Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 14949 0 пікір 14 Қараша, 2013 сағат 05:48

Мұхтар Кәрібай. "Қорғансыздың күні"

Соңғы айларда еліміздің бірнеше өңірлерінде қылмыскерлердің қолынан балалардың өлтірілуі, соның ішінде балиғатқа толмаған жас қыздардың зорлыққа ұшырап, айуандықпен өмірі қиылуы бүкіл қоғамды шиыршық атқызды. Адамзат өз дамуының орасан жетістіктеріне қол жеткізіп отырған XXI ғасырда мұндай жабайылық бейнедегі қиянат қылмыстың орын алуы сөзсіз ашындырады, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік жағдай мен адамгершілік, ізгілік қасиеттердің ахуалы жөнінде ауыр ойларға жетелейді. Мұндай сорақылықтың түбі қайдан шығады дегенде ой-желісі өздігінен өткен тарихқа жетелеп, қолдан билік, бастан ерік кеткен отарлық кезеңдердің көмескі, көлеңкелі күндеріне, сол зілді заманның зұлматын ұрпақ санасынан өшірмеуді мұрат тұтқан өшпес еңбектерге тағы бір рет оралып, қайта саралап, тереңірек ұғынуды қажет еткендей. Өйткені, біз өмір сүріп отырған кеңістікте, арғысын айтпағанда, соңғы жүз жыл көлемінде қоғамдық құрылыстың атаулары мен сыртқы белгілері бірнеше мәрте өзгергенімен, ішкі дүниеде, сана-болмыста айна-қатесіз қайталанып келе жатқан жайттардың қалып қоюы алаңдатуы тиіс.

Соңғы айларда еліміздің бірнеше өңірлерінде қылмыскерлердің қолынан балалардың өлтірілуі, соның ішінде балиғатқа толмаған жас қыздардың зорлыққа ұшырап, айуандықпен өмірі қиылуы бүкіл қоғамды шиыршық атқызды. Адамзат өз дамуының орасан жетістіктеріне қол жеткізіп отырған XXI ғасырда мұндай жабайылық бейнедегі қиянат қылмыстың орын алуы сөзсіз ашындырады, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік жағдай мен адамгершілік, ізгілік қасиеттердің ахуалы жөнінде ауыр ойларға жетелейді. Мұндай сорақылықтың түбі қайдан шығады дегенде ой-желісі өздігінен өткен тарихқа жетелеп, қолдан билік, бастан ерік кеткен отарлық кезеңдердің көмескі, көлеңкелі күндеріне, сол зілді заманның зұлматын ұрпақ санасынан өшірмеуді мұрат тұтқан өшпес еңбектерге тағы бір рет оралып, қайта саралап, тереңірек ұғынуды қажет еткендей. Өйткені, біз өмір сүріп отырған кеңістікте, арғысын айтпағанда, соңғы жүз жыл көлемінде қоғамдық құрылыстың атаулары мен сыртқы белгілері бірнеше мәрте өзгергенімен, ішкі дүниеде, сана-болмыста айна-қатесіз қайталанып келе жатқан жайттардың қалып қоюы алаңдатуы тиіс.

Біздің көз алдымызға ұлы гуманист, дәуір суреткері М.Әуезовтың әйгілі «Қорғансыздың күні» әңгімесінің ауыр оқиғасы оралуы да сондықтан. Өткен ғасырдың басында жарық көрген Мұхаңның бастапқы туындыларының біріне жататын бұл әңгімесінің көлемі шағын болғанымен, ауқымы кең, қуаты зор, күні бүгінге дейін оқырманның жүрегін қарып, көкірегін қарс айыратын сұмдық трагедияны (ұқсастықты қараңыз) баяндайтыны мәлім.

Әңгіме өзегі кең сахараның иен бір түкпірінде үйткіген боранды қыста жападан жалғыз қыстауда жақында ғана азаматынан және оның кіндігінен туған жалғыз ұл баладан айрылып, қасіреттен қан жұтып отырған:  бірі төрінен көрі жақын кәрі кемпір, екіншісі көзі су қараңғы жесір, үшіншісі ендігі бір үйдің жалғыз сүйенері, соңғы үмітіндей болған күнәдан пәк он үш жастағы Ғазиза – осынау бейшара үш әйелдің басындағы қисапсыз тауқымет, шеті-шегі көрінбес қасірет. Мұның барлығы аздай, енді оларды  басынып, қаралы отауға бата жасағансып келіп отырып,  өз үйінде зорлықпен жас қыздың абыройын төккен Ақан деген болыстың айуандығын әшкерелейді. Қорлық пен мазаққа, сұм дүниенің тозағына көне алмаған Ғазиза ғазиз жанының соңғы зарын айтуға боранды түнде әкесі мен бауыры жатқан молаға жетіп, аязды далада қатып өледі.

