Адамзаттың Абайы
Қазақтың Абайы – әлемнің ой алыбы, бүкіл адамзаттың рухани ұстазы. Бұлтартпас дәлелдің бірі – бүгінде 38-ші қарасөз делініп жүрген «Ғақлиат-тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») трактаты. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп осы еңбегінде айтқан. Арабтың «тасдиқ» сөзі – «шындықты танып-білу», «хақиқатты бекіту» деген мағынаны білдіреді. «Шыннан өзге Құдай жоқ» (Шәкәрім). Сондықтан Абайдың күрделі туындысын «Құдайды таныту» кітабы десек те болады.
Даналық трактат – ұлттық брендіміз
Абайда проза кітап екеу. Әуелгісі – туған ұлтына арнап жазған насихат кітабы (оған Абай «Ғақлия» деп ат қойған). Біз сөз етіп отырған «Тасдиқ» – екінші кітабы. Ол – бүкіләлемдік ой-санаға қосқан үлесі. Бірақ 1933 жылы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен жарық көрген тұңғыш Толық жинақта қос кітап та төл атынан ажырап, «Қара сөздер» деген ортақ атпен топтасты (оған Мұхаңды қаһарлы уақыт мәжбүр етті). Осылайша, Абайда проза кітап екеу емес, біреу деген жаңсақ ұғым қалыптасты.
Сол себепті қара сөздер мұрасының жазылу мерзімі «шамамен 1891-1898 жылдар» делінуде. Шындығында бұл – әуелгі «Ғақлия» атты қолжазба кітапқа ғана қатысты мерзім. Ал даналық трактаты «Тасдиқ» кітабына Абай кейін кіріскен, атап айтқанда, оны 1899-1901 жылдары жазған.
Оған куә – әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» (1902) өлеңі. Аталған өлеңінде Абай «Тасдиқ» трактатында таратқан танымдарын ұғынуға жеңіл қылып, қайыра айтқан. Мысалға бесінші шумақты алайық. Оның басы – «Махаббатпен жаратқан адамзатты», әрі қарай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және Хақ жолы осы деп әділетті». Міне, осы сөздің мәнісін түсініктемелеу трактатта көлемі екі беттей орын алған. Ал өлеңде небары бір-екі жолмен ғана оңай, жеңіл түрде берілген.
Сөйтіп, «Тасдиқ» трактаты мен «Алланың өзі де рас...» өлеңі өзектес әрі тамырлас, екеуін тұтастықта қарастыруға тиіспіз. Олардың арасы төрт-бес жыл алшақ деген сөз ешқандайда сын көтермейді.
1899-1902 жылдары Абай хакім деңгейіне көтерілді, көңілі қайта түлеп, жаны жай тапты. Шыны сол, Тәңірінің өзіне нұр-шуағын төккенін сезінді, жалғыздықпен де мәңгілікке қоштасты. Абай шалқыған шабытпен жүрген осы кездерде қасында болған Әрхам Кәкітайұлы былай деп жазады: «Абай кей түнде ұйықтамайды, шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Аздан кейін шамды өшіріп жатып қалады, аздан кейін тағы шам жағып кітап оқып отырады».
Трактат кіріспеден, екі негізгі («Алла тағаланы танымақтық», «Өзін танымақтық» деген) және қорытынды («Жақсы менен жаманды айырмақлық» деген) бөлімнен тұрады. «Тасдиқ» мазмұнын түгесе баяндау бір кітапқа жүк болмақ. Төменде кіріспедегі бірер тезиске талдау жасаумен ғана шектелмекпін.
Бұрынырақта Абай: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды» (7-сөз) деген болса, осы пайымын трактат кіріспесінде тарқатып айтқан. Мысалға «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дей келе, балаға жарым-жарты емес, бүкіл болмыс қамтылатын, «һәмманы білетұғын» ғылым-білім керектігін ұқтырады.
Олар: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, жақсы менен жаманды айырмақлық» дейді. Ғылымның осы төрт тармағын бала үйренсе, білсе, ең болмаса шала, сонда ғана аты адам болмақшы. Әйтпесе «жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман» дейді.
Қалай ойлайсыз, ғұлама ғылым-білімнің рөлін өсіріп айтқан ба? Жоқ, олай емес. Алла тағаланың сегіз ұлық сипаты арасында ғылым бәрінен биік тұр. Осыны Абай ғылыми тұрғыдан тұңғыш дәлелдей келе: «Өзге сипаттар еш нәрсеге харекет бермейді, һаммаға харекет беретұғын ғылымның өзі» деп тұжырады. Міне, бұл – Абай жаңалығы. Айта өтерлігі, Құранның «Оқы, оқы және оқы» деген аяты мен «Қытайға барсаң да ғылым ізде!» деген хадистің мағынасы осымен өз түсінігін табады.
