Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 3530 0 пікір 28 Ақпан, 2024 сағат 13:07

Гүлжиһан Нұрышева: Бүгінгінің көшіне ілесе алмаған адам да, қоғам да дамымайды!

Бүгінгі сұхбат кейіпкері – «Философия» пәнінен қазақ‑ағылшын тілдеріндегі және көптеген басқа да оқулықтар мен монографиялардың, қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрген үш томдық «Философия» пәнінен хрестоматия» оқу құралының авторы, философия ғылымдарының докторы, «Қазақ философиясы» Ғылым және Білім орталығының директоры, 90-жылдығын тойлағалы отырған Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасының профессоры Гүлжиһан Нұрышева. Елімізге танымал ғалымның сөзіне құлақ түріңіздер, қадірменді оқырман!

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

– Гүлжиһан Жұмабайқызы, бүкіл саналы ғұмырыңызда ұстаздық етумен келесіз. Сонымен қатар, қазақ философиясын зерттеуде де зор жетістіктерге жеттіңіз. Қазір Сіздің философиядан, философия тарихынан және басқа да философиялық пәндерден жазған оқулықтарыңыз бен монографияларыңыз еліміздің жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында  үлкен сұранысқа ие. Философия – өте күрделі ілім болса да, еңбектеріңіз көрнекі қазақ тілімен оқырмандарға түсінікті  жазылған. Сондықтан Сізді қазіргі қазақ ғылымындағы «философиялық тіл» қалыптастырушы ғалымдар қатарына жатқызуға болады. Ол аса бай тіл байлығын талап ететін болар. Осының бастаулары қайдан шыққан?

– Ең алдымен, бүгінгі сұхбатқа шақырғаныңызға рахмет! Көптен бері ұсыныс жасап жүрсіз, бірақ жалпы философия,  әсіресе қазақ философиясы туралы әңгімелесудің сәті енді түсті, себебі соңғы уақытта, өзіңіз білетіндей, «Философия» пәні бойынша қазақша үш том тұңғыш хрестоматия дайындаумен айналыстым, кезінде Министрліктің грифі берілген «Философия» оқулығын көпшіліктің ұсынысы бойынша толықтырып, қайта шығардым және ағылшын тіліндегі оқулық та жақында жарық көрді. Батыс философиясында зерттеудің өмірбаяндық әдісі, яғни адамның өмір жолын талдау арқылы   оның философиясын түсінуге тырысу кең қолданылады. Біздің ғылым бұл әдіске көп жүгіне бермейді, ол түсінікті де, себебі ұзақ жылдар бойы жеке адамның тұлғалық қырлары емес, тұтас қоғамның мәселелері алдыңғы орынға қойылып келгені белгілі. Посткеңестік философия ғылымына енді енген осы өмірбаяндық әдіс тұрғысынан алғанда, бүгінгі интервью 65 жыл ғұмырыма көз салып, аздаған қорытынды жасау да болсын.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Монография, оқулық, оқу құралдарымның ұзын саны отыздан астам екен, оларды жазу барысында кітап тілінің түсінікті болуына ерекше назар аударғанымды өзіңіз байқапсыз. Дұрыс айтасыз, философия – күрделі ғылым. Бірақ кез келген қоғамдағы философияның даму деңгейі оның жалпы дамуының  көрсеткіші дер едім. Осы тұрғыдан қарастырсақ, мемлекетіміз философияны айтарлықтай жақсы қолдап отыр, ол – барлық жоғары оқу орындарының барлық факультеттерінің барлық студенттері оқитын санаулы ғана міндетті пәндердің бірі, яғни қоғамның басым бөлігін қамтиды. Логикалық түрде пайымдасақ, философияны бүкіл қоғам білуі тиіс, бірақ іс жүзінде ол көпшілікке әлі беймәлім. Парадокс! Шынын айтсам, мені осы жағдай қатты мазалайды. Студенттеріміз, болашақ инженер, педагог, дәрігер және тағы басқа мамандар философияны міндетті пән ретінде шала-пұла оқып, оны түсінбей, айналасына таратпай өтетін болып тұр ғой. Себеп неде? Философияны жақсы меңгермей, дұрыс маман, толыққанды адам болып шыға алмайсыз. Орта ғасырдағы Еуропа университеттерінде философиядан емтихан тапсыра алмаған студенттің келесі курсқа көшірілмеуі кездейсоқ шешім емес.