Ал, Ғазиза кім еді?! «Ол – сыпайы, нәзік болып өскен Ғазиза: жіңішке сұңғақ бойлы, азғана секпілі бар дөңгелек ақ-сұр жүзді Ғазиза. Көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас... бұл бала жасынан көкесінің жалғыздығын, ағайындарының достығы жоқ қаттылығын ойлап, сыртына шығарып ешкімге айтпаса да, сол әкесіне жаны ашып, тілеуін тілеумен өскен. Ол көңілді болғанда бұл да көңілденіп, қуанып отырушы еді. Жасынан сезімді бала зерделілігімен әкесінің жалғыздығын, шаруасының нашарлығын ұғып, соған қолынан келгенше көмек қылғысы келіп тұратынын сезген соң, үйіші түгелімен Ғазизаны әлпештеуші еді».    Енді бір үйдің бар ауыртпалығын талдырмаш денесі қайыса жүріп көтеретін жалғыз тірегі, жалғыз алданышы, шырақ сәулесі, соңғы үміті.

Бұл шаңырақтың басындағы ауыр хал әңгімеде «қонағы бір елдің болысы болған соң» әйтеуір бір үміт қой деген кемпірдің аузымен айтылады:  «…бұл арада отырған елде адам секілді адам бар ма? Ұрғашы секілді жыбырлаған ұсақ. Қорыққанына ғана жауап беріп, қорықса ғана айтқаныңды істейтін сұмдар емес пе?! Міне – менің Жақыбым өлгеніне екі ай болды. Біреуі туысқан болып: бишара, жайың қандай, шаруаң не күйде деп, есіктен қарады ма екен. Қайта үйімізге келсе, шетінен тысырайып, жуанымсып келеді. Ылғи жетім-жесір деп қызығып анталап, бір нәрсемізді аузына түсіріп алғысы келіп тұрады. Ұялмағырлар ұялмастан бізді жегісі келіп тұрады. Мен сорлы балам өлгеннен бері солардан көрген зорлығымды айтайын…», - деп, бөтен емес, өз ағайын-туысқандарының бұл үйдің еркегі өлген соң бірі малын тартып әкетіп, бірі қалған-құтқан түкке тұрғысыз дүние-мүлкіне қызығып, енді басқалары әйелдердің өзін таласқа салып жүрген барша қиянаттарын ақтарады. 

Кемпірдің үміттеніп, зарыма құлағын түре жүрсін дегендегі Ақан болыстың болмысы мынау: «…күндегі өмірінде бұл секілді талай жауыздықты көріп, өзі де сондайлардың ішінде болып жүргендіктен, мына естіп отырған сөзінің бәрі көңіліне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ… бұл адамның іші жақсы сезімге жат болып кеткен бір күңгірт дүние сияқты. Өз басына келген болмаса, бөтен кісінің басына келген ауыртпалық пәле болып көрінбейді. Оның тартқан қасіреті көңліне қонбайды, сезіміне сіңбейді, тіпті ұғылмайды». Кемпір тыңдаған адамның төбе құйқасын шымырлатарлық мұң-зарын төгіп отырғанда екі көзін Ғазизадан алмай, арам ойлардың жетегінде отырған бұл надан кеуде көрсоқыр пенде о бастан қасындағы жандайшап атқосшысы Қалтайдың жымысқы жоспары бойынша пасық пиғыл, сұм ниетпен тоқтаған еді. Ақыры, түн қараңғысын жамылып қорғансыз жанға қорлығын батырып арамза ойларына жетіп тынады. Жақында ғана азаматынан және ерке кіндікті ұл баладан айырылып қос қазаға ұшырап отырған қаралы үйге бата жасағансып келіп: Құдай ісі сыпайышылық, ақырының қайырын берсін!,- деп көңіл айтқан бола отырып, енді сорлы шаңырақтың жалғыз тірегі, сүйеніші болып қалған әлсіз, нәзік Ғазизаны басынып қорлап кеткен қазақ мырзасының ісі дін-исламға жат, құдайшылықтан мақұрым өлшеусіз күнә болуымен бірге, адамдыққа симайтын, тіпті айуандықтан да алыс қылмыс еді.  

