Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 3873 10 пікір 24 Қараша, 2023 сағат 14:59

Сталиндік репрессияның иісі аңқыған заң!

Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Кеңесшісі
Ерлан Қариннің назарына!

Біз «Сталиндік репрессияның» күлі көкке ұшты деп жүрміз.

Ал, сенесіз бе, біздің «Жаңа Қазақстанда» сол «Сталиндік репрессия» қайта жаңғыруда.

Қазіргі қолданыста тұрған «Халықтың көші-қоны туралы» заңда «Сталиндік репрессияның» иісі аңқып тұр.

Аталған заңның 20-бабының 5) тармағына сай, қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасы болмаса немесе этникалық қазақтарды қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен этникалық қазақтар бас тартса, онда оларға «Қандас мәртебесі» берілмейді.

Бұл – алыс-жақын шетелдерден тарихи Отанына көшіп келген этникалық қазақтарға қарата жасалған нағыз «Сталиндік репрессияның» көрінісі!

Түсінікті болу үшін, талдап берейін.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы үшінші тоқсандағы мәліметіне сүйенсек, 16 408 этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келіпті.

Ал, қандастарды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасының саны 1 925 адам.

Жоғарыдағы нормаға сай, осы 16 408 этникалық қазақтың 1 925-не ғана «Қандас мәртебесі» беріледі де, қалған 14 483 адам бұл мәртебеден қағылады деген сөз.

«Қандас мәртебесі» болмаса, этникалық қазақтар жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмайды.

Демек, қазіргі қолданыста тұрған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағына сай, бұл – әр жылы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасынан артық келген және этникалық қазақтарды қоныстандыру үшін ұсынылған өңірден бас тартқан этникалық қазақтарға «Қайда барсаң, онда бар! Сендерген Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ, берілмейді!!» деген сөз!

Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабын ескеріп тұрған ешкім жоқ, Елге оралған этникалық қазақтардың еркін жүріп-тұру және тұрғылықты мекенін өз қалауынша таңдап алу құқығын осы норма арқылы қиып тастаған біздің «Халық үніне құлақ асатын» Үкімет...

Шеттегі жеті миллион қазақ үшін бұдан артық қандай қорлық пен қорлау болсын!?

Кешегі «Сталиндік репрессияның» да бір бағыты – пойызға тиеп, еркіңнен тыс өңірлерге жер аудару емес пе еді!?

Біздің «Жаңа Қазақстанның» Үкіметі сол жолға түсіп кетті, міне!

***

Бұл норманы Заң жобасына кім ұсынғанын немесе кімнің ықпалымен ұсынылғанын білмеймін.

Тек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №961 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай «Халықтың көші-қоны туралы» заңына енгізілгені белгілі.

Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасын талқылау үшін құрылған Мәжілістегі Жұмыс тобының жетекшісі Магеррам Магеррам Мамедович деген депутат екенін естідім.

Ал, Жұмыс тобынан өткен заң жобасын бір дауыспен бектіп берген Ерлан Қошанов пен Мәулен Әшімбаев басқаратын Мәжіліс пен Сенат!

Магеррам Мамедовичтің өмірбаянына қарасам, өзі Жетісудың тумасы екен. Мәжілістің ішіндегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Хатшысы болып қызмет атқарады.

Есім-сойына қарағанда, Магеррам Мамедовичтің аталары сол «Сталиндік репрессияның» құрбаны болса керек.

Әйтпесе, қазақтың Жетісуында Магеррамдардың қаңғып несі бар?! Жетісу қайда, Кавказ қайда?!

Айтпақшы, Магеррам Мамедовичтің өмірбаянындағы «Құқықтану», «Заңтану», «Құқық магистрі» деген сөздерден аяқ алып жүре алмайсың.

