Рахат базары: Сот Алматы әкімінің шешімін заңсыз деп таныды
Кеше Алматы қаласындағы Ауданаралық әкімшілік сотында «ТКМ» ЖШС (Рахат базары кәсіпкерлері) мен Алматы қалалық әкімдігінің арасындағы даулы сот ісінің кезекті отырысы өтті. Сот шешім шығарып, даулы істің бір парасына нүкте қойды.
Сот Рахат базары кәсіпкерлерінің шағымын қанағаттандырып, Алматы қаласы әкімінің жерді пайдалану құқығын Жетісу аудандық әкімдігіне беру туралы шешімінің күшін жойды. Базар орналасқан жерге «ТКМ» ЖШС-ның артықшылық құқықтары бар екенін және оны Алматы әкімдігі ескеруге міндетті екенін нақтылады. Осылайша, сотта Рахат базарының кәсіпкерлері жеңіске жетті.
Жәмилә Төленова:
- Алматы қаласы ауданаралық әкімшілік сотының кезекті процессі өтті. Сот шешімімен Алматы қаласы әкімінің жер пайдалану құқығын Жетісу ауданы әкімдігіне, абаттандыру үшін беру туралы өкімінің күші жойылды.
Біз, «ТКМ» ЖШС мен Рахат базарының кәсіпкерлері бес жылдан бері өз құқығымызды табандап қорғап келеміз. Ол біздің Рахат базары орналасқан жер. Бүгін соттан біз ақыры дегенде әділетті үкім-ұйғарымды естідік. Сот Алматы әкімінің шешімі заңсыз екенін анықтап айтты. Біз «ТКМ» ЖШС сол жерді заңды түрде пайдаланып келдік. Ешқандай заң ережелерін бұзбай, мемлекетке адал жұмыс істеп келдік. Біздің жер пайдалануда артықшылық құқымызды Алматы әкемдігі рейдерлік жолмен, өрескел бұзған еді. Рахат базарының кәсіпкерлері сол жерде 25 жылдан астам уақыт бойы өз кәсіптерін жүргізіп келген. Таразының бір жағына жергілікті атқарушы орган басшыларының жеке амбициясы мен екінші жағына адал кәсіпкерлердің мүддесі қойылған кезде, біз таудай әкімшілік кедергілермен бетпе-бет келдік. Рахат базары дегеніңіз – мыңнан астам адам, мыңнан астам жұмысшы, мыңнан астам қала тұрғыны. Олардың ешқайсысы мемлекетке алақан жаймай, өздері мен айналасындағыларды асырап, кәсіптерін дөңгелетіп, мемлекетке салық төлеп отырған адамдар. Алматы қаласы әкімдігі олардың жанайқайларын, үндерін естіген жоқ, естігісі келген жоқ. Бүгін сот осы дауға нүкте қойды. Сөйтіп, біз даудың алғашқы басталған тұсына қайта оралдық. Енді заңға сәйкес, жер пайдалану құқымызды талап етіп, Алматы әкімдігіне қайрыламыз. Рахат базарының кәсіпкерлеріне жер беруді сұраймыз.
Жәнібек Башанов, заңгер:
- Мен «ТКМ» ЖШС мен Рахат базары саудагерлерінің қорғаушысымын. Бүгінгі сот шешіміне көңілім толып тұр. Бұл сот ең маңызды процесстердің бірі болды. Біз Алматы әкімдігімен 2018 жылдан бері соттасып келеміз. Міне, бақандай бес жыл болды. Ақыры бүгін әділетті, заңды шешім шықты. Әкімдік енді апелляцияға беруі мүмкін. Ал біз өзіміз бермейміз. Біздің бұл сот шешіміне көңіліміз толады. Өйткені, сот осындай шешім шығаруы керек те еді.
Сейілбек Бекенов, кәсіпкер:
- Соттың әділ шешім қабылдағанына қуанып отырмыз. Менің Рахат базарында жұмыс жасап жатқаныма 27 жыл болды. Біз Рахат базарын қорғауға әлі де күшімізді саламыз.
Ләззат Көпербаева, кәсіпкер:
- Құдайға тәубе, біз өз құқығымызды қорғай алдық. Соттың өзі айтты. «ТКМ» ЖШС мен Рахат базары кәсіпкерлерінің дәл сол жерге артықшылық құқықтары бар. Енді ол жерге саябақ салу, зауыт салу т.б. туралы басқа әңгіме болмауы керек. Сот бес жыл дегенде ақыры әділ шешім шығарды. Біз өз кәсібіміз үшін күрестік. Күресті әлі де жалғастыра береміз.
Abai.kz