеология көсемдерінің «бір ұлт - бір тіл», «орыс тілі коммунизм тілі болады» деген мифтерінің тас-талқан болғаны жұртқа аян. Қазіргі ТМД құрамындағы Еуропаға жақын Белорусьті айтпағанда, Еуроодаққа кіруге талпынып отырған Молдованың «кеңестік үлкен семьяны» білмейтін жаңа буын жастарының, саясаткерлерінің орыс тілін біздегідей біледі дегенге күмән бар. Ел аман, жұрт тынышта орыс әліпбиінен бас тартып латынға көшкен біздің өзбек, әзірбайжан бауырларымыздың өскелең ұрпағы, күні кеше парламентіне қырғыз тілін білмейтіндерді мемлекеттік жұмысқа алмайтын заң қабылдатқан айыр қалпақты ағайындардың асау азаматтары Дәурен мырзаның пікірімен келісе қояр ма екен?!

Иә, Қазақстанн "орыс тілінің екінші отаны" болып тұрғаны даусыз. «Егемендік алдық» деп алақайлағанымызбен Назарбаевтың «сарабдал саясатының» арқасында орысша түс көретін кещегі коммунистер мен комсомолдар «демократтар» мен «ұлттық буржуазияға» айналып, елдің заттық және рухани байлығын иеленіп алып, тәуелсіз мемлекеттің медиа ресурсын орыс тіліне бейімдеп, ұлттық мемлекетке айналу барысына балта шапті. Соның кесірінен орыс мәдениетіне адалдық жағынан "Иван" көршіміздің славян бауырларын да артта қалдырдық. Тілі, саяси-рухани тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан украиндарды мұқатуға құмар, Кремлшіл буын тәрбиеледік. Атын өзгерткен "Коммунистік партиядан" тартып, «Ақ жол», «Аманатқа» дейін. Әбілдаевқа енді Анна ханым қосылды. Отаршыл озбырлықтың кесірінен өз жерінде азшылыққа айналған халқымыздың саны әупірімдеп 70 пайызға жетті. Орыстар 15 пайыз болып, азайды. Басқа елдердегі жағдай да осындай. Бірақ билік әліде бұл фактімен санаспай отыр.

Қорыта келе айтарымыз ТМД құрамындағы демократиялық жолға түскен санаулы елдерді айтпағанда, басқа елдердің басшысы дерлік кеңес заманын көргендер, батыстың демократиялық сайлау жүйесінен қарадай қорқатындар. Орыс тілінің ТМД дағы рөлін жаңарған халықтың шынайы қалауы дегеннен гөрі Мәскеу көрген басшылардың саяси шешімі деп бағалаған дұрыс болар еді.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

32 пікір