Ғұлама «Һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді» дейді. Себебі, адамның ғылымы – Алла тағала ғылымының зәредей бөлшегі. Демек, адамның ғылымы шексіз өркендеп, дами беруіне кедергі жоқ (төл ғылымын дамыту әр ұлттың парызы екендігі осымен өз түсінігін табады). Ғылым – барлық өркениеттің анасы. Баланың аты адам болуы үшін ол ғылым-білімді бүтін түрінде үйренуі керек. Кіріспе сөзінде Абай санамызға сіңдіретін басты ой-пайым осы болып табылады.
«Тасдиқ» кіріспесіндегі бірер тезисті талдадық. Соның өзінен-ақ, Абай әлемнің Абайы екендігі соқырға таяқ ұстатқандай анықталып отыр. Сол себепті даналық трактатты төл атымен атап, қара сөздер арасынан бөлектеп алу, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі құндылық екендігін мойындау маңызды идеологиялық мәселе. Бұл істі кейінге ысыра беру – Абайға ауыр жаза.
Абай арманы жайында бірер сөз
Абай арманын ұлттық және жалпыадамзаттық деп екі сатыда қарастыруға болады. Ұлттық арманы – қазақ халқы өзге халықтармен терезесі тең болса дегендік еді. Сол үшін шаршамай, талмай ғылым-білім алуға, өнерлі болуға шақырды. Поэзиясы мен қара сөздерін елдік сана-сезімді оятуға, өмірдің мән-мағынасын үйретуге арнады. Абай қазақ жастары қандай болса екен деп армандағаны сүйікті баласы Әбішке арналған жоқтау өлеңдерінен анық көрініс береді. Мысалға:
Кешегі өткен ер Әбіш,
Елден бір асқан ерек-ті.
Жүрегі – жылы, бойы –құрыш,
Туысы жаннан бөлек-ті.
Өнері оның жұрт асқан,
Ғылымға көңілі зерек-ті, –
дейді. Әбіш неліктен елден асқан ерек болды? Абай оның жүрегі жылы және ғылымға іңкәр болғанын баса айтып отыр. Міне, елден ерек қылатын осы екі қасиет. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын білудің, яғни толық білім егесі болудың мәнісі осы екі қасиетке тірелмекші.
Бұл жайында «Жиырма жеті жасында» деп басталатын келесі өлеңінде Абай:
Дүниелікке көңілі тоқ,
Ағайынға бауырмал.
Ғылым оқып білгенше,
Тыным, тыныштық таппаған.
Дүниені кезіп көргенше,
Рахат іздеп жатпаған.
...Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім, –
деп жалғастырған. «Жаңа жылдың басшысы» дегені – ғылыми-техникалық прогресс өрнек жаятын келешекті меңзегені. Міне, біз қазір сол дәуірде өмір сүрудеміз. Бірақ жас буынды Абай армандаған жылы жүректі және ғылымға ынтық азамат қылуға баулыдық па? Жоқ, олай болмады.
Кезінде Абай:
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой, –
десе, қазіргі күні көкейімізді тескен коттеджде тұрсам, джип мінсем деген ой. Мұндай мақсаттан шыққан мүйізіміз кәне. Ар емес, пайда ойлап, алдымен экономика деп сандалдық, ең жаманы, қанағатсыздық, ашкөз тойымсыздық, менмендік, жемқорлық қаулады. Беруге емес, тек алуға бейім тұтынушыға айналдық. Өмір шындығы осы.
Отыз жыл бос өтті, Абай сілтеген бағыттан жаңылдық «әй, қап!» деп сан соғып өкініп жүрміз бе? Қайдағы? Ол ол ма, Абайдың қазақты бірде-бір рет мақтамағаны (мақтанға салынған солтүстік көршінің қалай бүлінгенін көріп отырмыз), тек жамандай бергені несі деп «өкпелеп» президентке хат жазғандар шығып жатыр. Бір мысал алайын. Таяуда aбай. кз. порталында жарық көрген «Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді...» деген мақаласында Жанұзақ Әкім тақырыбы айтып тұрғандай бар кінәні Абайға артып, рухани көсемді жерден алып, жерге салыпты. Абай айтып кеткен кемшілік мінездерден арылып болдық дегені ме, бұл пақырың асыл мұраға ревизия жасайық деген. Зиялы қауым атынан қара сөздердегі «қазақты ұлт ретінде қаралап, рухын жер қылатын сөйлемдерді алып тастауды» ұсынған. Қара сөздерді Абай жазбаған, 1930-шы жылдары НКВД жазған деген күпір ой да тастаған. Ал, сөйле...