Философияның қоғамымызда жеткілікті таралмауының себептері туралы айтатын болсақ, ең бастысы – оны оқыту әдістемесі және оқулық тілі дер едім. Ақиқатын айту керек, оқулықтардың басым көпшілігінің тілі түсінуге қиын. Өзіңіз білетіндей, монография тілі оқулыққа жарамайды. Кезінде неміс ойшылы Иммануил Канттың өзі «Философиядан жақсы оқулық жазу мүмкін бе?» деп күмәнданған екен. Оқулықтың тілі бөлек, ол қысқа да нұсқа болуы тиіс. Сөйлемдерінің түсініксіз, күрделі болуы өзінің ғылыми деңгейінің жоғары екенінің көрсеткіші деп түсініп, мейлінше түсініксіз жазуға ұмтылып, өзара жарысқан ғалымдарымыз да болған. Шындығында, шым-шытырық туындылар философиялық дайындығы жоқ қарапайым оқырманды философиядан алыстата түседі, ол философияға енді жоламауға тырысады.  Сондықтан да, философия оқулығын түсінікті жазу – заман талабы.

Қазіргі философтардың алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – философияның ғылыми тілін дамыту. Әлемдік философияда қалыптасқан ұғым-терминдердің бәрін бірдей қазақшалау міндет емес, айтарлықтай сөздік қоры жасалды, енді терминдерді нақтылай түсуіміз қажет.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Ал тіл байлығы туралы сұрағыңызға жауап берсем, аз-мұз тіл қорымның қалыптасуына әсер еткен үш факторды айтар едім. Біріншісі – өзім дүниеге келген текті әулет. Әкем Жұмабай, анам Дәметкен сол кездегі Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Есбол ауылындағы қазақ интеллигенциясының (ғылыми айналысқа кездейсоқ еніп кеткен «зиялы» деген ұғымды әдейі қолданбай отырмын) көрнекті өкілдері болды, дүние емес, рухани байлық жинады, отбасындағы бес ұл, бір қызды білім мен ғылымға баулыды. Заманымыздың ұлы ойшылы Олжас Сүлейменов жақында жарық көрген «Так было...» еңбегінде атап көрсеткендей, Кеңес үкіметі тұсында кітап, газет-журнал ісін дамытуға ерекше назар аударылды, нәтижесінде елімізде әлемде жоқ құбылыс – Ұлы Оқырман қалыптасты және ол өз ортасынан әлем өркениетіне халқының атынан үлес қосатын тұлғаларды шығарды. Біздің әкеміз де сол замандағы атақты басылымдар, қазіргідей емес, мазмұны терең басылымдарға – «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Огонёктен» бастап, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмысқа» дейін – жазылып, үйге алдыратын. Мектеп оқушысы біздің танымға деген құштарлығымыздың күшті болғаны соншалық, газет таратушы апайдың бүкіл ауылды аралап, үйімізге жетуін күткіміз келмей, түске дейін поштаға барып, күтіп тұратынбыз. Газет-журналдарды сұрыптап үлгермей жатқан ол кісінің «сендер-ақ шаршамайды екенсіңдер» дегендей, кейіңкіреп қарайтыны кейде есіме түсіп, күліп аламын. Ауылымыздың кітап дүкені мен кітапханасына жаңа туынды түссе, таласа оқитынбыз. Кейінірек үлкен ағаларым Қайырғали, Бақтығали, Ғалымжан студент атанып, қаладан кітап таси бастады, інілерім Қамбар мен Бауыржанның, менің қалыптасуымызға олар да ерекше ықпал етті.

