Жексенбі, 10 Қараша 2024
Билік 1423 0 пікір 15 Қараша, 2023 сағат 14:37

Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия: Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша талқылау жасауға бастамашы болды

Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша кеңінен сараптамалық және қоғамдық талқылау жасауға бастамашы болды.

Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қазіргі қоғам үшін аса маңызды міндеттердің біріне айналғанын айтты.

Ол азаматтық сектор мен қоғамдық пікір көшбасшыларының осы жағымсыз құбылыспен күресудің тиімді шараларын әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне енгізілген өзгерістерді қоса алғанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылданды. 1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Ол үшін куәгерлердің, көршілердің жауаптары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркеуіш жазбалары жеткілікті болады.

Біз нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу арқылы жұмысты күшейтуіміз керек. Ұлттық комиссия басымдықтарды анықтауға бағытталған бірнеше бастамалар мен жобаларды ұсынды», - деді бірнеше сандарға тоқтала өткен Аида Балаева.

1 шілдеден бастап тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейгеннен кейін 4 ай ішінде жауапқа тартылғандар саны артқан.

Егер осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен. Биыл 60 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 75 мың қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Сот арқылы құқық бұзушылардың мінез-құлқына 12 мың ерекше талап қойылды. Жалпы, қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20%, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 4,2%, отбасылық-тұрмыстық қатынастар бойынша жасалған ауыр қылмыстар 12% төмендеді.

Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмысты іске асыру туралы айтып берді.

Құқық қорғаушы Айман Омарова отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және жазаның бұлтартпастығына қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай рухани-адамгершілік тәрбие мен ата-аналардың осы үдерістегі рөлін арттыру туралы сөз қозғады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысында бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық-практикалық бастамалар дайындалып, таныстырылды.

Ұлттық комиссия мүшелері әйелдер мен балаларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мен алдын алу шараларын әзірлеуді атап өтті.

Олар Қылмыстық кодекске қылмыстың дербес құрамы ретінде «Отбасындағы зорлық-зомбылық» жеке бабын енгізуді ұсынды. Бұл мұндай жағдайлардың алдын алудан бөлек, құқық қорғау органдарының – полиция, прокуратура және сот қызметкерлерінің арнайы кәсіби даярлығын қалыптастыруда көмек деп санайды.

Сондай-ақ, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Мәселен, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұртшылықтың қатысуы» атты жаңа бап қосу. Ол отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғамның белсенді атсалысуына бағытталған бірқатар шараларды қарастырады.

Заңнамаға «Экономикалық зорлық-зомбылық» туралы норманы енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл норма отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді жүйелі қолдауды реттеуге бағытталған. Осылайша, зардап шеккендерге қажетті қолдауды қамтамасыз ететін заңды тетіктерді белгілеу ұсынылады.

Бұдан басқа, 2018 жылы Бас прокуратура қабылдаған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» Жол картасын тираждау ұсынылды. Бұл жоба Түркістан облысының екі ауданында пилоттық жоба ретінде сәтті жүзеге асырылды. Сарапшылар оны іске асыруды еліміздің барлық өңірлеріне кеңінен таратуды ұсынады.

Сондай-ақ смартфондарда мобильді қосымша әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Оның көмегімен ықтимал құрбандар туыстары мен таныстарына өз өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлай алады.

Одан бөлек, отырыс қатысушылары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарға енгізілетін негізгі бағыттарды талқылады. Ұлттық комиссия бұл бағыттағы жұмысты бастады.

Комиссия мүшелері алдын алу шара мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне тоқталып өтті. 25 қарашада басталатын «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ауқымды іс-шаралар жүргізілетін болады.

«Біз үшін құқық бұзушыларды жазалап қана қоймай, осы қылмыстардың қайталануын болдырмайтын жүйе құру маңызды. Бұл біздің отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі шешуші сәт. Біз қоғамымыздағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесіп және дәйекті түрде әрекет етуіміз керек», - деді Аида Балаева.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін талқылау үшін бірқатар сараптамалық кездесулерге бастама жасау туралы шешім қабылдады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1165
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2737
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2775