Оның мынадай адам құқығын шектейтін номаны заңдастырып жібергеніне қарап, «Кешегі репрессия құрбанының ұрпағы Саталинге кеткен кегін бүгін шекара аттап, өзінің тарихи Отанына оралған қазақтардан алғысы келген бе?!» деп те ойлап қалады екенсің...

Осы норманы көрген соң, арты жақсылыққа апармайтынын, алыстан келген ағайынды және сергелдеңге салатынын ескеріп, алдымен «Тамараның талтайып тұрып қабылдатқан заңының сиқы…» деген мақала жаздық.

Ешкім пысқырған жоқ.

Сосын, Мәжілістегі атақты бес заңгер депутатқа, атап айтсам, Магеррам Магеррамға, Абзал Құспанға, Марат Башимовке, Бақытжан Базарбекке, Үнзила Шапаққа жеке-жеке хат жазып, осы номаның этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенін өз қалауынша таңдап алуға құқығын және  азаматтық алуын шектейтін-шектемейтінін сұрадым. Өз аттарынан жазбаша жауап беруін сұрадым.

Масқара болғанда, ол хаттарымды үш депутат – Магеррам Магеррам, Абзал Құспан, Марат Башимов  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Бақытжан Базарбек Әділет министрлігіне лақтыра салыпты.

Тек, Үнзила Шапақ қана «Ұсынылған ұстанымдарды ескере отырып, Сіздің ұсынысыңызды мен өз атымнан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне сәйкес Мәжілісте қаралып жатқан көші-қон процестерін реттеу жөніндегі заң жобасы аясында қарауға енгізетінімді хабарлаймын.»-деп, Өз атынан жауап беріпті.

Ал, аталған үш министрліктің үшеуінен де «Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың құқықтары бұзылмайтын деп санаймыз» (ЕжХӘҚМ), «Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Заңның 20-бабының 5) тармақшасы Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтардың құқығын шектемейді деп пайымдаймыз.» (ӘМ) деген жауап келді.

Мен бұл жауаптардың бәрін сол төрт заңгер депутаттың жауабы ретінде қабылдадым.

 

***

Ал, нақты практикадағы жағдай қалай?!

Мүлде керісінше!

«Үкімет айқындаған 8 облыстан басқа аумаққа барса, шетелден көшіп келген қазақтарға «қандас куәлігі» берілмейді. Куәлік берілмейтін елдімекендердің қатарында Алматы, Астана мен Шымкент те бар. «Қандас куәлігі» – қандастардың азаматтық алуына қажет маңызды құжат», - деп 26 қыркүйек 2023 жылдың 26 қыркүйегі күні «Азаттық радиосының» журналисі Нұртай Лахан ақпарат таратты .

Қытайдан отбасымен көшіп келген Күш Нұрдәулет деген жігіттің Алматы қаласына қоныстану үшін «Қандас мәртебесін» ала алмай сенделгеніне екі айдың жүзі болды.

Этникалық қазақтар бұрын «Қандас мәртебесін» Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы үш жұмыс күні ішінде алатын.

Қазір «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің жанынан әзірленген мобильді қосымша арқылы тіркеліп, арнайы комиссияның қарауынан өтіп, 35 жұмыс күнінде алатын болыпты.

Ол құрып қалғыры арқылы тек «Отбасымен бірігу үшін», «Жұмыс берушінің шақыруы бойынша», «ҚР Үкіметі айқындаған қандастардың қоныс аудару үшін» және «Бейімдеу бағдарламаларының шарттарына келісімі бойынша» келген этникалық қазақтарға ғана «Қандас мәртебесі» беріледі екен.

Ал, өз бетімен көшіп келіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына сай тұрғылықты мекенін өз қалауынша таңдап алушылар үшін «Құтты мекеннің» есігі тарс жабық...

