Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3223 0 пікір 8 Қазан, 2013 сағат 03:34

Жайсаң Жапаров. Поветкин-Кличко: Еуразия мен Еуроодақтың жекпе-жегі

Бокстан жаһандық 3 түрлі ұйымының (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы, Бүкіләлемдік бокс ұйымы, Халықаралық бокс федерациясы) жекпе-жектерінен абсолюттік әлем чемпионы Владимир Кличко мен аса ауыр салмақтағы  WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) чемпионы Александр Поветкин рингте жұдырық түйістіреді дегенді естігенде: «Мұз жарғыш кемесіндей кездескендерінің бәрінен асып түсіп жатқан Поветкин Кличконы жеңіп кетер ме екен» деп секем алғанымыз рас.

            Мұндай ойға баратын себебіміз – орыстың отарына айналған Қазақстан Ресейдің ақпараттық шылауына түскендіктен, көбіне көріп келе жатқанымыз солар жайлы ғой. «Боец» деген телеарна апта сайын «Витязьдің» үздік жекпе-жектері» деп қойып, тұрсиында «Витязъ» деген өрнектелген жазуы бар Поветкинді көрсетеді де жатады. Бетінің ызбары сыртқа тепкен шымқай сары жігіт жұдырықтасқандарының бәрін қоғадай жапырады. Біреуін шақ келтірмейді. Оған барша орыс орманы тебіреніп, былғары қолғап «тәңірісіне» тәу етіп, төбелеріне көтереді. Бүгінде әрісі тұтастай ұлт, берісі соңғы жас ұрпақ – соның дақпыртты марапатынан рух алып, ұлттық шовинистік сезіммен тәрбиеленіп келеді. Оның арғы жағында кімдер тұрғанын білесіздер. Осындай жалпыхалықтық ахуалдан (аурадан) қандай сала болса да тек орыс өкілі жеңуі міндетті сияқты пиғыл орнайды.

Бокстан жаһандық 3 түрлі ұйымының (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы, Бүкіләлемдік бокс ұйымы, Халықаралық бокс федерациясы) жекпе-жектерінен абсолюттік әлем чемпионы Владимир Кличко мен аса ауыр салмақтағы  WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) чемпионы Александр Поветкин рингте жұдырық түйістіреді дегенді естігенде: «Мұз жарғыш кемесіндей кездескендерінің бәрінен асып түсіп жатқан Поветкин Кличконы жеңіп кетер ме екен» деп секем алғанымыз рас.

            Мұндай ойға баратын себебіміз – орыстың отарына айналған Қазақстан Ресейдің ақпараттық шылауына түскендіктен, көбіне көріп келе жатқанымыз солар жайлы ғой. «Боец» деген телеарна апта сайын «Витязьдің» үздік жекпе-жектері» деп қойып, тұрсиында «Витязъ» деген өрнектелген жазуы бар Поветкинді көрсетеді де жатады. Бетінің ызбары сыртқа тепкен шымқай сары жігіт жұдырықтасқандарының бәрін қоғадай жапырады. Біреуін шақ келтірмейді. Оған барша орыс орманы тебіреніп, былғары қолғап «тәңірісіне» тәу етіп, төбелеріне көтереді. Бүгінде әрісі тұтастай ұлт, берісі соңғы жас ұрпақ – соның дақпыртты марапатынан рух алып, ұлттық шовинистік сезіммен тәрбиеленіп келеді. Оның арғы жағында кімдер тұрғанын білесіздер. Осындай жалпыхалықтық ахуалдан (аурадан) қандай сала болса да тек орыс өкілі жеңуі міндетті сияқты пиғыл орнайды.

            Ал, Кличконың жекпе-жектерін біз ешқашан көрген емеспіз. Көрсек те өте сирек. Өйткені ол Еуроодақты қолдайтын ұғымдағы елдің өкілі, бізбен параллель өркениетте өмір сүріп жатқан өңірдің ұланы.