«Ғазиза зорлықтан босанғанда есі ауыңқырап, көңіліне дүние дүниелігін жоғалтқандай, өзінен алыстап бара жатқандай болып көрінді. Бұл сезім – бұл уақытқа шейін көңіліне келмеген аса жат бір суық сезім… қорлық мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт, хиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді». Сөйткен Ғазиза бишара болған шешелерім ақырғы қайғымды көрмей-ақ, білмей-ақ қойсын! Қайғылы бір сыр көрге бірге-ақ кетсін деп ақырғы арман-зарын айту үшін әкесінің зиратына жетіп, моланы құшақтаған күйінде аязда үсіп өледі.

Жиылған ағайындары көп іздемей-ақ екі жас бейіттің арасынан Ғазизаның сүйегін тауып алғанда «әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерде берген екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған: ізі қалған жоқ. Балалық жүзінде: «Менде жазық жоқ, мен тазамын», - деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар».

Бұл дүниеде бар-жоғы бір мүшел ғана жасап, соңғы сәтіне дейін қабағы қайғыдан ашылмаған Ғазиза о дүниеге өткенде барып жадыраған, балалығына сай қайғы-қасіреттен сейілген, ашық, таза ажарын тапқан. Тірі күнінде, қорғансыз жетім қалған шағында бұған жанашарлық танытудың орнына одан сайын талауға түсіруге дайын болған, ақыры жолшыбай біреулердің қорлығына тастаған тасжүрек ағайын-жұртына, барша адам баласына өлі Ғазизаның жүзіндегі осынау балалықтың, тазалықтың ажар-белгісі: мен сендердің ортаңда тірі жүргенімде осындай бейнеде болуым керек еді, балалық шақтың балдай дәмін татып, дені сау, қайратты әке-шешенің мейірім-шапағатына бөленіп, ағайын-жұрттың арасында еркелеп өсіп, бойжеткенде жар қызығын көріп, сәби сүйіп, еліне қорған болатын ұрпақ тәрбиелейтін аналық бақытқа кенелуге лайық едім деген арыз-арман, өсиет-тілек қалғандай.  

«Қорғансыздың күні» трагедиялық әңгімесінде жиырманың үстіндегі жас Әуезов бір үйдің басына түскен зіл-батпан қасірет оқиғасы арқылы  түпсіз терең дағдарысқа құлдыраған қоғамның сорақы бейнесін, адамдық қалыптан шығып, азғындап  бара жатқан кейбір ел жуандарының опасыздығын, қырдағы кедей-кепшік, қарапайым адамдардың бастан кешіп отырған орасан тауқыметінің терең тамырларына дейін жалаңаштап,  айқара ашып қапысыз баяндайды.

Автор бұл шығармасында өрескел, шектен шыққан, адамның ақылына сыймайтын зұлымдықты әшкерелеп, жан-дүниеңді астаң-кестең ететін, жүйке-жүйеңді тітіркендіріп, анау Күшікбай кезеңіндегі аяз ғазиз жан Ғазизамен бірге өз денеңді қарып түскендей, бірақ бейшара жанға араша түсуге бейдауа күйде болғандығыңнан жігеріңді жаншып, намысыңды қайрайтын құдыретті тілмен жеріне жеткізе баяндап қана отырған жоқ. Ол барша адамзат алдына ащы сауал тастап отыр. Мұндай адамдықтан тым-тым алыс, хайуан екеш хайуанның да жасамайтын жауыздығын қазақтың мырзасы өз қарындасына жасауға неге барды?! Иә, қарындасына! Олай дейтініміз әрдайым гуманизм туын көтеретін ұлы суреткерлердің ең басты идеясы: адам - адамға бауыр – деген тұжырымға тоқталады. Бұл қағида әлем әдебиетінің әйгілі үлгілерінің қайсысында да менмұндалап тұратыны мәлім. Айталық, орыс әдебиетінің классигі Николай Гогольдің  «Шинель» деген әңгімесінің кейіпкері, бір кеңседе көшірмеші болып жұмыс істейтін  Акаки Акакиевичтің басына қағаз шашып, күнделікті мазақ қылуды әдетке айналдырған жастардың ішіндегі біреуі жаңағы байғұстың: «Қойсаңдаршы енді, сендер неге мені қорлайсыңдар?» деген жалғыз ауыз жалынышты сөзіне тоқтап қалады. Ешкіммен шаруасы жоқ, өзімен-өзі, күнделікті жұмысынан басқа ешнәрседе ойы жоқ жалғызбасты қарт адамның осы бір жалынышты даусы жас жігіттің өмір бойы ойынан кетпей, мезгіл-мезгіл есіне түсіп тұратын болады. Сондағы кейуананың сөзі оның санасына «біздің бәріміз бір-бірімізге бауырмыз» деген ойды жеткізген еді. Ал, қорғансыз, дәрменсіз Ғазизаның жалғыз, жалбарынышты үніне, тіпті, ең ақырғы тілегіне селт етпеген Ақанның ісі - жан баласының санасына сыймайтын аса ауыр қылмыс. Әуезов зорлық пен зомбылық, қатыгездік пен қиянатшылдықтың тамыры тым тереңге жайылған ащы шындықты айқара көрсетіп, мұндай қоғамның өркениетті әлемдік қоғамдастық қатарына қосыла алу-алмауының зор қаупін ескертеді. Неге десеңіз өз бауырына озбырлық жасау қалыпты әдетке, айыпсыз іске айналған елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі қараң болмақ. Ұлы гуманист М.Әуезов қоғам басына түскен осынау терең трагедияның табиғатын тануға, одан қорытынды жасауға, келер ұрпақтардың мұндай жабайылықтан қамырығып қарсы шығуына шақырады. Күресуге дәрмен жоқ әлсіз жандар алапат қиянаттың үнсіз құрбандарына айналып кете баруда.

