Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Билік 1570 0 пікір 26 Маусым, 2024 сағат 16:27

Ресей астығын сатқандар: 10 қылмыстық іс сотта қаралды

Фото: Павлодар өңірлік коммуникациялар орталығы

Заңсыз астық импорты бойынша өңірдегі шаруа қожалықтарына қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген 10 қылмыстық іс сотта қаралды.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ең қауіпті әрі күдікті қаржылық операцияларды талдай келіп, 30 қылмысты анықтаған.

Бұл заңбұзушылықтар бойынша қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабында айқын көрсетілген.

Келген залал 6 миллиард теңгеден асқан.

Оның 300 миллион теңгесі тергеу процесі кезінде өтелді.

- Көршілес мемлекеттерде, атап айтқанда, Ресейде өндірілген астықты үлкен көлемде елге әкеліп, жалған шот-фактура жасау арқылы Таяу Шығыс елдеріне қазақстандық өнім ретінде экспортқа шығарып жатқандар анықталды. Олар өнімді көбіне Ауғанстан, Иран, Тәжікстан сияқты мемлекеттерге жібереді. Бұл біздің отандық экономикамызға, өңіріміздің шаруа қожалықтарына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Өзіміздің өнімдеріміз шетелге шықпай қалады немесе сатылған күнде де бағасы төмендеп кетеді. Сондықтан да мұндай заңсыз іс-әрекеттер біздің ұлттық экономикамызға үлкен залал келтіреді, - дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерік Есенов.

Облыстағы жүйелі проблемалардың бірі - заңсыз астық импорты. Бұл ретте шаруа қожалықтарына қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген.

Оның ішінде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген 10 қылмыстық іс сотқа жолданып, қаралды.

Атап айтқанда, олардың бірі - «Ертіс» шаруа қожалығы. Басшысы жалған шот-фактура жасау есебінен 50 миллион теңгеге жуық кіріс тапқан.

Ол бұл қаражатқа Toyota Camry автокөлігі мен Павлодардағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған.

Шаруа қожалығы басшысы үш жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.

Тағы бір кәсіпорын - «Восток» ЖК өкілдері бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Олар «Дамас» ШҚ, «Дияр», «Алтын Бидай», «Север», «Ансар» ЖК және «Ansar_ANSAR» ЖШС-тері үшін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша жалған шот-фактура дайындап отырған.

Қылмыстық табыс сомасы 50 миллион теңгені құраған.

Еске сала кетейік, мұның алдында заңсыз спирт өндірген зауыт басшысы билікке 20 мың доллар пара ұсынған еді.

Дереккөзі: Қазақпарат

Abai.kz

0 пікір