Қазақстанда орман қорғау қызметі пайда болды
Бүгін, 2024 жылдың 4 мамырында премьер-министр Олжас Бектенов Орман қорын күзету және қорғау қызметін құру туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
Жаңадан пайда болған Республикалық азаматтық қорғау қызметі Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан құрылған. Ол төтенше жағдай кезінде, соның ішінде орман өртін сөндірген кезде орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Орман қорын күзету және қорғау қызметі мемлекеттік органдардың алапат орман өрттеріне қарсы күрес шараларын жақсырақ үйлестіруге, тиісті мекемелерді техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру үшін білікті кадрлар құрамын жасақтауға мүмкіндік бермек», - деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.
Естеріңізге сала кетейік, Абай облысындағы орман өрті 2023 жылдың 8 маусымда тұтанған. Бір апта бойы ырық бермеген қызыл жалын 60 мың гектар қарағайлы алқапты күлге айналдырды. Алғаш болып тілсіз жауды жалаң қолмен ауыздықтауға аттанған 14 орманшы қаза тапты. Кейін Бесқарағай ауданынан өрт сөндіруге келген тракторшы да тірідей жанып кетті.Қазақстанда Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды.
Abai.kz