Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4310 0 пікір 3 Ақпан, 2014 сағат 13:00

«ЖЕТІ АҚСАҚАЛДЫҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙ БЕРСІН!

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі

Мұхтар ҚҰЛ–МҰХАММЕД мырзаның,

Қызылорда облысының әкімі

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ мырзаның назарына!

 

«ЖЕТІ АҚСАҚАЛДЫҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙ БЕРСІН

немесе

Көргенді ел ұлыларын ұлықтаудан танбайды

 

ҚҰРМЕТТІ ЕЛ АҒАЛАРЫ!

Елбасымыздың сындарлы саяси жетекшілігінің нәтижесінде егемен еліміздің еңсесі биіктеген сайын оның әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани хал-күйі де ел талабына сай қарыштап өсіп келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Тек соңғы жиырма жылдың өзінде қаншама жаңа театр шаңырақ көтеріп, концерттік ұжымдар мен өнер оқу ордалары халқымыздың игілігіне сәйкес серпінді жұмыс істей бастады.

Осындай мазмұнды да ауқымды істеріміздің тасасында қалып қоймай, келешекте ескерілсе екен деген қайсыбір ойларымызды (өздеріңізбен ақылдасу ретінде) ортаға салсақ, оның еш сөкеттігі бола қоймас. Керісінше, рухани сұраныстарымыздың орны толыға түсіп, айтқалы отырған азды-көпті пікірлеріміз ел-жұрт тарапынан, Сіздер тарапынан қолдау тауып кетсе нұр үстіне нұр.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі

Мұхтар ҚҰЛ–МҰХАММЕД мырзаның,

Қызылорда облысының әкімі

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ мырзаның назарына!

 

«ЖЕТІ АҚСАҚАЛДЫҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙ БЕРСІН

немесе

Көргенді ел ұлыларын ұлықтаудан танбайды

 

ҚҰРМЕТТІ ЕЛ АҒАЛАРЫ!

Елбасымыздың сындарлы саяси жетекшілігінің нәтижесінде егемен еліміздің еңсесі биіктеген сайын оның әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани хал-күйі де ел талабына сай қарыштап өсіп келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Тек соңғы жиырма жылдың өзінде қаншама жаңа театр шаңырақ көтеріп, концерттік ұжымдар мен өнер оқу ордалары халқымыздың игілігіне сәйкес серпінді жұмыс істей бастады.

Осындай мазмұнды да ауқымды істеріміздің тасасында қалып қоймай, келешекте ескерілсе екен деген қайсыбір ойларымызды (өздеріңізбен ақылдасу ретінде) ортаға салсақ, оның еш сөкеттігі бола қоймас. Керісінше, рухани сұраныстарымыздың орны толыға түсіп, айтқалы отырған азды-көпті пікірлеріміз ел-жұрт тарапынан, Сіздер тарапынан қолдау тауып кетсе нұр үстіне нұр.

Қазақ жерінде тыңнан түрен сала тұңғыш кәсіби театрдың іргесін қалап, шаңырағын көтерген талапкерлерге алғашқы талпыныс оңай болмағаны анық. Себебі, тарихы сандаған ғасырлармен есептелетін әлемдік театрдың жүріп өткен ұлан-ғайыр жолымен салыстырғанда қазақтың ұлттық сахна өнері сол ұлы көште аяғын апыл-тапыл басқан сәбиді елестетеді. Тарихы әлі жүз жылға да жеткен жоқ. Бірақ соған қарамастан, қазақ даласында әлем театрларымен талант тайталастыра алар драма өнерінің ұлы мектебі қалыптасты. Алаш топырағына театрдай таңғажайып әлемді тарту етіп қана қоймай, кемел келешегі үшін жанын салып ұмтылған сол кездегі жалынды жеті жастың тау қопарып, мұхит кешкенмен пара-пар ерен еңбегі өткеніне құрметпен қарайтын ұлтымыздың ойлы ұрпағы үшін тағылымның қайнар бұлағы. Өнер өткелдерін тілге тиек етер кез келген жан бұл ақиқаттан, уақыт–ағзам әділ бағасын айқындап берген шежіре шындықтарынан әсте айналып өте алмақ емес. Себебі, әртістікке арнайы маманданбақ түгілі, тіпті атауын естіп те көрмеген халық үшін тұңғыш кәсіби театр труппасының өнерін тамашалау – ұлы жаңалықтың жаршысы, сындарлы сахна саласының алғашқы баспалдағы еді.