М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» ұлы шығармасынан біз ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының бірқатар саяси, әлеуметтік, этникалық проблемаларын көреміз:

- Мемлекеттік билік, басқару жүйесінің күйреуі;

- Әлеуметтік теңсіздік, яғни күштілердің әлсіздерге ашық зорлық жасауы;  

-  Шаруашылық саланың құлдырауы;

-  Адам құқығының аяққа тапталуы, адамға құрметтің жоқтығы;

- Әйел теңсіздігі;

- Тұрмыстық қиянаттың өршуі;

-  Адамгершілік қасиеттің, моральдік, діни құндылықтардың, мұсылмандық белгінің құлдырауы;

-  Денсаулық сақтау, емдеу ісінің жоқтығы

-  Әділет органдарының, сот-құқықтық жүйенің жойылуы. 

Кең байтақ сахараның бір түкпіріндегі жалғыз бір шаңырақтың басындағы алапат ауыр ахуал арқылы көрсетілген жайт сол кезеңдегі қазақ даласының қай бұрышында айна қатесіз қайталануы, немесе күнделікті болып жатуы әбден мүмкін еді.

Келешекте өзі де бір шаңырақтың иесі, адал жар, аяулы ана болуға жаратылған Ғазиза опасыз заманының, соған әбден бейімделген сұм пенделердің құрбанына айналды. Іздеушісі жоқ, қорғаушысы жоқ қаршадай қазақ қызы – азаттықтан айырылып бұратана атанған, елдіктен айырылып ездікке ұшыраған, діннен айырылып кәпірлікке бойсұнған, адамдықтан ажыратылып, айуандық әрекеттер басымдық ала бастаған иен, панасыз жұрттың бір өкілі. Осындай қорғансыз күйге қарсы тұрарлық күш – Ғазизаның мінсіз тазалығы, мейірімді жүрегі мен бойындағы ұлы намыс – бұл күнде тек аңызға айналып әбден ұмыт бола бастаған байырғы батыр Күшікбай сынды бабалардан қалған бір мысқал белгі де осы болу керек. Әңгімеде оқиға өтетін орынның атауынан мәлімет беру орайында аңыз ретінде айтылып өтетін Күшікбай батыр туралы қысқаша баянның да терең мәні бар. Шешек ауруы әбден асқынып тұрған жиырма  жастаға Күшікбай жаулары мұның ауырып жатқан шағын пайдаланып байлаулы тұрған атын талтүсте алып кеткенін естіп, намысын қолдан бермеу үшін  атқа қонған Күшікбай жауда кеткен тұлпарын айыбымен бірге қайтарып әкеліп, аулына жеткен тұстағы төбеде найзасын жерге тіреп барып атынан түсіп, жан тәсілім етеді. Буырқанған батырдың арманда кеткеніне наразылығының белгісіндей, содан бері оның моласы тұрған төбеден үзілмейтін ызғар, айықпайтын боран соғып тұруы содан дейді аңызда. Ғазиза сол Күшікбай батырдың әулетінен. Екеуінің арасында тамырлы байланыс бар.  Бірі – эпикалық, аңызға айналған герой, өткен дәуірдің, батырлық, жаугерлік азат замандардың хабаршысы, жауына есе бермей,  қапыда кеткен жас батыр; екіншісі – реалистік герой, оқиға өтетін кезеңде өмір кешіп жатқан жетім, жас қыз, ар-намысы жолында аяздағы ақ өлімге бас тікті. Қиянатқа ұшыраған Ғазиза әдеттегі әйел затына тән әлсіздікпен жылап-сықтап үйіне қайтып келсе, өзге ондаған, жүздеген беймәлім, әлсіз ұзын етектілердің бірі ғана болып қалар еді. М.Әуезовтың Ғазизасы тәні жараланғанымен жаны жараланбаған күйінде барша тірілерге өзінің өлімімен ақырғы тілегін айтып, ар алдында, адамдық алдында, ақыры құдай алдындағы жауапкершілікке тартып отыр.  Күшікбай мен ғазиза тағдырлары ұрпақтар үндестігінің үзілмегендігін, ұлттың ар-намысты ту еткен рухани қуатының сембегендігін паш етеді. 