            Сөйтіп, Ресей экраны тек «Витязъдің» жеңісті жолдарын насихаттауға мән бергеннен кейін (бір кездесуінің өзін араға уақыт салып бірнеше дүркін қайталай береді) саңылаулы пенде болған соң, «әзірге бұдан мықты жоқ» деген ойыңа иланасың да оған бір жола бекисің. Сөйтсек, ол – кәсіпқой ретінде күні бүгінге дейін бар болғаны 26 ғана кездесу өткізіпті.  

            Бірді айтып бірге кететін «көпвекторлықты» жақсы көретін қазақпыз ғой. Осы тұста мынаған тоқталғым келеді. «Неге біздің телеарналар дәл осындай халықты бір рухтың астына жинайтын үздік нәрселерді қайталап көрсетпейді?» деген ойға қаласың. Әлде, көрсетуге лайық адам жоқ па?

            Жоқ емес, бар. Жақсылық Үшкемпіровтің 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы жеңісін, сондағы Серік Қонақбаевтың алтынға бергісіз күміс жүлдесі жолындағы жарысын үздіксіз қайталап көрсете беруге болады. Дәулет Тұрлыхановтың күрестерін, Ильиннің зіл темірді шырқ үйіргенін, Винокуровтың және тағы басқалардың толық нұсқада Лондон Олимпиадасындағы жеңісін Қазақстан жұрты неге қызықтамасқа. Әйтпесе, Винокуровтың көмбенің алдындағы с... шаптырым аралықты жүрген тұсын көрсетеді де, жалпы жұрттың алдында ол қарсыласын жалт беріп алдап өтіп кеткендей әсер қалып қойды. Ал, халық сол жолғы жарыстың 250 шақырым қашықтықтан тұратынын, Александр көмбеге 30 шақырым қалғанда құлағанын, 8 шақырым қалғанда алдыңғы топты қайта қуып жетіп, 7 шақырым қалғанда Уран екеуі қара үзіп шыққанын біле бермейді. Бұл – нағыз жырға бергісіз ерлік.

            Бір қызығы, сол жолы коментатор Сергей Құйрықов (Кюрдиков) соңғы 30 шақырымға дейін Винокуровты аузына да алған жоқ. Өйткені оған ешқандай үміт арта алмайды. Жамбасы бір жыл бұрын сынған, ұршықтың тұсы шегемен келе жатыр. Қатты күш салып тебуге, жылдамдықты арттырып кетуге шамасы жетпес деп қорытқан. Алайда, алмас қылыш қын түбінде жатпайды. Аяқтан кем болған жүйрік атша соңғы өресін салып, жарқырап шықты. Олимпиада біткеннен кейін екі аптаның шамасында отаға жатып, жамбастағы шегелерді алдырды. Міне, қандай қайсарлық!

            Сол сияқты Головкиннің әлемдік бокс аренасындағы жекпе-жектерін неге қайталап көрсете бермеске? Кездесудің соңында мейманасы тасып, ұлттық шапанымызды киіп шығатын тұстарын неге сүйсіне тамашаламасқа? Олимпиада чемпиондары Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сапиевтердің ерліктерін неге насихаттамасқа? Мұның бәрі, біріншіден, Қазақстан халқын бір мүдденің төңірегіне біріктіре түссе, екіншіден, Елбасы айтқан 2020 жылға дейін халықтың кем дегенде 30 пайызы спортпен шұғылдануы тиіс деген міндетін орындауға мұрындық болар еді.

            Бірақ, біздің телеарна жетекшілері халықтың бірігуіне қарсы ма, әйтеуір, аса көп шығынды да, бас қатыруды да қажет етпейтін шараларға еш бармайды.

            Бір жағы, орысжанды (пророссийский) немелер, Поветкинді көріп жатырмыз, сол жетер деген байламда шығар. Олай дейтініміз, бірде білдей бір министрліктегі комитет төрағасы: «Осы уақытқа дейін дербес өмір сүріп көрмеген Қазақстан біреуге тәуелді болуы керек. Жеке өмір сүре алмайды. Тәуелді болатын ел біз үшін Қытай емес – Ресей» деп көкейінің құпиясын ашқаны бар. Міне, мемлекеттік шенеуініктің тәуелсіз Қазақстан жөніндегі ой-өрісі. Бір жағынан оған кінә да таға алмаймыз. Орыс орманымен «төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқаннан» кейін, ой орамы да орыс көкжиегінен асып әріге бара алмайтындығы мәлім ғой.

