Қазақ тілінің көсегесін қалай көгертеміз?
Бұл сұрақ – өзін қазақпын деп есептейтін, ақыл-есі түзу, көзі ашық, көкірегі ояу әрбәр қазақты ойландыруға тиіс. «Білем» деушілердің айтуына қарағанда, өз жерінде жетімнің күйін кешкен ұлт тілі – қазақ тілінің жағдайын сөз ету, «өтпелі дәуір» деп аталатын мына заманда әлі ертерек көрінеді. Неге? Жауап нұсқасы көп бұл сұрақтың нақты шешімін әлі ешкім айта алмай жүр.
Басқаны білмеймін, өз басым күйгенде осы «өтпелі дәуірден» күйдім. Кім ойлап шығарды осы «өтпелі дәуір» дегенді? Қит етсек болды, осы «өтпелі дәуірге» жабатын болды. Көп оқыған, көзі ашық ағаларымыздың бірінің тәпсірлеуі бойынша, кез-келген жаңа құрылған жас мемлекет «етек-жеңін қымтап, буыны бекігенге» дейін, «өтпелі дәуірді» басынан өткізеді-мыс. Демократиялық құндылықтардан жұрдай, автократияға негізделген мына біздің мемлекетіміздегі жаппай жемқорлық тиылмаса, етек-жеңімізді жинақтауға арналған «өтпелі дәуір» біраз уақытқа созылатын түрі бар. Болмаса, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты, қашан бітеді бұл – ағаларымыз айта беретін «өтпелі дәуір»?
Бәлкім, жаңа құрылып жатқан жас мемлекет тарихында «өтпелі дәуірдің» болуы диалектикалық тұрғыдағы заңдылық та болар. Алайда, осы заңдылыққа бағынбайтын «төтен мәселелер» де болады. Меніңше, осы «төтен мәселелердің» ең бастысы да, негізгісі де – тіл! Ұлттың тілі! Кез-келген ұлттың тілі – тірі ағза! Оған жағдай жасап, күтім көрсетпесеңіз, ұлт тілінің жағдайы күннен-күнге төмендеп, тіршілік қабілетінен айырылып, адамзат тарихындағы «өлі тілдер» қабірстанына бет түзері хақ! Сондықтан да, ұлттық тіл мәселесіне келгенде «өтпелі дәуірдің» өтіп кетуін күтіп отыратын уақыт жоқ. Дәл қазір қазақ тілінің көсегесін көгерту мәселесін ұлт болып мемлекеттен талап ететін уақыт келді!
Мүмкін, кейбіреулер «Елді тасқын су басып жатқанда, қайдағы «талап», – деп айтуы да бек мүмкін. Ол кісілердікі де жөн. Бірақ, халқымызда: «Күннің жаманы кетер», – деген сөз бар. Айтып келмеген табиғи апат та бітер. Оның үстіне президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 сәуірдегі халыққа жолдаған «Үндеуінде» мемлекет апат шығынын халыққа түгел өтеп береді, – деп уәде беріп отыр. Келер күннің шапағатынан үміт үзбейік ағайын! Кез-келген табиғи апат уақытша! Ал, Ана тілі, Баба тілі болған Ұлт тілі – Қазақ тілі мәселесі мәңгілік! Себебі, ұлт тілін мәпелеп, дамытып отыру – ұлтын сүйген әрбір адамның һәм тұтас Ұлттың қасиетті борышы.
Сонымен, мемлекет құрушы қазақ халқының ұлттық тілі – Қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін, мемлекет мына мәселелерді заңмен бекіте отырып, жүзеге асыруға тиіс деп ойлаймын.
1. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмейтін Қазақстан азаматы барлық деңгейдегі Мәжіліс һәм Сенат депутаттығына сайланбасын және мемлекеттік қызметке алынбасын.