Автор ұлы тұлғаны мұқату арқылы өзінің білгіш, оқымысты екендігін көрсетіп қалуды көздеген сияқты. Әйтпесе осы күнгі қазақ әңгүдік, нақұрыс, мәңгүрт болуына Абайды кінәлау сау ақылдың ісі ме. Онан асқан кімің бар? Біле білсек, адам болам деген талай буын Абайдан үлгі алып өсті. Хакім қазақты жылатып айтып, көзін ашты. Көпшілік ащы сынды дұрыс қабылдап келді, әмісе солай бола да бермек. Ал Жанұзақ Әкім сияқты хакімді түземекші сорлының Алла тағала тұрмақ, өзінің болмысын тани алмаған деңгейі паш етіліп, масқарасы шығып отыр.
Абай советтік дәуір тұтқында қалып отыр, бұл растық, мәселен, толық жинағына бір ауыз жаңа сөз қоса алмадық (сапалы қағазбен, көп тиражбен «бас пенсионердің» ғана кітаптары жарық көрді). Соның салдары болар, Абай деңгейінде бір өлең я бір қара сөз жазып көрмесе де, кемеңгерге сын айтып, оны оқытпайық, шектейік дейтін, қала берді, даналық танымдарына дидактика деп қарайтын бөспелер көбейіп кетті. Абай мәңгілік піріміз, оған соқтығу «атың шықпаса жер өртенің» кері ғана. Сондықтан: «Екі күймек бір жанға әділет пе?», «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» деп өзі ескертіп кеткендей, оңды-солды шабуыл жасауды доғарып, сөзіне бағатын кез келді деген ойдамын.
Ұлт деңгейінде Абай арманы – әр қазақтың жүрегі жылы және ғылымға іңкәр болуы дедік. Әзірге түзеліп кеткеніміз шамалы, қазақ қауымын «замана илеп-ақ» жатыр. Неге десеңіз, дүниеге Абайдың көзімен қараудан аулақпыз. Үйренбедік, тіпті кері бағытқа бұрдық. «Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі» екенін білмейміз, білсек те, ескермедік.
Абайдың әлемдік деңгейдегі арманы қайсы? Енді осыған тоқталайын. Ол арманы – «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін» қайырымды қоғам. Батыс-Шығыс, мейлі, басқадай бөліністер болсын, бәрінің ортақ анасы – жан мен тәннің күресі. Ол жайында Абай:
Махаббат ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? –
дейді. Демек, жан мен тәннің таласы мәңгілік. Құтылу жоқ. Күн мен түннің алмасуы сияқты құбылыс болғандықтан қос тізгінді тең ұстау шарт. Ал, оның амалы – адам санасына бүтін (толық) ғылымды сіңіру!
Жаңағы Батыс пен Шығыс өркениеті неліктен бөлек? Оған ғылым-білімнің бүтін (толық) еместігі кінәлі. Батысқа керегі – тек дүниені танымақтық. Алланы және өзін танымақтық ғылымын аулақ серпеді, ол – мистика деп. Сөйтіп, Батыстың күштілігі де, осалдығы да – жарым ғылымға тіреледі (біздің оқу-білім жүйеміз батыстық үлгіде қазір, жоғарыда айтылған рухани азып-тозу, жарым адамдық хәліміздің бір себебі сол. Алланы және өзін тануға құлықсыз қоғам жақсы менен жаманды қайтіп айырсын...).
Шығыс әлемі ше? Оның басым бөлігінде құдайшылық рухы мықты. Батыс ақылға жүгінсе, Шығыс сенім мен жүректі қалады. Алайда 15 ғасырдан беріде «һаммаға харекет беретұғын Ғылым» (Абай) екендігін ескермеді. Ғылымның жолы жіңішкеріп, шырағы сөнді.
Сөйтіп, біліп отырмыз, Батыстың да, Шығыстың да дамуы сыңаржақты, бейнелеп айтқанда, біріншісі – соқыр, екіншісі – ақсақ. Оған себепкер, тағы айтайық, ғылым-білімнің толық еместігі, заттық әлемнің рухты билеп-төстеп атша мініп алғандығы. Оған айнала түгел дәлел. Бұл жерде «Тұрмысты сана билесін» деп жар салудан аулақпын. Бұлай деу жалаң арман. Абайдың көзқарасы, ілімі бойынша екі жақ – жан мен тән талабы тең ұсталуы керек. Сонда ғана адамзат көші адаспай, тура жолын таппақшы.
Қорытынды: ұлы Абай қазақтың бас ақыны ғана емес, бүкіладамзаттың ұстазы. Батыс пен Шығыс өркениеттері табысатын, оларды ортақ мәмілеге бастайтын жол – бүтін ғылымды меңгеру (әзірге ғылым-білім жартыкеш). Абайдың даналық трактаты – «Тасдиқ»-ты әлемге таныту мен мойындату ісі соның үшін де керек.
Асан Омаров
Abai.kz