Әуелде мерекелік жиын, ауыл арасындағы ойын-сауық кештерінде озық өнерімен, өткір де өтімді қағытпа қалжың, күлдіргі көріністерімен шағын ортаны думанға бөлеп келген әуесқой өнерпаздар талантының танылып, өнерінің өрістеуіне, таралу аймағының кеңеюіне бірден бір ықпал етуші күш – халық көп жиналатын шулы да қиқулы басқосулар болса, соның ішіндегі ең елеулісі – Қоянды жәрмеңкесі еді. Дабысы күллі әлемге мәшһүр жәрмеңкеден түлеп ұшқан кезбе труппа мен қазақтың сайын даласының түкпір-түкпірінен жиналған талабы зор жастардың дүлей талпынысы кәсіби ұлт театрының ту көтеруіне тікелей ұйытқы болды. Талантты жастардан құралған ұжым Семей топырағында ұйымдастырылған татар өнерпаздарымен достықты әйгілейтін «Шығыс сазы», кейінірек өмірге келген «Ес–аймақ» үйірмелерінде барынша жаңа тынысын ашты. 1915 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың қолтаңбасында ұсынылған «Біржан Сара» қойылымымен тұңғыш рет театр атты ұғымның түндігі түрілді. 1917 жылдың жазында демалысқа келген жастар Ойқұдық жайлауында Мұхтар Әуезовтің әдеби нұсқасы негізінде сахналаған «Еңлік –Кебек» трагедиясы да тарихи сәттің алғашқы жаршысы болатын. Саф өнердің сахарасы Семейден ауызданған өнердің ұлы көші осылайша 1926 жылдың 13 қаңтарында Алаштың сол кезгі астанасы Қызылорда топырағында шешек ата түсті. Алғашқы өнер көшін бастап келген тұңғыш труппа құрамына кірген санаулы жастың ұлы мақсат жолындағы жанкештілігі, өнерге деген мұқалмас махаббаты сахна аталатын соны сиқырдың сырын ашуға жетеледі. Тек дәстүрлі драма саласы ғана емес, бүгінгі ұлтық опера және балет, филармония, кино өнері, сондай-ақ, сандаған оркестрлер – бәрі де тұңғыш кәсіби театр төңірегінен қанат қатайтқан ұлы өнердің төл балалары.

Дүниеге келгені ресми түрде мәлімденгеннен бергі соқпағында 88 жылды тарих қойнауына ысырған қазақ театрының алда (2016 жылы) 90 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осы мерейлі оқиғаға орай Сіздердің назарларыңызға ұлт театры төңірегінен тарқатылатын үш мәселені айта кеткіміз келеді.

Біріншіден, жоғарыдағы сөзімізде атап өткендей, еуропалық үлгіні ұстанған ұлттық нақыштағы алғашқы қойылым Семей топырағында өмірге келгенімен, ресми түрде кәсіби қазақ театрының кереге керіп, шаңырақ көтерген жері – Қызылорда шаһары. Яғни Ақмешіт атырабы – ұлт өнерінің меккесі, тарихына немкетті қарамайтын, өнер қадіріне жетер кез келген азаматтың табан тигізіп, тәу ететін қасиетті мекені. Міне, осы тұңғыш кәсіби театрымыз өмірге келген ғасырға жуық уақыттың ішінде Қызылорда топырағында өнердің өнегелі жолын әйгілейтін бірде бір ескерткіш белгінің бой көтермеуі, нақтырақ айтсақ, облыс орталығында алғашқы театр іргетасын қалаушы жеті ақсақалдың сәулетті мүсіндері әлі күнге дейін салтанатты түрде еңсе тіктемеуі қазақ халқының рухани сұранысын қанағаттандыра қоймасы белгілі.