Кезінде дәл осы мәселені ақын ағамыз Мұхтар Шаханов көтерді де. Толық қосыламын. Бірінші мәселе – осы. Бұл – әрине қазақ тіл мәселесін мемлекеттік деңгейде шешіп тастайтындай соншалық үлкен қадам емес. Десек те, өзінің үшінші қара сөзінде білімді адамдарды қоғамда басты орынға шығару керек деген хәкім Абай: «Ел билігіне білімді адамдарды сайлау керек. Сонда, қызметқұмар қазақ балаларын оқытар еді. Ол да болса пайдалы іс», – деп айтқандай, қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызмет пен депутаттыққа сайланбасын деген заңды көрген соң, қызметқұмар қазақ балаларын ұлттық мектептерде оқытып, өздері де ұлт тілі – қазақ тілін жақсы біліп, меңгеруге құмартар еді. Хәкім Абай айтқандай: «Ол да болса пайдалы іс».
2. Жоғарғы технологиялық жетістіктер арқылы түсіріліген ұлттық анимациялық фильмдерді көбейте отырып, қандай елден шықса да, балалар көретін анимациялық мультфильмдерді жоғарғы кәсіби деңгейде қазақшаға аударып, дубляж жасау керек. Балалар тек қазақ тіліндегі мультфильдерді көруі шарт.
Балаларға сәби шағынан бастап, өз ұлтының тілі – мемлекеттік тіл, қазақ тілінде сөйлеуге жағдай жасай отырып, сәбилерге ұлт тілін үйрету – мемлекеттік мәселе. Себебі, бүгінгі сәби – ертеңгі ұлт болашағы. Бұл – ақиқат!
Біз қазір бесік тербеген әйелдің суретін салып, астына М. Әуезовтің: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе», – деген сөзін жазып, ауылдың кіре берісіне іліп қоюды әдетке айналдырдық. Бұдан не өзгеріп жатыр? Ешнәрсе де! Бесікті символдық бейнеге айналдырған ғұлама Әуезов сөзінің түп мағынасында: «Ұлттық тәрбие – тал бесіктен бастау алады», – деген ой жатыр. Ал, қазіргі таңдағы біздің балаларымыздың тал бесіктегі тәрбие бастауы қайдан басталады? Кім тәрбиелеп жатыр ұлтымыздың ертеңгі болашағы – бүгінгі жас сәбилерімізді? Жауап қысқа. Анимациялық мультфильмдер! Қаласаң да, қаламасаң да, ұнаса да, ұнамаса да – жауап осы!
Анимациялық мультфильмдер дегенде – шет елдік анимациялық фильмдер. Және барлығы да орыс тілінде! «Алдар көсе», «Қошқар мен теке» секілді бірлі-жарым қазақ тіліндегі ұлттық анимациялық фильмдер – технологиялық сапасының төмен болуына байланысты, біздің балаларымыздың сұранысына жауап бере алмағандықтан, жоғарғы сапалы шет елдік анимациялық фильмдерге бәсекелес бола алмай отыр. Болашақта отандық анимациялық фильмдердің технологиялық сапасын көтеріп, тәрбиелік тағылымы мол, қазақтың бай ауыз-әдебиеті нұсқалары мен бүгінгі күн тақырыбына байланысты фильмдер экранға шыға жатар. Оны күтер уақыт жоқ. Дәл қазіргі таңда, тәрбиелік мәні бар, үздік шет елдік анимациялық фильмдердің барлығын сапалы негізде қазақшаға аударып, жоғары кәсіби деңгейде қазақ тілінде дубляж жасауымыз қажет! Бұл – кезек күттірмейтін уақыт талабы! Ертең десек, кеш қаламыз! Біз қазір өз балаларымыздың шет елдік анимациялық мультфильмдерді көруіне тосқауыл қоя алмаймыз. Сондықтан, балаларымызға ең болмағанда тіл үйрету үшін шетелдік анимациялық фильмдерді тездетіп қазақшаға аударып, содан соң барып, ұлттық анимациялық мультфильмдерді жоғарғы технологиялық сапамен жасай жатармыз. Көрші Ресей өздерінің жоғарғы сапалы анимациялық фильмдері бола тұра, шет елдік анимациялық мультфильмдерді де молынан орыс тіліне аударып тастаған.