Осы жерде анамның рөлін ерекше атап өткім келеді. Ол әкеден жастай жетім қалған балаларын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, тістелеп жүріп адам қатарына қосты. Қазақтың мінезді, қайсар, дана әйелі өмірдің талай қиындықтарына төтеп берді, балапандарына қажетті жағдайдың бәрін жасады. Жұмысы қаншалықты қауырт болса да, біз қатысатын шаралардан қалмай, мектепке өзі келіп, қадағалап отыратыны, сабағымызға қатысып, қалай сөйлеп, қалай киінетімізге де айрықша мән беретіні есімде жақсы сақталыпты. Өзі сөзге шебер болды, өмірдің оқиғаларын өлеңмен қиналмай-ақ өрнектеп, жазып тастайтын. Анамның туындыларын кезінде компьютерге түсіріп, сақтап қалғанымызға қуанамын. Таңғалатыным, алты баламен жалғыз қалған сол қиын заманда ол басқалардан емес, басқалар анамнан ақыл-кеңес, көмек сұрайтын. Оның қажырлы еңбегі мен тәрбиесінің нәтижесінде үшеуіміз мектепті алтын медальмен аяқтап, отбасымыздан уақыт өте үш ғылым докторы, бір генерал, бір подполковник, ҚР Жоғарғы сотының бір мүшесі шыққанын да айта кетуге болатын шығар. Байқағаным, екі ағам мен інім басқа саланың мамандары болса да, білімге, мәдениет пен ғылымға деген құштарлық олардың бойында әлі күнге дейін сақталған. Мысалы, Қамбар інім қазақ халқының құқықтық санасын, сот билігі тарихын зерттеп, сапалы еңбектер жазды. Әкемнің ағасы мен інісінің балалары да ғылым мен білім саласында қызмет етеді, яғни мұнда бір заңдылық бар, текті әулет деп отырғанымның себебі осы. Қазақ тарихындағы тектілік құбылысы арнайы зерттеу тақырыбы болуы тиіс деп ойлаймын.

Екінші фактор – өзім білім алған мектебім мен ұстаздарым. Алыс ауылдардың біріндегі мектебіміз облыстағы үздік оқу орындарының қатарында болды. Қазіргі білімімнің іргетасын қалаған алтын ұям мен ұстаздарыма үнемі алғысымды айтып отырамын. Алғаш рет әріп танытып, оқуымыздың мәнерлі, жазуымыздың әдемі болуына дейін қадағалаған Қамила Айжарықова, бір орысы жоқ ауылда орысшаға судай етіп шығарған Зоя Шортабаева, Майра Қизатова, химик Насиха Ермұқанова, биолог Нұрбетай Жұмабаева апайларымның, қолындағы қаламын мысалға ала отырып, қосымша құн теориясын миымызға құйып беретін қоғамтанушы, мектеп директоры Жабу Дөкесов, математик Мұқатай Қырықбаев, қазақтың тілі мен әдебиетін терең талдап, оларға деген қызығушылықты санамызда мәңгілік орнықтырған Сембі Берғалиев, Алдияр Шыниязов, Бақтығали Әлдешов ағайларымның еңбегі зор. Кезінде мән бере бермейміз, шындығында мектебіміз де, ауылымыз да ерекше интеллектуал орта болғанына (сол кездегі ауылдар мен мектептердің бәрі сондай болды деп ойлаймын) жылдар өткен сайын көзім жетіп отыр.

Сонымен қатар, француз философы Жан-Поль Сартр айтқандай, «адам дүниеге келгенде – жоба, оның қандай болып шығуы өзіне байланысты». Өмір бойы көп оқыдым, талмай іздендім, әлі де бір күн бос отырмай, еңбектеніп келемін. Балаларымнан да, шәкірттерімнен де осыны талап етіп отырамын. Еңбектенген адамның ісі бір қарағанда Камюдің Сизиф кейіпкерінің харекеті сияқты мәнсіз болып көрінер, бірақ түбінде нәтижелі болары сөзсіз.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

– Сіз өз заманында Қазақ философиясының дамуына қомақты үлес қосқан атақты философ Сегізбаев Ораз Аманғалиұлының шәкіртісіз. Бүгінде ұстаз алдындағы шәкірттік парызыңызды адал атқарып, оның көптеген еңбектерін өзіңіз қазақ тіліне аударып, жарияладыңыз. Яғни, осы еңбегіңіз арқылы Сіз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы әйгілі «қазақстандық философия мектебі» мен қазіргі тәуелсіз Қазақ Елі философиясының арасындағы «алтын көпір» міндетін атқарудасыз. Олай болса, осы сабақтастық туралы не айтар едіңіз?