Әйтпесе, бұл құрметке қаз басқан қазақ театрының сахнасын жалғыз өзі бірнеше рөлді бір мезгілде ойнап, тұрмыс мешеулігін, ел жуандарының зорлық-зомбылық, тұрпайы қылықтарын әшкерелейтін сықаққа құрылған шағын қойылымдарымен бағындырған театр тарланы – Қалибек Қуанышбаевты лайықсыз дер ме едік? Талай жылғы тәжірибесінің нәрін, сөлін сүзіп, Абайдай алыптың классикалық бейнесін сахнаға тұңғыш алып шығуы да арқалы актер еңбегінің өлшеусіз екендігін әйгілейді.

1925 жылы Париж аспанын әуелеген әнге бөлеп, дүниежүзіне ұлттық өнеріміздің құдіретін паш еткен алпауыт әнші Әміре Қашаубаев та театр іргетасын қалаушылардың бел ортасында жүріп, жалын құшып, өнер өртіне шарпылды. Таңдайына бұлбұл ұялаған ел мақтанышы, тағдыры зар-мұңға айналған күміс көмей Әміренің еңбегін келер ұрпаққа үлгі емес деп тағы айта алармыз ба?

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде қойылым үстінде аяқ астынан тап болған келеңсіздікке кезек бермей, дер сәтте тығырықтан шығар жол тауып, кесек күлкі, талғамды тапқырлығымен талайды тамсантып, шеберлік шыңына шыққан Бекежан – Құрманбек Жандарбековты ұлт өнеріне өлшем емес еді деп кім айта алар?

Құйындай жүйіткіген желдірмелері мен теңіздей толқындана төгілген термелері арқылы ана тілін тұғырына қондырып, сөз киесінінің қадірін ұқтырған Иса Байзақовтың суырыпсалма сұңғылалығы; Мұхтар Әуезовше айтсақ, жүре актер болуынан гөрі, туа актер болуы басымырақ (самородок) тума таланттар – Елубай Өмірзақов пен Серке Қожамқұловтың сахнадағы шыншыл да шынайы шеберлігі; театр тарихынының қазыналы шежірешісіне айналған Қапан Бадыровтың қай еңбегі де ұрпақ үшін тағылымды мектеп. Айтпақшы, орайы келгенде айтпай кетуге болмас бір мәселе, салиқалы руханиятымыздың қара нарындай өрелі өнеріміздің алғашқы да ауыр жүгін аянбай алға тартқан, драма өнеріміздің негізін салушылардың бірі, марғасқа майталманымыз Қапан Бадыров өмірден өткелі он бес жылдың жүзі болды. Есімі мүлдем елеусіз қалды. Туған жері – Қостанай, еңбек жолын бастаған өлке – Қызылорда, бүкіл саналы ұзақ ғұмыры саясында өткен Алматысы абыз актер еңбегін әзірге ескерер емес. Биыл сахна шежірешісінің 110 жылдығы. Бәлкім, марқұмның есімін есте қалдыруды осы тұста ойланармыз.

Қазақ театр өнерінің «келешегіне аса жауапты» (М.Әуезов. –авт.) екендігін жұрттан бұрын ұғып, жоғарыдағы жеті ақсақалдың басындағы алтын тәжіндей болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жүйелі іске жұмылдырған, маманы тапшы уақытта драматург те, режиссер де, сахна, музыка зерттеушісі де, актер де бір өзі бола жүріп сан түрлі өнерді бір арнаға тоғыстырған ұлы ұйымдастырушы Жұмат Шаниннің ересен еңбегін де келешек ұрпақ аспандата, асқақтаты түсуі тиіс.

