Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 2348 3 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 15:58

Ғасырдан да ұзақ жаз. Қазақ үмітін арқалаған Карачи

Сурет: Әлеуметтік желіден

2023 жылдың жазы қазақ халқына ауыр тиді. Тарихтағы ең аптап шілде - қазақтың біраз үмітін күйдіріп жіберді. Техногенді апаттар көп болды, біз өртендік, біз шөлдедік. Оның үстіне, көбімізге білдіртпей, мұнайдың арзандауынан экспорттық түсімдеріміз азая бастады. Нәтижесінде, сыртқы төлем балансында 2,7 миллиард доллар дефицитке тап болдық.

Қазір Қазақстан бөлмеден далаға ұшып шыға алмай, терезе алдында ызыңдап тұрған шыбынға ұқсайды. Әлемдік мұхитқа шығар жолы жоқ, қаржы жүйесі Батысқа негізделген, бірақ шекарасы батысқа қарсы екі державаның арасында қысылған, кез-келген кризис, эмбарго, санкцияларға гиперсезімтал ел үшін Қара теңіз арқылы әлемдік мұхитқа шығар соқпақ күн санап тарылып барады.

Сондықтан Пәкістан, оның Араб теңізінде тұрған Карачи портына қатынау перспективасы Қазақстанды көптен бері ойландырып жүрген. Бірақ ең құрығанда, бізге жақын Пешаварға жетіп алу үшін, Түркіменстан мен Ауғанстанды кесіп өту керек.

Тәліптің артын бағу

Қазақстан Талибан қозғалысын ресми мойындай қойған жоқ. Бірақ экспорттық-транзиттік мүдде қысса, онда дүниежүзіне танымал "қазақ дипломатиясы" іске қосылары сөзсіз. Оның классикалық формуласы: "мойындай отырып, мойындамаймыз", "мойындамаймыз, бірақ дей тұра мойындаймыз". Ауғанстанмен дос болмасақ, оңтүстік бағыт арқылы мұхитқа шығамыз деген арманның бәрі бекер.

Ия, бізге Талибанның героинді өкіртіп өндіріп жатқаны ұнамайды. Бірақ сол героиннен түскен долларға біздің астығымызды жоғары бағаға сатып алуға көніп отырғаны ұнайды. Біздің экспортқа шығатын бидайдың 70 пайызын сатып алушы - Ауғанстан. Сондықтан ол біздің ірі клиент.

Бұл ретте, министр Жұманғариннің жынына тиетін бір нәрсе бар. Тәліптер соңғы жылдары бізден дайын ұн сатып алуды азайтып, тек бидай алуды көбейткен. Сол арқылы оларда жер-жерде шағын диірмендер желісі дамып келеді. Өзбекстан да тура осылай істеген болатын. Есесінде, 2021-2022 жылдары біздегі бірнеше диірмен жабылуға мәжбүр болды.

Орыстар көршіден конкурентке айналды

Ресейге салынған санкция бізді әу баста күткендей басымыздан емес, бұтымыздан ұрды. Қазақстан сыртқа сататын позиция: бидай, мұнай, ферроқорытпа, металл, химиялық тыңайтқыш бойынша енді Ресей біздің клиенттерге жармасып отыр. Қазақстанның Иран, Ауғанстан, Пәкістан, БАӘ сынды шығыстағы дәстүрлі нарықтарына Ресейдің сауда өкілдері келіп, арзан бидай мен тыңайтқыш ұсынуда.

Және кезінде біздің бетімізге қарап отырғандардың көбісі енді Ресеймен достасуға қарсы емес сияқты. Әрине, бұл Nothing personal, it's just business, сондықтан Қазақстан бұл жағдайда логистикамен қатар, бәсекелеспен күресудің амалын қарастыруға мәжбүр болмақ.

Сондықтан тәліптерді Астанаға бизнес-форумға шақырдық. Қазақ-ауған бизнес отырысы бізге өте маңызды. Себебі, ауғандардың жаңа экспорттық контрактілерге қол қойғаны керек.

Ал стратегиялық тұрғыдан, трансауған логистикалық жобасы: Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржолы құрылысына араласқымыз келіп-ақ тұр. Пешавардан Карачи портына жету қиын емес. Қазақстан 2014 жылы Түркіменстан арқылы Иранға шығатын темір жолды салып тастаған болатын. Енді Түркіменстаннан Ауғанстанға жету үшін "Атамұрат - Акина" теміржолын қолдануды ойластыра алады.

Сердар факторы немесе скидка беретін президент

Өмір сүру оңай емес. Ауғанстан деп қоямыз. Бірақ ортақ шекара жоқ қой. Бізге Ауғанстанға жету үшін Түркіменстан керек. Сондықтан Сердар Бердімұхамедов (және оның папасы) - қазақ үшін стратегиялық тұлғаға айналып шыға келді. Қазір Түркіменстан Тургунди шекара бекеті арқылы өтетін жүктерге 30 пайыз жеңілдік беріп отыр. Біз үшін тіпті 40 пайызға дейін жұмсаруы мүмкін.

Қазақстан уақытпен жарысуда. Біз болашағымызды қазір айқындап тастағымыз келеді. Ресейге артқан үмітіміз ақталмады. Жаңа ғасырда жаңа жол іздеуге мәжбүрміз. Бірақ терезе алдында ызыңдаған шыбын ерте ме, кеш пе, далаға ұшып шығады екен.

Айбар Олжаев

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052