Дәл қазіргі таңдағы анимациялық фильмдердің жас сәбилерге тигізер ықпалы мен әсері салыстыруға келмейтіндей өлшеусіз мол. Сондықтан да, анимациялық фильмдер жас сәби мен балалар тәрбиесінде басты рөлге ие болып отыр.
Өз көзіммен көрген бір ғана мысал айтайын: Бір орысы жоқ, қиян шеттегі Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын өзімнің жақсы көретін бір ағамның туған немересінің тілі орысша шықты. Таң қалған біз: – Бұл қалай? – деп сұрағанымызда ағам: – Үйде ешкім орысша сөйлемейді. Ол тілді өзіміз де жақсы білмейміз. Орысша мультфильмдерді телевизордан, планшеттен, телефоннан көре-көре немеремнің тілі орысша шықты, – дейді. Тілі орысша шыққан баланы ертең амал жоқ, орыс мектебіне бересің. Сонда біз өз болашағымыздың тамырына өзіміз қолдан балта шауып жатырмыз ба?
Сәби тілі негізінен 3 жас пен 5 жастың арасында қалыптасады. Бұл жастағы балалардың уақытының 60-70 пайызы, мүмкін, одан да көп көп уақыты көгілдір экран алдында немесе телефон, планшет арқылы мультфильм көруге кетеді. Ал, ол мультфильмдер орыс тілінде. Араласатын орта көбіне орыс тілді. Сонда сәби тілі орысша шықпағанда, қай тілде шығады? Ал, біз болсақ ғұлама Мұхтардың: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе», – деген сөзін ауыл көшесіне жазып қойып, ұрпақ тәрбиесіне байланысты бар шаруаны бітіріп қойғандай алаңсыз жүрміз.
Ұлт тілі – ұлттық негіздегі тәрбие бастауы. Сәби бойындағы ұлттық психологялық өзгешеліктер – ұлт тілін меңгерумен тікелей жалғасып, сабақтасып жатыр. Сондықтан да, ұлттық негіздегі тәрбие бастауы – ұлт тілін меңгеруден басталмақ.
Бір сөзбен айтқанда, сәбилеріміздің тілі қазақша шығып, олардың қазақ тілінде сөйлеуіне жағдай жасау – мемлекеттік саясатымыз бен ұлттық идеологиямыздың ең басты һәм ең негізгі шарты болуға тиіс! Сондықтан да, анимациялық мультфильмдерді қазақ тіліне аударып, жоғарғы сапалы дубляж жасау – ауадай қажет дүние! Бұл – ұлт болашағына байланысты туындаған уақыт талабы!
3. Өзге ұлттар үшін қазақ балабақшаларының төлем ақысын 70 пайызға дейін жеңілдету керек.
Біз онсыз да қазақ тілін дамытып, мемлекеттік дәрежеге көтереміз деп, отандық бюджеттен жылына пәленбай миллион қаржы жұмсап жатқан жоқпыз ба? Қай уақытта да сананы тұрмыс билеген. Балабақшадағы жеңілдікке қызыққан өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ балабақшасына бере бастайды. Нәтижесінде баласы балабақшадан қазақша үйреніп, сөйлеп шығады. Қазақша білген өзге ұлт өкілдері қазақ мектептеріне баруы да бек мүмкін. Олар орыс мектебіне барғанның өзінде де, орыс мектептеріндегі Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Қазақстан географиясы, Технология деп аталатын еңбек пәндері секілді сабақтарды қазақ тілінде жүргізуге толық мүмкіндік ашылады. Мүмкін, уақыт өте келе орыс мектептерін жауып тастап, бір тілде білім алуға мүмкіндік те болып қалар. Ал, дәл қазіргі таңда орыс мектептерін жауып тастауға біздің ешқандай мүмкіндігіміз жоқ. Бәлкім, мемлекеттік деңгейде жүргізілген «жұмсақ саясаттың» арқасында жаппай қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік те ашылар. Ең бастысы, «қос тілділік» мәселесі жойылып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі биіктей түсері хақ. Адам мен адамды жақындастыратын да, табыстыратын да – тіл. Қазақ балабақшасындағы өзге ұлт өкілдеріне берілген жеңілдіктер аясында қазақша үйренген басқа ұлт өкілдері, мемлекет құрушы қазақ ұлтына құрметі артып, жақындай түсіп, олармен түсінісе келе, мүмкін, шын мәніндегі “ұлттар достығына” да жол ашылар?
