Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
1789 0 пікір 30 Қараша, 2023 сағат 15:47

Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды

Бұл туралы мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты. Ол сонымен қатар экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталған туысы жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

– Олардың қалай туысатынын мен нақты айта алмаймын. Ағасы ма, інісі ме деген ақпаратты қазір бере алмаймын. Бірақ туысқаны екенін нақты. Сол күні, оқиға кезінде қасында болған.  Бірақ осы ауыр қылмыстың жасалғаны туралы полиция органдарына хабарламаған. Ол туралы Қылмыстық кодекстің жеке бабы бар. Тіпті қылмысты жасыруға тырысқан», - деді ол.

Оның сөзінше, қылмыстық іс бойынша қазір барлық тиісті сараптамалар тағайындалған.

– Бүкіл ақпарат сіздерге берілді ғой. Енді марқұмның өліміне алып келген бұл әрине Қуандық Бишімбаевтың іс әрекеті екені, заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесі екендігі сөзсіз. Қылмыстық істің нәтижесі бойынша, сараптамалар дайындалғаннан кейін тергеу органдары қосымша хабарлайды, - деді ол.

Жандос Өмірәлиевтің сөзінше, тергеу органдары бастапқыда ақпарат бермегенімен, қазір толыққанды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Тергеу органдары бірінші күні осы қылмысқа кінәлі Қ.Бишімбаев өзінің құқықтарын пайдалана отырып, қандай да бір мағлұматтар беруден бас тартып отырғанын айтқанын білесіздер. Бұл бірінші күндері солай болған. Бірақ қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Басқа да нақты деректер айтылған болса,  оның сұрату керек, - деді Жандос Өмірәлиев.

Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерді айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді.

Қылмыстық іске президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036