Жұма, 22 Қараша 2024
2355 0 пікір 1 Маусым, 2023 сағат 09:00

Құмар ойынға құрық салу жарнамамен өлшене ме?

«Құмар ойынның, жалпы букмекерлік ұйымға қатысты жарнамаға шектеу қою». Соңғы аптада қоғамды дүр сілкіндірген мәселенің бірі осы. Мәжіліс бастады, министрлік қоштады. Көшеде ойын бизнесіне жарнама жасауға тыйым салу көзделді. Сырт көзге бәрі қисынды сияқты. Бірақ түйткілдің төркініне үңілген жан мұның тұңғиыққа батырар теріс жағын байқайды. Бұған аса «көрегендік» керек емес, жай ғана шетелдің тәжірибесіне көз жүгіртсек болғаны.

Жарнамаға шек қою – мәселенің шешімі ме?

Қазақстандағы жарнама нарығының драйвері букмекерлік ұйымдар екен. Сараптамалық деректер осылай дейді. Орталық Азия жарнама қауымдастығының (ОАЖҚ) сарапшылар комиссиясының зерттеуінше, букмекерлік ұйымдарқазақстандық жарнама нарығында басты орында. Ал радио мен сыртқы жарнама секілді сегментте үштікке (қаржы ұйымдары, букмекерлік ұйымдар және құрылыс компаниялары) кіреді. Мінекей, осыған қарап-ақ жарнама нарығының қанша пайызы букмекерлік, жалпы ойын саласына тиесілі екенін бағамдауға болады. Егер бұл жарнамаға құрық салынса, нарыққа өте ауыр соққы болары айтпаса да түсінікті. Басқаша айтсақ, мұның артында ондаған жарнама агенттігі мен мыңдаған жұмысшы тұр. Ең сорақысы, қызды-қыздымен «зерттеудің де қажеті жоқ»деп салған мінбердегілер «керемет жаңалықтың» салдарын біле ме екен?

Бір басын шапсаң, екіншісі сопаң етеді

Бір басын шапсаң, екінші басы сопаң етіп, тілін ысылдатып шыға келетін жеті басты айдаһар жайлы ертегіні бәріміз білетін шығармыз. Қазақстандық букмекерлік ұйымның жарнамасына тыйым салу – шетелдік құрылымдардың қаптауына жол ашу деген сөз. Тарқатып айтайық. Мамандар ойын бизнесінің жарнамасы еш жерден жылт етпеуі керек деп санайды. Көшеде, БАҚ-та, теледидарда, интернетте... Әсіресе, балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ойын бұзады-мыс.

«Құмар ойын жеке тұлғаны қалыптастыруда жақсы нәрсе емес, сондықтан біз мұндай билбордтар мен плакаттарды балалар мен жасөспірімдерге көрсетпеуіміз керек деп санаймыз. Әрі бұл жарнаманы телеарналардан алып тастау керек, өйткені халық көбінесе бүкіл отбасымен теледидар көреді», - деді «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары Тұрсын Джагапарова.

Джагапарованың пікірінше, құмар ойынның сыртқы жарнамасын ересектер ғана емес, балалар да оп-оңай көре алады. Бұл дұрыс емес, өйткені ставка мен ұтысқа байланысты дүниелер кәмелетке толмағандарды баурауы мүмкін. Жә, солай-ақ болсын! Бірақ мұның артынан тағы бір мәселе қылаң береді. Балалардың қай жерде, қандай ресурсқа бәс тігетінінен белсенділер мен ата-ана бейхабар. Бір анығы, елімізде заңды түрде жұмыс істейтін лицензияланған букмекерлік кеңселеремес. Тағы бір анығы, заңды ойын мекемесін жарнамалауға тыйым салынғанымен, заңсыз жарнаманың жоғалып кетпейдіғой.

Бұдан қандай қорытынды шығады? Әрине, тұтынушы ешқандай ережесі жоқ астыртын немесе «оффшорлық»компанияларға ден қояды. Айтпақшы, заңсыз құрылымың бір жүрген жалмауыз. Қармағына оңай түсіреді. Жасқа да, басқа да қарамайды, жеке басты растаусыз тіркейді, заңмен белгіленген ережені елемейді. Құмар ойынды желіде, YouTube-та, түрлі сайтта т.б. ресурста ашықтан-ашық жарнамалайды. Алда-жалда уәкілетті органдар мұндай сайтты бұғаттаса да, бірер сағаттан соң көшірмесі пайда болады.

Шетел шетін мәселенің шешімін тапты ма?

Алысқа бармай-ақ, әлеуметтік климаты, өмір сүру деңгейі, менталитеті бойынша Қазақстанға ұқсас Грузияны алайық. Грузияның ойын индустриясы саласына шетелдік инвесторлар көп. Грузияның құмар ойын бизнесі қауымдастығының басшысы Георгий Мамулаишвили мұны тұрақтылықпен байланыстырады. Яғни, саланы реттейтін заңнама жыл сайын өзгермейді, сол себепті инвестор өзін қауіпсіз сезінеді. Бұған қоса, Қазақстандағыдай Грузияда да ойын бизнесі үшін еркін экономикалық аймақтар бар, олардағы айналымның белгілі бір мөлшеріне салық салынбайды. Лицензия да тегін, салық салынбайды.

