Каспий жағалауынан 30 аққудың өлексесі табылды
Маңғыстау облысындағы Қаракөл аумағынан отызға жуық аққудың өлексесі табылды. Қазір құстардың қырылуына байланысты сараптама жұмысы басталды.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аққулардың қырылуы бір апта бұрын анықталған.
«21-22 желтоқсан күндері Маңғыстау облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақта «Қарақия-Қаракөл» қаумалының инспекторлары қорғау, рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде «Қаракөл» көлі аумағынан 30 аққудың өлексесі табылды. 23-24 желтоқсан күндері де көлден өлген аққу денелері табылған. Құстардың қырылуына байланысты тиісті ветеринарлық сынамаларды алу үшін «Үстірт» қорығы тарапынан (қаумалдың қорғау жұмысы «Үстірт» қорығына жүктелген) облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің МО аумақтық инспекциясы хабарланып, Ақтау қалалық ветеринарлық станциясының мамандары 22 желтоқсан күні аққу өлекселерінен тиісті сынамалар алды», - деп жазылған инспекция таратқан ақпаратта.
Бұдан бөлек, құстардың қырылуына байланысты Алматы қаласындағы «Микробиология және вирусология» ғылыми өндірістік орталығы мамандары да өлген аққулардан тиісті сынымалар алғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, МО экология департаментінде көл суынан сынама алу туралы хат жолданды.
Инспекция мамандары Қаракөл көлінде аққу өлекселерінен алынған сынамалардың қорытындысы шыққаннан кейін қосымша хабарлама беретінін мәлімдеді.
фото: Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы
Abai.kz