Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 712 1 пікір 10 Маусым, 2024 сағат 10:53

Теңге ілуден халықаралық федерация құрылды

Сурет: elana.kz

Алматы облысында өтіп жатқан Азия чемпионаты қарсаңында Теңге ілуден халықаралық федерациясы құрылды. Федерацияның негізін қалаған мемлекеттер: Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Венгрия елдерінің ұлттық федерациялары.

Халықаралық федерацияның басшысы болып қазақстандық кәсіпкер, Теңге ілу республикалық федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров сайланды, атқарушы директор болып Айбек Түркебай бекітілді. Жаңадан құрылған федерацияның вице-президенті болып Қытай өкілі Жи Жияуинь тағайындалды. Негізін қалағандардың қатарына Венгрия этноспорт федерация президенті Aттила Хоттак, Монғолия Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Ром Ауесхан кірді. Арнайы ұйымдастырылған конференцияда теңге ілу спортының ортақ ережесі қабылданып, болашақ жоспары талқыланды.

Жиын барысында Теңге ілу республикалық федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

«Қазір күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қарқынды дайындық жұмыстары және оған қатысатын спортшыларды іріктеу жүріп жатыр. Осы дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалу үшін ұлттық құрама ай сайын оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Сонымен қатар, сәуірде теңге ілуден Азия Кубогы өтсе, бүгін Азия чемпионаты басталады. Оқу-жаттығу жиындары тамыз, қыркүйек айларында да жалғасып, осы жиында ДКО-на қатысатын ұлттық құрама жасақталады», - деді федерация басшысы.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев қазір өзге мемлекеттерде теңге ілу ұлттық спортымызға деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.

«Теңге ілуден Азия федерациясының құрылуы ұлттық спортымыздың дамуына қосымша серпін беретіні анық. Дәстүріміз бен құндылықтарымызды дәріптейтін ұлттық спорт түрлерінің әлемге танымал бола түсуіне қыркүйекте елордамызда өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының да зор ықпалы болады деп ойлаймын», - деді Т.Есентаев.

Аспан асты елінің өкілі Жи Жияуинь өз елінде теңге ілу спортына қолдау да, қызығушылық та бар екенін айтты.

«Бұл ұлттық спорт түрі – елдің арасындағы мәдени-спорттық қарым-қатынасты нығайта түсу үшін өте жақсы құрал. Алдағы уақытта теңге ілудің біздің елімізде де танымал спорт түріне айналуы үшін жұмыс істейміз», - деді ол.

«Корея, Жаңа Зеландия, Бангладеш, Болгария сияқты ат спортымен шұғылданатын көптеген мемлекет теңге ілуге қызығушылық білдіріп отыр. Мұны ары қарай дамыту үшін Қазақ елінің мүмкіндігі мол. Өйткені Қазақстанның әрбір облысы мен аудандарында ұлттық спорт мектептері бар. Оларда жыл сайын ұлттық спорт түрлері бойынша жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында түрлі жарыстар өтіп тұрады», - деді Монғолия Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Ром Ауесхан.

Айта кетейік, бүгін Алматы облысында тұңғыш рет теңге ілуден ересектер арасында Азия чемпионаты басталды. Екі күнге жалғасатын чемпионатқа 10 елдің спортшылары қатысып жатыр. Сары құрлық сайысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Ресей спортшылары бақ сынайды.

Еске сала кетейік, Республикалық теңге ілу федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340