Өздеріңіздей қазақтың ұлтжанды азаматтары ат үстінде жүрген тұста, театрдың тоқсан жылдығы қарсаңында осындай игілікті істер қолдау тауып, жүзеге асып жатса, облыс қана емес, мұқым қазақтың абыройының асқақтағаны, ұрпақ алдындағы ұлы міндеттің орындалғаны деп білеміз. Алдағы уақытта Қызылорда шаһарының көрнекті жерінен бой көтерер ескерткіштер гүлзары (аллеясы) өнер саласында жүрген өкше басар сахнагерлерден бөлек, жергілікті жұртшылықпен бірге киелі қалаға қыдырып барған қонақтардың да үнсіз келіп тағзым етер тағылымды ордасына айналары сөзсіз. Бастысы – жас ұрпақ бойына рух дарытар еді.

Рас, бұл күндері аталған тұлғалардың есімдері бір-бір театрлар мен филармониялардың еншісінде. Әйтсе де, Ақмешіт өңірінде әлгі атақты арыстарымыздың мүсіндері сап түзеп, алғашқы артистер гүлзары (аллеясы) анадайдан қол бұлғап көздің жауын алып тұрса, көптік етпес еді деп ойлаймыз.

Екіншіден, Қызылорда өңірінің түлегі, қазақ сахнасының анасы, көрнекті актриса Сәбира Майқанова есімі республикалық немесе облыстық өнер, мәдениет ошақтарының біріне берілсе және бір игілікті іс өзінің табиғи шешімін тапқан болар еді. Сәбира Майқанова – мәңгі өлмес өнер иесі. Театрдың анасы атанған талантты тұлға. Талайды тамсантқан Толғанайымен-ақ өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен әлемдік деңгейдегі алып актриса. Ұлт мақтанышы. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне, М.Әуезов театры труппасының құрамында бірнеше халықаралық театр фестивальдеріне қатысып өнер құдіретін ел аймағында ғана емес, дүниежүзілік шеңберде мойындатқан сахна саңлағының рухын қалай әспеттесек те орынды. Биыл сол даңқты апамыздың, сахна анасының 100 жылдық мерейтойы. Республикамыздағы мәдени ғимараттардың біріне актриса есімін беру – ғасыр тойы тойланғалы отырған тұлғаға деген құрметімізді әйгілеп қана қоймай, өнерге сіңірген еңбегін өскелең ұрпақтың ұмытпай, мәңгілік жадында ұстауына бағытталар жарқын істің бастамасы болары анық. Ұлтын ұлықтаған қазақтың өнерсүйер азаматтары ретінде осынау ұсынысымызға қолдау білдірсеңіздер, Алаш өнерінің абыройы биіктей береріне титтей де күмән жоқ.

Үшіншіден, алда театрдың торқалы тойының келе жатқандығын тағы бір мәрте тілге тиек ете отырып, қазақ кәсіби театр өнерінің меккесі Қызылордада немесе Алаштың бас қаласы Астананың төрінде тұңғыш көркем театрды құрушы қайраткерлерге арнап мұражай ашу мәселесін ескерген жөн секілді. Тума дарындарының арқасында ұлт өнерінің мерейін асқақтатып, болашаққа жеткізген, ұрпағына аманат етіп тапсырып кеткен сол бабаларымыздың жанкешті тірлігінен бүгінде тек театр айналасындағы мамандар болмаса, көбінше, көпшілік қауым бейхабар . Сондықтан да келешекте Елорда төрінен менмұндалап шақырар мұражай тұлғатану, тарихтану саласында кетіп жатқан осындай олқылықтардың орнын толтырып, таным мен талғам көкжиегінің кеңеюіне зор үлес қосар еді. Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» деген жыр жолдары біздің білдіргіміз келген ойдың төркінін тап басатындай. Ендеше, біз қашанда қарыздар, қанша құрмет көрсетсек те артықтық етпес кемеңгер қайраткерлердің бір шоғыры – осы жандар екенін ұмытпасақ екен!

Ұлт келешегіне немқұрайлылық танытпайтын Сіздердің бұл ұсынысымызға бей-жай қарамайтындарыңызға кәміл сенгендіктен де, өздеріңізге осындай құлаққағыс жасауды жөн көрдік.

 

Құрметпен, ұлағатты істеріңізге табыс тілеушілер

Әшірбек СЫҒАЙ, театртану профессоры,

Назерке ЖҰМАБАЙ, өнертану магистрі.

Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555