 Шындығында, «Қорғансыздың күніндегі»  қорғансыздар Ғазиза, оның соқыр шешесі, кәрі әжесі емес – жалпы, ұлт, әлеумет, халық.  Мұндай панасыз, қорғансыздық күйдің белгілері, ол сонау сахараның бір шетіндегі: көруге аса көңілсіз, бауыры бораннан босамайтын, жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ азынап тұрған дала, дәурені өтіп кедейлік басқан, көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер бастаған ел-жұрт,  иесіз аңырап, ұмытылып қалған бірдеңе секілді, тозығы әбден жетіп, бұрыш-бұрышының қыры кетіп жұмырланған ескі үй мен қора,  басы қара қожалақ кішкене төбешіктің үстіндегі таудан соққан ызғырық жел топырағын ұшырып жатқан екі бейіт, қабырғалары қара балшықпен сыланған кір, сәнсіз, ретсіз үйіле салған пешінде жылтыңдыған оты да әлсіз қараңғы, мұз қатқан суық, оңған мүлкі де жоқ ұсқынсыз  үй іші. Бұл үйдің барлық жаны – үш-ақ әйел болса, олардың әрқайсысы әр ұрпақтың өкілі, бірі - кәрілік жеткен кемпір, екіншісі -орта жастағы соқыр әйел, үшіншісі - балалық пен жастықтың ортасындағы талдырмаш денелі қыз. Алайда үшеуінің, яғни бір халықтың үш буынының көріп отырған жетім-жесірлігі, тауқыметі мен азабы бір және бұдан шығудың да қандай да бір жолы көрінбейді, білінбейді. Ол аздай, бұлардың басына қорлық үстіне қорлық, қиянат үстіне қиянат қабаттаса түспек.

 Автор Ғазизаның көрген мазақ, қорлау, рәсуалауға қарсы ойына келген ең шешуші қадамға барар алдындағы күйін: «Барша басынан кешірген жетімдікке, бейнетке, жалғыздыққа, қорлық-мазаққа түгелімен қарсылық ойлады. Өмірінде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс барлық еркін билеп, дуылдап басына бір-ақ шықты... қайғылы бір сыр көрге бірге-ақ кетсін дегендей болып, тысқа шықты... бишаралық, иесіздіктің таңбасы басылған ескі лашықтың ішінде Ғазизаның балалығы, еркелігі және қайғысы, қасіреті қалды. О да бірге көмілмек. Барлық жүрегіне жылы жақындары, нәзік қылып өсірген ұясы қалды...», - депбаяндайды. Осындағы:  жетімдік, бейнет, жалғыздық, қорлық-мазақ  жалғыз Ғазизаның емес, барша жұрттың басына орнап отырған жай емес пе, бишаралық, иесіздіктің таңбасы жетім үш әйелдің лашығының ғана емес,  тұтас қазақ даласының кешкен күйі болатын ол дәуірде. Шығармада зорлықшылардың қылмысының ашылмауы, олардың түк көріп білмегендей шаналарын шегіп жүріп кетуі, жасаған жауыздығына қандай да бір жаза тартқан-тартпағандығы жайында бірауыз сөз болмауы да осыдан. Өйткені, анау Күшікбай асуының бір түкпіріндегі бейшара бір әулетке қарсы жасалған қиянат үшін жаза берілуінен тұтас қазақ жұртының жарасы жеңілдемек емес...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502