            Енді қайтадан сары орыс пен қара орыстың төбелесіне оралайық. Бір апта бұрын екеуінің өткізген баспасөз мәслихатында сұрақ көбіне Кличкоға қойылды. Кличко орысша да, ағылшынша да жауап берді. Поветкин тек өз тілінде сөйледі. Алайда оның, немістің Зауэрланд промоутер компаниясында екенін ескерсек, өзге тілде бір-екі ауыз ләм қайтарарлық қалжасы бар еді. Алайда, дініне берік, қолданбады.

            Екеуі әлем жұртшылығының алдында бетпе-бет тұрып көз арбастырғанда Поветкин сазарып, қас қақпады. Оның бедірейген бетінен өшпенділіктің лебі есіп тұрды. Керісінше Кличко кәдімгі адам кейпінде қалды – кірпігі қимылдады, өңіне ызбар шаппады.

            Кличко 37-де. Бұған дейін ол 60 жекпе-жек өткізіп, оның 51-інде  жедел жеңіске жеткен екен. Тек 3 мәрте ғана жеңілістің дәмін татқан екен.             Поветкин 34 жаста. Бар болғаны 26 кездесу өткізген, оның 18-ін нокаудпен жеңген. Жеңіліп көрмеген. Ені бұтына симай ісініп-кебініп жүретіні сондықтан болар.

            Бірақ, шаршы топқа шыққанда әшейіндегі мен-мендігін көрсете алмады. Бірінші раундта-ақ, қандай күш иесіне тап келгенін түсінді. Екінші раундта Кличконың сол қолы шекесінен сүйкеп өткен тұста-ақ лақтырылған итаяқтай қаңғалақ қағып, шатқаяқтап кетті. Орбитр тура танау тұсына келіп, саусағын бүгіп санай жөнелді: бір, екі, үш... тоғыз...

            Одан кейінгі раундтарда да сары орыс әдеткі рингтегі астамшылығын таныта алмады. Аңшының бөктергісіндегі алау қызыл түлкінің терісіндей қашан көрсең Кличконың қолтығында салақтап ілініп тұрады. Мұнысы енді, қайласы таусылып, әйтеуір уақыт өткізудің шарасына көшкендей әсер қалдырды. Қазақтың «жүйріктен жүйрік шықса, төрт аяғы тыпырлайды» дегені осы екен. Әйтпесе, кәсіпқой былғары қолғап иесі өзі барып қолтыққа кіріп кетудің бокстың мәнеріне жатпайтын, жат қимыл екенін әбден түсінсе керек.

            Бұған қызыл тілін безеп, әшейінде астам сөйлейтін коментатордың салы суға кетті. Оның сөзінен ұққанымыз Поветкинді өздерінше Тайсонға теңейді екен. «Тайсон шіркін, таянып барып ұрудың амалын білетін еді. Біздің Александрға сол қабілет қонбай тұр...» деп, ащы өкінішпен бармағын шайнады.

            Жетінші раундта Поветкин бірінен кейін бірі төпелеген жұдырықтардан жалтарып үлгермей, қатарынан үш мәрте нокдаунға кетті. Бұған дейін бір жақты насихаттаудан оның тек жеңісін көрген біз – боксшының шын әуселесін енді байқадық.

            Ал, Кличко бұл тұстарда да кісілік кейпінен айнымады. Сенделіп тәлтіректеп жүрген қарсыласын нокауытқа жіберетін мүмкіндіктен саналы түрде өзін теткіп ұстағандай.

            Бұған дейін әулиелік танытып, «Соңғы раундтардың бірінде Саша Кличконы сұлатып салады. Бір жерін мертіктіріп алмай Кличконың Украинаға аман-есен қайтқанын тілеймін» деп айтқан орыстың аралас стилдегі палуаны А.Емельяненконың сөзі далбаса екенін шүбәсіз ұқтық. Залдағы отырған көрермен әуелгідегідей емес, әптігі басылып, жүзі сынып, демін ішіне тарта қалған. Қазанның түп күйесіндей қарайып кеткен Валуевті бір-екі рет көрермендер арасынан назарымыз шалды. 

