Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 1649 0 пікір 19 Қыркүйек, 2023 сағат 15:20

Қазақстан Орталық Азия және Корея парламенттері басшыларының кездесуіне қатысты

Палата төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс депутаттары Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің I кеңесіне қатысты.

Іс-шарада Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі. Ерлан Қошанов Қазақстан делегациясының атынан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру және өңірдің әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов.

Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты.

– Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Орталық Азия тұрғындары Арал теңізінің экологиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезініп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ерлан Қошанов корейлік жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға шақырды.

Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қарай жалғасын тапты. Қатысушылар Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы үздіксіз өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бастамасымен жуырдағы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға Қазақстанның кіріскенін атап өтті. Мұнда біздің еліміз Корея Республикасымен инновация, жасыл технологиялар, энергетика, өнеркәсіптік өндіріс, IT және банк секторындағы ынтымақтастықтың зор перспективаларын аңғарып отыр.

Сөз соңында  Ерлан Қошанов қазіргі уақытта Орталық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқанына назар аударды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ықпалдастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының «Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту» тақырыбындағы алғашқы кездесуінің бірлескен декларациясы қабылданды.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051