Сенбі, 12 Қазан 2024
1256 1 пікір 21 Қыркүйек, 2023 сағат 22:13

Қарабақ дауы бойынша келіссөз аяқталды

Бүгін Әзербайжан Республикасы президентінің шақыруымен Евлах қаласында Қарабақтағы армян тұрғындарымен байланысқа жауапты Рамин Мамедов Қарабақтағы армян тұрғындарының өкілдері Сергей Мартиросян және Давид Мелкумянмен кездесті. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады.

Мәлім етілгендей, кездесу сындарлы және позитивті сипатта өткен.

Әзербайжан өкілі Р. Мамедов қатысушыларды Қарабақтағы армян халқын реинтеграциялау, инфрақұрылымды қалпына келтіру және Әзербайжан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде іс-шараларды ұйымдастыру жоспарымен таныстырған.

Сондай-ақ Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің терроризмге қарсы шараларды тоқтату туралы 20 қыркүйектегі мәлімдемесінде көрсетілген мәселелерді тез арада жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілген.

Өз кезегінде Қарабақтағы армян тұрғындарының өкілдері өңірде жанар-жанармай тапшылығы бар екенін жеткізген. Сонымен қатар олар азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек сұрады.

«Кездесу қорытындысы бойынша олардың өтініші оң қабылданды. Атап айтқанда, жақын арада балабақшалар мен мектептерді жылу жүйелерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ жедел медициналық көмек пен өртке қарсы қызметтерді отынмен қамтамасыз ету және гуманитарлық қолдау көрсету жоспарланып отыр», - делінген агенттік ақпаратында.

Армян тарапы келіссөз нәтижесі бойынша Бакумен ешбір түпкілікті шешім қабылданбағанын, мәселелер бойынша келісім қажет етілетінін мәлімдеген.

Тараптар алдағы уақытта кезекті кездесу өткізуге келісті.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

1 пікір