4. Орта мектеп бағдарламасындағы Қазақ тілі пәнін қалыптасқан грамматикалық жүйесімен, ал, Қазақ әдебиеті пәнін дәуір-дәуірге бөліп (мыс: XVIII, XIX, XX ғасыр әдебиеті деген секілді) сол ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдайларды қамти отырып, ғылыми-теориялық негізде оқыту керек.
Дәл осы мәселелер туралы ойлансам, көкірегіме ащы өксік тығылып, шарасыздықтан қорланып кетемін. Кейде отырып өзімді-өзім мүсіркеп, аяймын. Абайдың: «Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір», – деген сөзі өзі туралы болса да, дәл маған арналған.
Хәкім Абай: «Болмасқа болып», – дегенде, кішкентай, майда-шүйде, болмашы тірліктерге араласып «қара тер» боп қайтесің деп тұрған жоқ. Керкеткен, орындалмайтын, шама жетпейтін мәселелерге араласып, өмірім қор болды, – деп тұр, ұлы данышпан.
Ішінде жүрген соң білдік, көзімізбен де көрдік. Болашақтағы нәтижелерінің қандай боларын да шамаладық...
Орта мектеп бағдарламасы бойынша жасалған «Қараев технологиясы», «Блумм жүйесі», «Кембридждік оқу әдісі», «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты «реформалар» еліміздің орта білім саласындағы оқу жүйеміздің тас-талқанын шығарды. Осы «білім реформалары» нәтижесінде дәл қазіргі орта мектептерде бүкіл ұлттық тарихымыз бен ұлттық рухымыздың қайнар көзі – Қазақ әдебиеті пәні дәуір-дәуірге бөлініп, ғылыми-теориялық негізде оқытылмайды. Әдебиет пәнінен белгілі бір тақырыпта «шығарма» да жазылмайды. Кейбір «білгіштер» онда тұрған не бар? «Шығарма» жазылмаса орнына «Эссе» жазылып жүр ғой дер. «Шығарма» мен «Эссенің» айырмашылығы жер мен көктей. «Эссе» – белгілі бір тақырып туралы оқушының жеке ойы мен көзқарасы болса, «Шығарма» – белгілі бір тақырыпты дәлелді түрде, ғылыми негізде жазу. Қазір университет студенті аталған менің кейбір оқушыларымның айтуы бойынша, белгілі бір тақырыптағы курс жұмысын ғылыми негізде жазуға қатты қиналатын көрінеді. Мұның негізгі себебі: Баланың мектеп қабырғасынан бастап «Шығарма» (Сочинение) жазып үйренбегендігінде болып отыр.
