Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында «Тоқта, вандал!» акциясы өтті
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында Астанада вандализмге қарсы бағытталған «Тоқта, вандал!» акциясы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның өтуіне Сарыарқа ауданы әкімдігі, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, елордалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері ұйытқы болды. Акция қала мүлкін қорғауға, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталған. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Вандализм жасағандар жазасыз қалмайды.
«Вандализм қоғамның мүлікке зияны тигізуі ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіретінін ескерген жөн. Бұл акция қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеуді, сондай-ақ азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыруды насихаттайды. Жалпы әрбір азамат қала тазалығына немқұрайлы қарамауы қажет. Әсіресе жастар вандализм әрекеттерінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс», - деді елорданың Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев.
«Тоқтал, вандал!» акциясы қалада дәстүрлі түрде волонтерлердің қатысуымен өтеді. Оның аясында қоғамдық орындарда рейд өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных кеңірек тарқатты.
«Саябақтар, аулалар, көшелердегі мүлікті бүлдіретін бұзақылық әрекеттердің алдын алу бойынша тұрақты негізде бас қалада рейд өткізіліп, алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оның барысында сондай-ақ есірткіні жасырын, бүркемелеп насихаттауға тырысатын көше жарнамалары жойылады. Нашақорлардың көбейе түсуіне есірткіні таратушы мен сатушылардың, насихаттаушылардың үлесі мол. Олар билборд, пилон сияқты жарнама құрылғыларын да, граффити сызбаларды да астыртын пайдаланып, «ұн, «тұз», «кір жуу ұнтағын» сатамыз» деп жалған жарнама беретіні анықталып отыр. Аталмыш әрекеттер үшін жарнама берушілер 2019 жылдан бері Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Соңғы кездері оған жасөпірімдер тарапынан қызығушылық байқалады. Сондықтар осындай рейд не акция барысында жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертеміз», - деді С.Ильиных.
«Тоқта, вандал!» акциясы алдағы уақытта қаланың басқа да аудандарында өткізіледі деп жоспарланған. Оған мектеп оқушылары, студенттер және қаланың өзге белсенді жастары тартылады.
Abai.kz