Мекеме мәліметіне қарағанда, ол жер телімдерін беруде және нысандардың құрылысына келісім беруде қызметін асыра пайдаланған деген күдікке ілінген.
Ресми мәлімдемеде күдіктінің аты-жөні айтылмаған. Бірақ жергілікті басылымдар Алматының Архитектура және қаланы құру басқармасында 20 жылға жуық істеген Алмасхан Ахмеджанов ұсталғанын жазып жатыр.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2020-2023 жылдары жеке үйлер құрылысы салынуы керек жер телімдерін көп қабатты үш тұрғын үй кешенін салуға заңсыз келісім берген.
Тергеу "жер телімдерінің кадастрлық бағасы төленбегенін" белгілеп, мемлекетке келтірген зиянды 307 миллион теңгеге бағалап жатыр.
Коррупцияға қарсы күрес қызметі күдікті тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынғанын мәлімдеді. Қазір бұл іске "басқа қызмет адамдарының" қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Алмасхан Ахмеджанов Алматының Архитектура және қаланы құру басқармасының (кейін Қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасы болып өзгерді) жетекшісі қызметіне 2018 жылы желтоқсанда тағайындалған. Ол қызметте 31 мамырға дейін істеген.
2 шілдеде әкімшілік сайтында аталған басқарма жетекшісінің міндетін атқарушы болып Нұрлан Боранбаев тағайындалғаны туралы мәлімет жарияланды.
Abai.kz