– Жоғарыда атап өткенімдей, ұстазға құрмет – менің өмірлік қағидам. Ораз Аманғалиұлы Сегізбаев біз оқуға түскен 1975 жылы С.Киров атындағы КазГУ-дің белгілі басшылардың, партия қызметкерлерінің балалары ғана оқитын әйгілі философия-экономика факультетінің деканы еді. Тамыз айында талапкер-абитуриенттермен арнайы кездесу өткізіп, философия ғылымының күрделі, меңгеру қиын ғылым екенін, құжаттарымызды қайтып алуға әлі де кеш еместігін ескертті. Олай деуі де дұрыс, себебі факультет сол замандағы ең беделді факультеттердің бірі болды, бір орынға 20-25 адам таласатын. Бірақ философияға деген құштарлық пен «жақсы философ болып шығатынымызға» деген балалық, аңғал сенім қанаттандырған біз мақсатымыздан бас тартпай, емтихандарды сәтті тапсырып, оқуға қабылдандық. Сабақтардың бәрі орыс тілінде ғана оқытылады, ал ауылдан келген біз қазақша ойлаймыз. Шынын айтсақ, орысшаға қаншалықты жетік болсақ та, қиналып оқыдық, орысша айтылғанның бәрін қазақшаға аударып, ойымызда қазақша жауап дайындап, оны қайтадан орысшаға аударып, оқытушы мен аудиторияға жеткізуге мәжбүрміз. Күні-түні еңбектенудің арқасында ғана осындай кедергілерді жеңдік. Отыз екі жылда қолымыз жеткен жетістіктердің ең бастысы деп өз еліңде қазақша ойлап, қазақша сөйлеу бақытын айтар едім және осыны қазір өзінің ана тілінде білім алып жатқан шәкірттеріме үнемі ескертіп отырамын. Басқа топтардан ерекше, аты орысша, заты қазақы тобымыздан уақыт өте келе бірнеше ғылым докторлары мен кандидаттары шыққанын қазір мақтан тұтамыз.

Міне, осындай толық орыстанған, Мәскеудегі орталықтың тапсырысын орындаушы идеология қызметкерлерін дайындайтын факультетте қазақ дүниетанымына жақындау жалғыз ғана, «Казахское Просвещение» деп аталатын пән болды және оны Ораз Аманғалиұлы орыс тілінде оқыды. Қазақ философиясы туралы ол кезде сөз ету де мүмкін емес, тіпті ондай ұғым да жоқ. Қазір ойлап отырсам, ұстазымыз сол заманда үлкен ерлік жасап, Мәскеудің қатаң, барлық республикаларға бірдей оқу бағдарламасын бұзып, осы бір пәнді қосқан екен. Қазақ дүниетанымы тақырыбына ішкі, өзім де әлі толық түсінбеген ұмтылысым осы пәннен басталды, Ораз Аманғалиұлының жетекшілігімен төрт курс жұмысын (ол кездің студенттері жыл сайын курс жұмысын жазатын), бір диплом жұмысын жазып бастаған ізденісім қырық тоғыз жыл бойы жалғасып келеді. Таңдаған жолымнан таймағаныма, ұлтымыздың философиялық дүниетанымын зерттеуге азды-көпті үлес қосқаныма қуаныштымын және еш өкінбеймін.