            Не болса да 12 раунд бойы Еуразияодағына үміткерді Еуроодағына  үміткер жігіт жақсы-ақ сілкіді. Төрешілердің билігі бойынша 119:104 есебімен Еуроодақтың қағидаларын қолдаушы демократ жақтың өкілі жеңді. Жойқын жұдырықшы жеңгенде де таза спорттық стилде жеңді. Кеудесін керген кедендік одақтың әкесін танытқандай көрінді.

            Әдетте мұндайда трансляция жасаған телеарнаның режиссері марапаттауды да көрсетіп, жеңімпаздың сұқбатын да көрермен қауымға естіртер еді. Бұл жолы олай болмады. Ұлттық болмыстың биіктігін ғана даурықтыратын орыстық шовинистік ниет, эфирді шолтитып шорт кесті. Сонымен қатар, бокс-шоуды жүргізуші жеңістің қорытындысын ағылшынша хабарлағанда, коментатор «бұны аударудың қажеті жоқ» деді іші күйген қалпы.

Енді бұдан былай «Боец» деген телеарна апта сайын «Витязьдің» үздік жекпе-жектерін» жалғастырар, әйткенмен дәл осы кездесуді ешқашан көрсетпейтін шығар.

            Мәскеудегі «Олимпийский» спорт кешенінде болған жекпе-жек барысында көрермендердің арасынан 5 адам дәрігерлердің қызметіне жүгінген. Олардың үшеуі дереу ауруханаға жөнелтілген, солардың біреуі жедел жәрдем көлігінің ішінде көз жұмған. Өйткені, төбелеріне көтерген «тәңірілері» жеңіліп жатыр еді. Ұлттық идея жолындағы өлермендік осындай-ақ болар.

            Қош, сонымен, жекпе-жек бітті. Мен басқыншы ниеттегілерді бір сабап алғандай айызым қанды. Жарыс аяқталысымен әркім өз пікірін айтып жатты. Көбі Поветкиннің босбелбеулігін көрмей, Кличконы аяусыз қаралауда. Солардың біреуі – Валуев. Тағатын кінәсі – «Кличко Поветкиннің мойнына асылып алды, бұл ойын ережесіне жатпайды. Бірақ, рефери байқамаған болды» дейді. Мұнысы – қып-қызыл өтірік. Кличко мойынға асылған жоқ, бірақ сонда да болса төреші баллын кемітіп тастады. Керісінше белге жабысып, қолтыққа кіріп, күрестің ережесіне ауа берген Поветкинді жазалау керек еді.

            Алайда, объективті пікірлер де жеткілікті. Солардың ішінен қатты ұнағаны әдетте өзін жақата қоймайтын Ксения Собчактың  ойы: «Витязъ» деп тұрсиға айғайлата алтын жіппен өрнектеп жазып, әуелетіп гимнді айтудың аздық ететінін қашан түсінеді екенбіз... Кличко ешқандай пафоссыз тыныш қана келіп, жеңіп қайтты» депті тележүргізуші.

            Сол сияқты қазақ даласынан да «Кедендік одақ», Еуразия одағы» деген алаулаған, жалаулаған ұранды сөз қашан тиылар екен. Кезінде, осыдан 281 жыл бұрын Ресейге бодан боламын дегені үшін Әбілқайыр хан ақ патшаның атынан Тевкелевтің қолынан 110 сом 60 тиынның шапанын алған екен. Сол сияқты бүгін де Тәуелсіздігімізді «шапанға» айырбастап  жүрген жоқпыз ба? Мұны айтып отырғаным, егер солай болса, Қазақиядан ешкім сырт жаққа бақ сынасуға бара алмайтын халге жетеді. Өйткені, отар жұртты кім ескерсін...

            Сондықтан, рухымыз отарлыққа көнбейтін болуы үшін, спорттағы сайыпқырандарымыздың таңғажайып жеңістерін елге көрсете беруден жалықпайық.

            Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019