Бұл да ештеме емес-ау. Қазіргі оқушылар да, студенттер де өте сауатсыз. Олар қарапайым сөздердің өзін грамматикалық тұрғыдан сауатсыз жазады. Бір сөзбен айтқанда, білімнің алғашқы негізі қаланатын, орта білім бағдарламасы бойынша жасалған «білім реформаларының» нәтижесінде, біз білімсіз һәм сауатсыз ұрпақ қалыптастырып үлгердік. Олар сауатсыз әрі білімсіз болмағанда қайтеді? Қазіргі орта мектеп білім бағдарламасы бойынша оқушылар Қазақ әдебиеті пәнін дәуір-дәуірге бөліп, ғылыми негізде оқуы былай тұрсын, жүйелі түрде қазақ тілі грамматикасын да оқымайды. Диктант та жазбайды. Оқушыға «2» деген баға қоюға да, «мынауың дұрыс емес» деп айтуға да болмайды. Бұл – соңғы «білім реформаларының» талабы. Нәтижесіне жоғарыда тоқталып өттік. «Білім реформалараның» болашақтағы нәтижелерінің қандай боларын көзіқарақты мұғалімдердің бәрі де білді. Біз де айтық. Жаздық та. «Бүгінгі білім саласы: «Кім кінәлі?» дегеннен көрі «Не істейміз?» деген сұрақ төңірегінде ойлансақ...» (Жас Алаш. 6 сәуір. 2017 жыл) «Білім берудің Ұлттық концепциясы керек, министр мырза» (Абай.кз порталы 27 мамыр, 2021 жыл) «Сіз қателесесіз, министр мырза!» (Абай.кз порталы 2 ақпан, 2020 жыл) «Жаңартылған оқу бағдарламасы» деген не?» (Абай.кз порталы 9 наурыз, 2022 жыл) «Білім реформалары хақында» (Егемен Қазақстан 11 маусым, 2023 жыл) Бұлардан да өзге қаншама зерттеу, талдау мақалаларын жаздық. «Мәу» деген ешкім болмады. Әсіресе, Шыңғыс хан төңірегінде жоқтан өзгеге таласып, бір-біріне «Мен»-нен басқаны айтпайды», немесе, «Аты-ДТ, руы-ҚТ», – деп жүрген, көзі тірісінде-ақ «классик» аталған, «ұлт зиялысы» дәрежесіндегі ағаларымыздың бірде-бірі ұлт болашағы – жас ұрпақтың келешегі үшін үн шығаруға жарамады. Ұлт болашығын ойлауға өресі жетпейтін, бұл не қылған «зиялылық»?
Қазір осы «зиялы» деген ағаларымыз болмайтын нәрсеге дауласып, таласып жүр. Сонда оларды «Болашақта бізді кім оқиды?», – деген сұрақ төңірегі ойландырмай ма? Ұлт тілі өлсе, олардың классикалық шығармалары да мәңгілікке өлмей ме? Осы қарапайым қағиданы түсінбесе олардың «аяқтағы суға ағылып өлгені ғой». Ұлт тілінің болашағы ойландырады, «зиялы-ау» дегендердің талайымен сөйлескенмін. Айтатындары: «Қалай араласамыз бұл мәселеге? Біз мектеп бағдарламасын түсінбейміз ғой».Түсінбейтін түк те жоқ. Кез-келген жалпы орта мектепке барыңыз да 5-11 – сынып аралығындағы Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті пәндеріне арналған оқулықтарды алып, қарап көріңіз. Бәрі де түсінікті болады.
Білмедік, қанша айтып жазғанымызбен «аузымыздың дуасы» жоқ па, жоғарыда отырғандар мен «зиялы ағаларымыздың» ешқайсысын да селт еткізе алмадық. Мақұл, тағы да айтармыз, жазармыз да. Нәтиже қайда? Не өзгеріп жатыр? Жарайды, мұның бәрін қойшы..
Алдын ала не ғылыми зерттеу, не ғылыми эксперимент жасалмай, талап-талғамсыз, еліміздің мектептеріне күшпен енгізілген «Білім реформаларының» нәтижесінде қарғысқа ұшырағандай білімсіз һәм сауатсыз хәлге жеткен «жоғалған ұрпақтың» обалы кімге?!
Бұрын да айтқанбыз, тағы да қайталаймыз: Орта білім бағдарламасына күшпен енгізілген «білім реформаларының» нәтижесінде, адамзат үшін ең ауыр трагедия – «ұрпақ жоғалтарымызды» білдік. Тек мен емес, көзіқарақты мұғалімдер қауымы түгел білді. Нәтижесінің қалай боларын айттық. Әлі де айтып келеміз. Одан не пайда? «Болмасқа болып қара тер» болған өміріміздің 10-15 жылы осымен кетіпті. Айналып келгенде: «Жартасқа бардымның» кері болды. Шарасыздықтан көмейіңе ащы өксік тығылады...
