Құлыбаев әлде Жұманғарин: Санкцияға кім ілігеді?
Еурокомиссия бүгінгі отырысында санкциялардың 11-ші пакетін талқылайды. Комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің ұсынысымен таныс Reuter дереккөзі, Қытай, Қазақстан, Иран мен Өзбекстанның бірқатар сауда компанияларына санкция салу мәселесі нақты қарастырылады дейді. Нақты қай компанияға санкция салынатыны туралы ақпарат жоқ, деп жазды Dalainside.
Польша мен Литва "Қазақстанның сауда қатынасына жауапты шенеуіктеріне де санкция салайық" деген қатқыл ұсыныспен шыққан. Әңгіме - ҚР Вице-Премьері, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин туралы жүрген сияқты. Бірақ оған Нидерланды, Италия мен Франция өкілдері қарсы болды. Осы үш елдің Қазақстанда активтері мен инвестициялары бар екенін ескерсек, олардың Ақорданы ренжіткісі келмейтінін аңғаруға болады.
Жалпы, Польшаның Қазақстанды аса жақтырмайтыны байқалады. Бір ай бұрын Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын беруді қиындату осы Польша жақтан шыққан бастама еді. Ресми Варшава Қазақстанға сыни көзбен жиі қарайды. Оның нақты себептері белгісіз.
Жұманғарин бе, Құлыбаев па? Қайсысы санкцияны бірінші алады? Экс премьер Әкежан Қажыгелдиннің Вашингтонға барып, отандық олигарх Тимур Құлыбаевқа санкция салуын сұрайтыны бойынша жазған болатынбыз. Оны АҚШ қанағаттандыра ма, әлде Қажыгелдиннің меселін қайтара ма, уақыт көрсетеді.
Уақыт бәрін орнына қойды. Енді біз оларға емес, Батыс бізге қарап: "Жынымды келтірмеңізші" деп тұрған сияқты.
Abai.kz