Отандық философтарының қазіргі аға буыны Ораз Аманғалиұлының мектебінен өтті. Ол өзіне де, шәкірттеріне де талап қоя білетін қатал ұстаз болды. Өзі орысша мықты жазатын, сондықтан талай мақаламызды «стиль не тот!» деп өзімізге қайтарып беретін. Орысша бар білгенімізді салып, қайта шимайлаймыз, тақырып бойынша әдебиетті тағы бір сүзіп шығамыз. Біртіндеп ғылыми мақала жазып үйрендік. Біздің ғалым болып қалыптасуымызға ол кісінің сіңірген еңбегі зор болды, осылайша «желкелеп» үйреткеніне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұстазымыздың сыртқы болмысы орысша болғанымен, ішкі болмысы (батыс философтарының пікірінше, адамның ақиқат мәнін оның ішкі болмысы ғана ашады) қазақ екенін еліміз тәуелсіздік алғанда бірден байқадық. Ол ештеңеден де, ешкімнен де тайсалмай, «қазақ философиясы» ұғымын ғылыми айналысқа енгізді. Талай қызу пікірталастар, нағыз айқастар болды. Тіпті ұлты қазақ философтардың өзі осы терминге қарсы шығып, «ешқандай университеті де, философия факультеті де болмаған, далада көшіп жүрген қазақта қайдан философия болмақ?» деп айқай салды. Бір үлкен жиында Ораз Аманғалиұлының қатты ашуланып, «Если вы не понимаете казахскую философию, это не означает, что ее нет!» деген сөзі қарсыластарын тоқтатып, пікірталастарға нүкте қойғаны да есімде. Мұның бәрін тарқатып жазып отырғанымның себебі – қазіргі жастар ұлттық философияның қандай қиындықпен қалыптасқанын білуі тиіс. Ораз Сегізбаев, Әбдімәлік Нысанбаев, Марат Хасанов, Мұқанмадияр Орынбеков, Ғарифолла Есім ағаларымыз қазақ халқының қайталанбас философиялық дүниетанымын осылайша дәлелдеп шықты, оны зерттеу басталып, бірінен соң бірі жарыққа шыққан туындылар қазақтың ойлау көкжиегін кеңейтті, ұлттық дүниетанымымыздың терең мазмұнын жарқыратып көрсетті.

Осындай еңбектердің алғашқысы – Ораз Аманғалиұлының «История казахской философии. От первых архаичных представлений древних до развитых форм первой половины ХХ века» оқулығы. Мықты жазылған бұл туынды әлі күнге дейін қазақ философиясының тарихы баяндалған бірегей, іргелі еңбек десем, қателеспеспін. Ұстазымыз 2005 жылы дүниеден өткенде шәкірттері «оның еңбегін қазақ тіліне аудару – парызымыз» деп уәде бергенбіз, бірақ жеме-жемге келгенде белгілі философ, Орекеңмен қызметтес болған Мұрат Сәбит ағайымыз екеумізден басқа ешкім мойнына алғысы келмеді. Сөйтіп, төрт жүз бет кітапты екіге бөліп, аударуға кірістік. Бұл іс оңай болмады, үш жыл уақытымыз кетті. Бірақ ақыр соңында мақсатымыз жүзеге асып, кітаптың қазақша нұсқасы 2017 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді, еліміздің философтары қуана жиналған презентация жоғары деңгейде өтті.

Ұстазымыздың ісі өлмесе екен деген ой мені жылдар бойы үнемі мазалады. Бұған мені міндеттеген немесе мәжбүрлеген ешкім болған жоқ, тыныш өмір сүре беруіме де болатын  еді, бірақ «әркім өзімен өзі болып, ұстаздарымыз салған жол ұмыт қалмауы тиіс, қазақтың қайталанбас философиясын зерттеуді одан әрі дамыту – ұлтымыздың  алдындағы ортақ парызымыз» деген шешімге келдім. Оны жүзеге асыру үшін ең алдымен республика философтарын бір ортаға жинап, топтастыру қажет еді. Оның мүмкіндігі елімізде өте жақсы дамып отырған қазіргі заманғы цифрлық технологиялардың арқасында пайда болды. Ізденістердің нәтижесінде 2021 жылдың наурыз айында қазақ философтарының интернет қауымдастығы құрылды және ол қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өзім басқаратын «Қазақ философиясы» Ғылым және білім орталығының аясында жұмысын жемісті жүргізіп отыр. Бір қызығы, жүз отызға жуық мүшесі бар қауымдастығымыздың құрамына философтар ғана емес, заң, тіл, әдебиет, әлеуметтану, дінтану ғылымдарының өкілдері де кіреді. Айына бір рет онлайн жиналып, отандық және шетелдік ғалымдардың өзекті тақырыптарға арналған баяндамаларын, сонымен қатар, ғылым, білім, мәдениет, саясат, дін саласындағы жаңалықтар мен түйткіл мәселелерді үнемі талқылап отырамыз, әртүрлі ғылыми конференцияларға қатысып, қазақ философиясын зерттеуші докторанттар мен магистранттардың ізденістеріне басшылық жасаймыз, шетелдік ғалымдармен де байланысымыз мықты. Жоспарлаған істеріміз көп, олар біртіндеп жүзеге асады деп үміттенемін.

Жалғасы бар...

Сұхбатты жүргізген Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282