Жұма, 22 Қараша 2024
2086 1 пікір 31 Тамыз, 2023 сағат 14:18

Белсенді: Халықты 30 жыл улаған «Теңізшевройл» өтемақы төлесін!

Қоғам белсендісі Арман Хайруллин «Теңізшевройл» кәсіпорнының миллиондаған тонна улы газ шығарып, Атырау облысының экологиясын мүсәпір күйге түсіргенін айтып дабыл қақты.

«Ресми мәліметтерге қарағанда 1993 жылдан бері «Теңізшевройл» кәсіпорны Атырау облысының атмосфералық бассейніне 1,7 миллион тоннадан астам улы газ шығарған. Бұл облыстың әр тұрғынына шаққанда 2400 келіден астам зиянды қалдық тастады деген сөз. Адам шошырлықтай мәлімет.

Бұл меркаптандар, күкіртті сутегі, күкіртті ангидрид және басқа да аса қауіпті 39 түрлі химиялық элемент. Олар өзара жаңа улы байланыстар түзеді. Ластаушы заттар жергілікті тұрғындардың ағзасында жиналады, ешқайда жойылмайды және түрлі аурулар ретінде көрініс береді. Бір мысал Теңіз кен орнының өтінде орналасқан Сарықамыс елді мекенінде зауыт жұмыс жасай бастаған алғашқы 19 жылда 24-53 жас аралығындағы 189 адам қайтыс болып, кенттегі алғашқы науқастану көрсеткіші 90 пайызға жеткен», – дейді қоғам белсендісі.

Сонымен қатар ол аталған кәсіпорнының зиянына екінші мысал келтіреді.

«Екінші дәлел ТШО қызмет ететін нақты Жылой ауданы облыста 12 ауру бойынша бірінші орында тұр. Екінші орында Атырау қаласының халқы. Себебі Атырау қаласы улы заттар шығаратын ТШО зауыттарынан небары 140 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыстағы желдің жылдық басым бағыты оңтүстік шығыстан. Ластағыштар облыс орталығына ауа массалары арқылы теңіздің тегіс бетімен санаулы ақ сағаттарда жетеді.

Біздің елде қолданылатын математикалық сейілу есептері «Эра» бағдардамасымен өтірік жасалады.

Тірі дәлел айтайын: өткен жылы Алғабастағы қамыс өртінің кесек-кесек күйігі 20 шақырым жердегі Балауса елді мекеніне нөсердей жауды. Бір ескеретіні қамыс бойы аласа 1-2 метрден аспайды. Ал биік мұржалардан шыққан зияндылар жоғары температура арқылы тропосфера қабатына шығып алысқа тасымалданады. Ал біздегі Санитарлық қорғау аймақ сызықтары 1, көп болса 15 шақырымнан аспайды. Қалайша? Айтпақшы ТШО-ның осы сызығын қайта қарау қажет. Баяғы есептелген аз мөлшер абажадай боп өсті.

Келесі жылы ТШО жылда тұз астынан алатын 27 млн тонна мұнайдың орнына 39 млн тонна жоғары күкіртсутекті мұнай өндіріледі.

Одан жергілікті тұрғындарға не пайда? Тек зиян болмақ. Жыл сайын әрбір облыс тұрғынына лақтыратын 110 келіден асатын зияндыларға тағы зор жүк қосылмақ. Мұндай зор экоцидті халықтың денсаулығы көтере алмайды! Осыған орай ТШО қызметінен туындаған қолайсыз экологиялық жағдай үшін Атырау облысының тұрғындарына компенсация жасағаны абзал», – дейді ол.

Белсенді мәселенің шешу жолын да ұсынды.

«Игілік» бағдарламасы аясында компанияның жылдық таза пайдасының 1 (бір) пайызын төлеуді сұраймыз. Ол қазіргідей 25 емес, мысалға өткен 22 жылға 80 млн доллар болар еді. Себеді компания 8 млрд доллар таза пайда тапты. Ол қаржыға Атырау мен Құлсарыда емдеу орталықтары, парктер мен скверлер, айтпақшы ТШО СанПИН бойынша 10 мың га жерді көгалдандыруы тиіс. Бітіргені 1 пайызға жетпеді, реабилитациялық орталықтар, халықтың денсаулығын сақтап, ағзасынан токсиндер шығаруы үшін көптеп спорт нысандарын салу ауадай қажет. Сонымен қатар, қаржы игерілмеген жағдайда келер жылға ауысымды және қордаланылатын болуы қажет – дейді.

Оның сөзіне қарағанда қазіргі кезде игерілмеген қаржы жойылып кетеді, яғни келесі жылға есептелмейді.

«Кез келген үлкен жоба барлық мүдделі тараптардың мүддесімен санасуы тиіс. Мұны ТШО тіпті тыңдау презентациясында жазып отыр. Шын мәнінде жергілікті жұртшылықтың мүддесі әзірге қанағаттандырылып отырған жоқ. ТШО-дан сұрайтынымыз Атырау облысына таза пайдадан 1 пайыз бөлсін! Басқа бос, тәтті сөздің қажеті жоқ. Жылойлықтар нақты осыны сұраңыздар!» – дейді қоғам белсендісі.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1448
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3208
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5209