Қазақтар Оңтүстік Кореяда үш жыл заңды жұмыс істей алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға сапары кезінде барлық қажетті құжатқа қол қою көзделгенін айтты, деп хабарлайды Abai.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрден Қазақстаннан барған мигранттардың Оңтүстік Кореяда қашан жұмыс істей алатынын сұраған.
– Біз Оңтүстік Корея президенті келгенде қол қоямыз деп жоспарладық. Бірақ, өкінішке қарай, корей тарапы үлгермеді. Сондықтан қол қою процесін жеделдету мақсатында олардың жауапкершілігі болуы үшін меморандумға қол қойдық. Уақыт бойынша айта алмаймын, бұл басқа мемлекет қабылдайтын шешім. Менің білуімше, ол жақта бір мемлекеттік органның мақұлдауы ғана қалған, - деді ол.
Сондай-ақ, Қазақстан азаматтары ол жақта қандай мамандық бойынша жұмыс істей алатыны сұралды.
– Бұл меморандумға байланысты болады, сондықтан Оңтүстік Корея тарапы мигранттар орналаса алатын мамандықтарға квота белгілейді, - деді министр.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтары заңды түрде Оңтүстік Кореяға барып, үш жыл жұмыс істей алады.
Abai.kz