Қайырымдылыққа ақша жинау: Мобильдік аударым 100-ден асып кетсе не болады?
Бүгін Үкімет отырысынан кейін баспасөз жиынында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов «Қайырымдылыққа ақша жинайтындардың мобильдік аударымы 100-ден асып кетсе, жазалана ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Әлеуметтік желіде аудиториясы 1 немесе 2 миллионнан асатындардың арасында қайырымдылыққа ақша жинайтындары бар. Сол кезде 100 адамнан асып кетеді. Көбісі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Осы жағдайда не болады? Қалай тексеріп жатсыздар?» – деп сұрады тілшілердің бірі.
Вице-министр бұл жағдайдан хабардар екенін айтты.
«Міндетті түрде блогер емес, жеке азаматтар да ондай қаражатты жинауы мүмкін. Бұл қаражат көбіне бір баланың еміне жұмсалады. Ондай сәтте мобильдік аударым 100-ден асады. Сосын бізге хабарлама келеді. Біз оларға хабарласамыз. Қаражат жинаған адам аударымдарды көрсетеді. Кәсіпкерлік емес, қайырымдылық бағыт екенін түсіндіреді. Құжат жүзінде барлығын көрсетсе, ешқандай сұрақ туындамайды», – дейді Ержан Біржанов.
Фото: wise.com
Abai.kz