Ал жастардың құмар ойынның шырмауына түспеуін қалай реттеп отыр? 2019 жылы Грузияда кәмелетке толмағандардың бәс тігуін шектеу үшін барлық ойыншыны тексеру менсәйкестендіру енгізілді. Ең қызығы, ойын бизнесін теледидарда ғана жарнамалауға тыйым салынған. Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарады. Сарапшылар бұл елге келген туристердің демалыс кезінде ойнауына, шетелдік азаматтарды тартуда маңызды дейді. Жарнамаға тыйым салу нарықпен қатар, ойыншылардың қауіпсіздігіне кері әсер еткенін көрген. Себебі белгілі, заңсыз, астыртын ойын құрып кеткен жоқ, заңды бизнеске салынған тыйымды заңсыз құрылымдар өз мүддесіне пайдаланды.

Грузия экономика министрлігінің статистикасына сәйкес, бір жылда Грузиядағы ойыннан шетелдік субъектілерге аударымдар еселеп өсті. 2021 жылы елден шетелдік контрагенттерге 120 миллион лари (35-37 миллион доллар) аударылды. 2022 жылы 1 қаңтардан бастап букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамалауға тыйым салынған соң бұл көрсеткіш 10 есе артты – 1,11 миллиард лариге (350 миллион доллар) жетті.

«Қазір біздің қауымдастық осы мәселелер бойынша мемлекеттік құрылымдармен келіссөздер жүргізуде, өйткені мемлекет бұл дұрыс қадам емес екенін көрді. Ең әуелі көлеңкелі нарықтың артуы салықты жоғалтатын бюджеттің өсуіне әкелді. Бірақ ең бастысы, көлеңкелі нарық тарапынан қоғамға төнген қауіп-қатерлер артты, өйткені интернетте көптеген ойын порталында жұмыс істейтін заңсыз мекемелерде қорғаныс жоқ. Онда кәмелетке толмағандар емін-еркін ойнай алады, ал ұтысты төлемеген жағдайда ешкімге ештеңе дәлелдей алмайсыз. Қазір біздің қауымдастық жарнаманы реттеу саласындағы заңнаманы пысықтау туралы алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізді, бұл тек ойын саласына емес, нәтижесі ұқсас өзге де салаларға да қатысты», - дейді Георгий Мамулаишвили.

Құмар ойынға құнықтырған жарнама емес!

«Құмар ойыншыларды құнықтырып жатқан жарнама емес!». Ойын бизнесінің өкілдерінің уәжі осы. Ойынның ойсыз әрекетке айналмауы – әрбір азаматтың жауапкершілігінде. Сала мамандары бәс тігуді оңай олжа деп қарамауға кеңес береді. Айтса айтқандай, жарнаманың жаман әдетке қатысы жоқ. Темекі өнімдері мен алкогольге тыйым салынғанымен, темекі шегетіндер мен ішімдік ішетіндер азайған жоқ қой. Бұл да тура солай. Құмар ойын адамның жасына қарамайды. Тыйым салынған соң адамның зейіні көлеңкелі нарыққа ауатыны заңдылық. Ал бұдан шетелдік құрылымның бүйірі шығып, табысы бірнеше есеге артады. Мұны Грузияның шотынан шыққан қыруар қаржыдан көруге болады.

«Лицензияланған букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын тұқыртып, біз астыртын ойынның қармағына түстік. Енді біздің еліміздегі бәс тігетін адамдар кәсіби отандық мекемелердің жарнамасын білмейді, бірақ әлеуметтік желіде «оффшорлық» ойын сайттарының жарнамасын көреді», - деді Георгий Мамулаишвили.

Бүгінде Қазақстандағы ахуал Грузияға қарағанда әлдеқайда нашар деген пікір бар. Alem Research аналитикалық компанияның зерттеуінше, 2022 жылы лицензияланған қазақстандық букмекерлік кеңселердің, ойын залдарының, казинолардың жарнамасы Қазақстандағы ойын бизнесі жарнамасының жалпы көлемінің 15%-нан аспады. Есесіне, мұндай жарнаманың 85-90%-ы Қазақстанда заңсыз жұмыс істейтін шетелдік онлайн букмекерлік кеңселерге, казиноларға тиесілі екен.

Егер заңды мекемелердің жарнамасын ақпарат кеңістігінен толық алып тастасақ, дәл сол Грузияның кебін киеміз. Себебі заңсыз құрылымдардың жарнамасы жойылып кетпейді. Бұл контент билбордта, теледидарда емес, ешбір заңға бағынбайтын шетелдік домені бар сайттарда, топтарда, әлеуметтік желілерде желдей еседі.

Тиісінше, біз Грузияның кебін киюіміз бек мүмкін, ол кезде құмар ойынға құмартқандар елдегі лицензияланған, кәсіби ойын бизнесін білмейді. Ал заңды букмекерлік кеңсенің сайттары немесе ойын залы кәмелетке толмаған баланың бәсін қабылдамайды. Бұған қоса, елімізде заңды ойын мекемесінде жауапты ойын атты опция бар, бәстің көлеміне, аптаға, айға, ойынға жұмсалатын уақытқа және т.б. лимитті өзіңіз белгілейсіз, қаласаңыз, белгілі бір мерзімге дейін өзіңізді ойыннан аластата аласыз. Қорыта айтқанда, сырт көзге жеңілкөрінгенімен, ойын бизнесі саласын реттеудің біз білмейтін қалтарыс-бұлтарысы көп. Бұған сараланған әрі жан-жақты ойластырылған шара керек.

Сурет: ғаламтордан

 Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279