Бір мемлекетті басып алу үшін оған соғыс ашып, атом бомбасын тастап әуре болудың қажеті жоқ. Ол үшін сол елдің білім жүйесін тас талқан етсең болды, – деген ұстанымда болған шет елдік диверсиялық күштер, бір адамға табынып, жемқорлық жайлаған біздің авторитарлық жүйедегі парақор шенеуніктерді ақшамен сатып алып, «Қараев технологиясы», «Кембридждік оқу әдісі», «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформалары арқылы еліміздің қалыптасқан білім жүйесін тас-талқан етіп, ұлт болашағын жойып, тәуесіздігіміздің тамырына балта шауып жатқандай болып көрінеді маған. «Мемлекеттік мүдде» дегеннің не екенін білмейтін біздің жемқор шенеуніктерден бәрін де күтуге болады.
Еліміздің болашағы жас ұрпақтың психологиялық тұрғыдағы жеке тұлға болып қалыптасуына жетекші күшке ие, ұлттық рух пен ұлттық кодымыздың негізі – «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ әдебиеті» пәнін ғылыми негізде оқытпайтын, «Қазақ тілі» пәнінің грамматикасын жүйелі түрде тереңдете меңгертіп, бұл пәннен диктант жаздырмайтын, «дұрыс емес» деп оқушының қатесін түзетуге болмайтын, оқушы ойын жазбаша сауатты түрде жеткізуге үйретпейтін, еліміздің орта білім бағдарламасына күшпен енгізілген «білім реформалары» жоғарыда айтқан ойымыздың анық айғағы емес пе?
Қазіргі таңда, Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаевтың жеке басының Қазақстан байлығынан ұрлаған ақшасы 200 миллиард АҚШ доллары деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей есіп тұр. Дәл осы мәселеге байланысты өзімнің жеке басым ешнәрсе де айта алмайды екенмін. Себебі, ұрлады десем, дәлелдеуім керек. Ұрламады дейін десем, Назарбаевтың өзі бұл ақпаратты БАҚ құралдары арқылы жоққа шығарған жоқ. Үміттен күдік басым...
Жеке өз ойым: Дәл осы ұрлады деген 200 миллиард АҚШ долларын Назарбаевқа кешірер едім. Ал, бірақ, еліміздің қалыптасқан білім жүйесін тас-талқанын шығарып, нәтижесіндегі «жоғалған ұрпақ» обалын Назарбаевқа екі дүниеде де кешпеймін! Себебі, биліктің «үш тармағын» түгел өзі сайлап, абсолюттік, авторитарлық-президенттік билікке ие болған Н.Назарбаев өз кезіндегі елеміздің жетістігі үшін де, кемшілігі үшін де түгел жауапты болмақ! Білім саласындағы келеңсіз жасалған «реформалар» туралы Назарбаев білмейді екен, – деген әңгімелер: «Сталин репрессия туралы білмей қалыпты. 37-нің репрессиясын жасаған Сталин емес, Сталиннің айналасы көрінеді», – деген секілді бос әңгімелер.
Қалай десек те, қалыптасқан оқу жүйеміздің тас-талқанын шығарған «білім реформалары» үшін сол кездегі президент һәм Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт алдындағы күнәсі мен кінәсі шаш-етектен.
Жалпы, мемлекеттік саясатта қателіктің болмағаны немесе қателіктің мүмкіндігінше аз болғанына не жетсін?! Алайда, ұрпақ тәрбиесі мен білім туралы үлкен саясаттағы кішкентай қателік – болашақ ұрпақ алдынан еселеп шығады. Шығып та жатыр. Сондықтан да, білім саласы мен ұрпақ тәрбиесі жөніндегі қателікке жол жоқ! Кешірім де жоқ!
