СҚО өзендерінің бірінде тағы да балық қырылды
Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев су торабының төменгі бөлігінде орналасқан Есіл өзенінде балық қырылды.
СҚО Экология департаментінің мәліметінше, оқиға орнына экологтар, Есіл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Шал ақын ауданының ветеринария қызметі, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы барды.
Есіл өзенінің жағалауы тексеріліп, комиссия балықтың нәлім мен көксерке түрінің шамамен 30-40 келісі қырылғанын анықтады.
Экология департаментінің қызметкерлері су сынамаларын, ал ветеринария қызметінің мамандары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балықтардың өлексесін алды.
Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, қырылған балықты жинап алып, жойды.
Зерттеу нәтижелерінен кейін қосымша ақпарат берілетіні хабарланды.
Тамыз айының басында СҚО Жамбыл ауданындағы Питное көлінде балық қырылғаны айтылған. Мамандардың есебі бойынша центнерге жуық мөңке мен алабұға балығы өлген. Су жәндіктерінің неден қырылғанын анықтау үшін көл суының сынамасы, сондай-ақ өлген балықтың ұшасы лабораториялық сараптамалар жүргізу үшін алынды.
Алдын ала болжам бойынша, күннің ыстығынан көл суы тартылып кеткен. Судың қатты жылуынан су өсімдіктері шіріп, улы газ бөлуі мүмкін. Әзірге зерттеу қорытындысы келген жоқ.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz