Қостанай: Путиншіл арандатушыларға сот жоқ па?
Соңғы кездері елімізде сепаратизм ауруына таза арандатушылық секілді жаман үрдістер қосылып, жұршылықты ала тайдай бүлдіріп жүр. Біз, мәселен, мына бір тосын жаңалықты айналып өте алмадық.
Қостанай облыстық прокуратурасының мәлімдеуіне қарағанда біздің өңірде әлеуметтік желіде «қасиетті Ресейді» ата жаудан қорғап, «ұлтшылдар ордасы» - Украинаны тұп-тамырымен құртуға бағытталған «Ұлы отан соғысына» белсене қатысуға шақырған әртүрлі үндеулердің көбейіп кетіпті. Сірә, бұл жергілікті сепаратистердің күзде Путиннің осы облысқа келетін тарихи сапарына деген жаңа бір үлкен желпінісі секілді. Бір өкініштісі, мұндай арандатушылықты бюджеттен жем жеп, жаман үйренген жергілікті баспасөз мүлдем көрмейтін де білмейтін секілді. Мұның сыртында тек бюджет ақшасын бөліп беруді ғана білетін облыстық қоғамдық даму басқармасы мұндай әрекетке тойтарыс беру өзінің тікелей міндеті екендігін мүлдем ұмытқан сыңайлы.
Ал мұны кейбіреулердің еркелігі есебінде қарап, мүлдем көңіл аудармаудың аяғы үлкен зардаптарға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Өйткені өздерін ұлы халық санайтындардың ішінде Путинге бүйрегі бұратындар тіпті аз да емес. Олардан әуелі сепаратистік пиғыл шығады, сосын үндемеген соң ашықтан-ашық арандатуға көшеді. Мұндай құбылыс, әсіресе, еліміздің Қостанай секілді терістік облыстарында ерекше белең алып отыр. Оған кей-кейде өздерін ерекше тәуелсіз санайтын газетсымақтардың осылардың қолтығына су бүркіп отыратындығын да ескерген жөн.
Мәселен, біздің Қостанайдағы «Наша газета» деген басылымда Аркадий Денисов деген ерекше белсенді автор бар. Ол жазған мақалаларында қазақ ұлтшылдарын үнемі «нациктер» деп атайды. Тұла бойын ұлылық ауруы әбден меңдеп алған бұл саясаткерсымақтың ойынша қазақ ұлтшылдары тек арандаутымен айналысқаннан басқа ешбір дені дұрыс нәрсе тындырмаған. Оның дәлелі есебінде біздегі ұлты орыс спортшыларды тізіп шығады. Қазақтардың өздерінің қолынан ештеңе келмеген соң, олар тек бұларға тамсанып, тек қол шапалақтаудан ары аса алмайтын көрінеді. Ал енді бұл автордың әлгіндей «аргументтеріне» қарсы мықты дәлел айтатын бірде-бір мақаланы кездестірген емеспіз. Бұл аталмыш газеттің өз ұстанымы ма, әлде Қостанайдың қазақтарының ішінде оған тойтарыс беретін бір адамның табылмағандығы ма, одан мүлдем хабарсызбыз. Алайда бізде той-домалақтарда немесе әртүрлі бас қосуларды өздерін ерекше ұлтжанды қылып көрсететін демагог белсенділер жетіп артылады.
Айтпақшы, осы Денисов деген кісіге жергілікті билік шаң жуытпайды. Оны айтасыз, өткенде бұған «Қостанай қаласының құрметті азаматы» деген айтулы атақ беріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы атақты алар кезде Аркадийдің: «Бұл, сірә, менің жергілікті билікті сынағаным үшін берілген құрмет шығар», - деп кекеткендігін қайтерсің?.. Алайда, терісі аса қалың жергілікті билік бұған мүлдем қыңқ еткен де жоқ.
Осылай үнсіз отыра бермекпіз бе?
Жайберген Болатов
Abai.kz