Еліміздің білім жүйесінің қазір де жетісіп тұрғаны шамалы. «Жаңа Қазақстандағы» жас ұрпақ ұлтты жоюға бағыт ұстаған «Ескі Қазақстанның» «білім реформалары» жасап берген көне жүйесі бойынша білім алуда. Ешқайда бастамайтын бұл баспалдақтың қашан бітері белгісіз...
Қазіргі білім саласындағы бұл аталмыш келеңсіздіктен құтылудың бір-ақ жолы бар! Ол – білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» (концепциясын) қабылдауымыз керек! Білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасының» жобасы туралы мен өзімнің 2021 жылдың 27 мамырында «Абай.кз» порталында жарияланған «Білім берудің «Ұлттық концепциясы» керек, министр мырза» атты мақаламда айтып өткендіктен, бұл мәселеге қазір тоқталып жатуды жөн санамадық.
Қазіргі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың осыдан біраз бұрын «EDECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры болып жүрген кезінде белгілі журналист Аман Тасығанға берген сұхбатына қарағанда, ол қазіргі білім саласындағы дағдарыстың жәй-күйі туралы өте жақсы біледі. (Сұхбат «YouTube» каналында күгі бүгінге дейін жүр.) Ғ. Бейсенбаевтың Қазақстан Оқу-ағарту министрі болып сайланғанына екі жылға таяды. Бірақ, ол еліміздің орта білім саласының барлық кемшілігі мен кемшін тұстарын өте жақсы білсе де, әлі күнге үнсіз отыр. Неге? Әлде «Үйдегі ойды, базардағы нарық бұзып тұр ма?» Ол жағын білмедік. Білеріміз: Жаңа Оқу-ағарту министрі «Ескі Қазақстанның» «білім реформалары» тас-талқанын шығарған «көне сүрлеумен» жорытып келеді. Бет алысы қай жақ? Қайда барып тоқтайды? Белгісіз...
Еліміздің білім саласының қазіргі жай-күйін бүге-шігесіне дейін тарқатып айтып жатуымыздың себебі біреу-ақ. Ол – орта мектеп бағдарламасы бойынша оқытылатын Қазақ тілі пәні мен Қазақ әдебиеті пәнінің оқытылуының жәй-күйін ретке келтірмей, біз қазақ тілінің көсегесін еш уақытта да көгерте алмаймыз! Себебі, Қазақ тілі пәні мен Қазақ әдебиеті пәні – Ұлттық рухымыздың алтын тамыры. Ал, Ұлттық рухсыз – ұлт тілінің көсегесі еш уақытта да көгермейді. Сөз басында айтылып, жеке тоқталған:
- Мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмейтін Қазақстан азаматы барлық деңгейдегі Мәжіліс һәм Сенат депутаттығына сайланбасын және мемлекеттік қызметке алынбасын.
- Жоғарға технологиялық жетістіктер арқылы түсіріліген ұлттық анимациялық фильмдерді көбейте отырып, қандай елден шықса да, балалар көретін анимациялық мультфильмдерді жоғарғы кәсіби деңгейде қазақшаға аударып, дубляж жасау керек. Балалар тек қазақ тіліндегі мультфильдерді көруі шарт.
- Өзге ұлттар үшін қазақ балабақшаларының төлем ақысын 70 пайызға дейін жеңілдету керек.
- Орта мектеп бағдарламасындағы Қазақ тілі пәнін қалыптасқан грамматикалық жүйесімен, ал, Қазақ әдебиеті пәнін дәуір-дәуірге бөліп (мыс: XVIII, XIX, XX ғасыр әдебиеті деген секілді) сол ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдайларды қамти отырып, ғылыми-теориялық негізде оқыту керек, – деген жоғарыда көрсетілген төрт мәселені халық болып, билік пен үкіметтен һәм парламенттен талап етіп, заңдастыра отырып жөнге келтірсек, мүмкін, Ұлт тілі – қазақ тілінің көсегесі көгерер, – деп ойлаймын.
Сіз қалай ойлайсыз? Ақыл қос, ағайын!
Нұрғали Махан
Abai.kz