Алматыдан тауы шағылған ол Астанаға келіпті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ертіп барып, Көші-қон комитетінің орынбасары Ерлан Райғалиевпен кездестірдім. Өзім аталған министрліктің Бірінші вице-министрі Ахмади Сарбасовқа кіріп, болған оқиғаны баяндадым.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты тұлғалары бұл номаның этникалық қазақтардың Конституциялық құқығын шектейтінін, Қазақстан азаматтығын алуына тосқауыл болып отырғанын біліп отыр. Бірақ, дәрменсіз..

Соңында, Көші-қон комитетіндегі басқарма басшысы болып қызмет атқаратын Дастан Айтқұлов деген жігіт Күш Нұрдәулетке «Қандас мәртебесін» алудың тағы бір «жолдын» ұсыныпты.

Дастан Айтқұловтың ақылы бойынша Күш Нұрдәулет Алматыдағы бір ЖШС-ға жетпіс мың теңге төлеп, жұмысқа тұру келісім-шартын алыпты.

Сол келісім-шарт арқылы «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің «Жұмыс берушінің шақыруы бойынша» «Қандас мәртебесін» алуға зорға тіркеліпті.

Айтпақшы, Нұрдәулеттен Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнайы мамандық бойынша оқу бітіргені туралы диплом сұрапты. Дипломын апарса, «Мына дипломның бетінде қытай тілін біледі деген жазу болу керек»-деп, қиғалық салыпты...

Сөйтіп, Күш Нұрдәулеттің отбасы мүшелері «Құтты мекен» ақпараттық жүйесі арқылы «Қандас мәртебесін» алу үшін зорға дегенде өтініш жасапты.

Ал, ол өтініштің орындалып, «Қандас мәртебесі» беріле ме, жоқ па, оны арнаулы комиссия 35-жұмыс күні ішінде шешеді...

***

Міне, біздің «Жаңа әрі әділетті Қазақстанның» қандастары үшін қабылдаған заңының сиқы!

Міне, біздің «Жаңа әрі әділетті Қазақстан» деп ұрандатқан Мәжіліс пен Сенаттың алыстан оралған өз қандастарына жасаған жақсылығының түрі!

Сонда «Ықпалды Парламенттегі» атақты төрт заңгердің, олардың хаттарына жауап беріп, қол қойған екі министрліктің лауазымды тұлғаларының бәрінің адам тағдыры, ұлт болашағы, мемлекет мүддесі жөніндегі таным-түсінігінің деңгейі осы болғаны ма?!

Мен осы мәселе бойынша, тағы біраз ықпалды депутаттармен, министрлік басшыларымен сөйлестім. «Құқық» дегенді қағып тұрған біреуі жоқ. «Үкімет айқындаған өңірлерге баруы керек қой!» дейді бәрі.

Иә, көшіп келушілердің Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстануына біз де қарсы емеспіз. Бұл саясатты екі жүз пайыз қолдаймыз.

Бірақ, ол саясат Конституциямен бекітілген адам құқығын шектемеу шарты астында жүргізілуі керек қой.

Этникалық қазақтардың осы шаруасымен алысып жүріп, екі нәрсеге көзім жетті.

Біріншісі, біздің Заң шығарушы орган да, атқарушы билік те ҚҰҚЫҚ пен САЯСАТТЫ айыра білмейді екен;

Екіншісі, аталған Заң шығарушы орган депутаттарының да, атқарушы билік өкілдерінің де белгілі бір ықпалды тұлғаның немесе ықпалды саяси күштің алдында, заңсыздық, әділетсіздік үшін күресе алмайтын дәрменсіз күйде, құлдық санада екені белгілі болды.

Осы жерде өткендегі сөзімді тағы қайталаймын, біз мына түрімізбен «Жаңа Қазақстан» құра алмаймыз.

Өз қандасын өзекке тепкен ұлт а, мемлекет те ешқашан құтаймайды!

Мен тірі тұрғанда, әлдекімдер Ұлы көштің жолын тосам деп, әуре болмасын!

Мен қандастарымның жолда өлуге дайынмын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5115