Актер Асқар Жұмабек 6 жарым жылға сотталды
Қазақстандық актер Асқар Жұмабек 6 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматының №2 Бостандық ауданының соты меймандарды ұрып-соққан караоке-бардың қызметкерлеріне қатысты үкім оқыды.
Сотталушыларға бұзақылық жасады, бұзақылық пиғылда бір топ адамның денсаулығына қасақана ауыр және орташа зиян келтірді деген айып тағылды.
Былтыр 28 желтоқсанда Алматыдағы Little Brazil мейрамханасында бір топ жігіт төбелесіп қалған. Олардың ішінде олигарх Бахаридин Аблазимовтың ұлы Нұрмұхамет Нұғман, Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы Жармұхамед Аппаз болған.
Мейрамханада Жармұхамед Аппаз бен диджейдің арасында жанжал шығып, Ыдырысовтың ұлы досы Альберт Крушельницкиймен бірге диджейді дәлізге алып шығып ұрып тастайды. Төбелеске мекеме күзетшілері мен басқа қонақтар және «Шыңғыс Секьюрити» күзет компаниясының қызметкерлері араласады. Аяғы жаппай төбелеске айналады. Күші басым мейрамхана қызметкерлері олигархтардың балаларын сабап тастаған. Олар қашуға тырысса да, сотталушылар көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған.
«Салдарынан бес жәбірленушінің екеуіне ауыр, және орташа деңгейде денсаулығына зиян келген»,-деп хабарлады сот.
Сот 7 адамды кінәлі деп тауып, оларға 6 және 6 жарым жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталғандардың қатарында бірнеше фильмдер мен сериалдарда ойнаған әйгілі актер Асқар Жұмабек бар. Ол келесі күні өзінің кінәсәз екенін айтып, президентке видеоүндеу жолдаған.
Оқиға орнына келген полицияның анықтауынша, жанжал аяқталғаннан кейін, жәбірленуші Нұрмұхамет Нұғман жуынып, есепшотты төлеуге барған. Сол кезде актер Асқар Жұмабек оған қол жұмсап, ұра бастаған. Бұл көрініс камераға түсіп қалған.
Белгілі болғандай актер төбелеспен бұрыннан-ақ аты шыққан. Асқар Жұмабек 2022 жылдың көктемінде караокеде демалып отырған қонақтармен жанжалдасып, біреуінің бетінен соққы жасап, сүйектерін сындырып жіберген. Бұл қылмысы үшін ол бір жылға сотталды. Бақылауда жүргеніне қарамастан актер тағы да төбелестің басты кейіпкеріне айналды.
Айта кетейік, сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Жәбірленушілер де кешірім бермеді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Abai.kz