Жалғыздық
Жаратқанның құлысың,
жағатұғын ебін тап!
Шәкәрім
Жаратқанның құлысың,
жағатұғын ебін тап!
Шәкәрім
Ауаның ластануы, ас-ауқат сапасының нашарлауы, ауыр жұмыс, сарыуайым тағысын тағы мәселелер адам өмірінің қысқаруына себеп деп жүрміз. Бірақ, ғалымдар соңғы жылдары басқаша тұжырым айтады.
Зерттеулер нәтижесі бойынша, адам ажалын ерте шақыратын негізгі фактор – жалғыздық болып шыққан. Американдық психологтардың сараптауынша жалғыздық дерті аптал азаматтың ең аз дегенде 10 жылын қиып түседі екен.
Әйелдерде бұл дерт екінші орында. Нәзік жандылар ең бірінші жүрек ауруынан, сосын барып жалғыздықтан жапа шегіп, өмірден ерте озатын болып шықты. Жер бетінде халық саны көбейгенде адамзаттың жалғыздықтан жапа шеккені түсініксіз секілді. Медицина ғалымдары әр түрлі ауруларды әбден зерттеп: «ем қонбайтын көп аурудың басты себебі – жалғыздық пен тұйықтық» деп тоқтады. Данияның бір топ мамандары бұл проблемаға мән беріп, Орхус қаласының тұрғындарын екі жыл бақылауға алған. Оларға жан-жақты зерттеу жасайды. Бала-шаға, ағайын-туысымен араласып тұратын көпшілдермен салыстырғанда, жалғызбастылар жүрек ауруларымен екі есе көп ауыратын болды. Оның үстіне жалғыздардың ауруы көп жағдайда тез асқынып, емдеуге мүмкіндік бермейді.
Англияның ғалымдары да бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Олар жеке-дара тұра беретін 10 мың отандасын ұзақ мерзім бақылауға алды. Ерлі-зайыптылармен салыстырғанда сүрбойдақтар мен ажырасып жалғыз қалғандардың өлімі 10% өскені анық болды. Әйел затында бұл көрсеткіш екі есе төмен. Сонда да жалғыздықтың зардабы көрініп-ақ тұр. Себебі, зерттелген пациенттердің жастары 30-40-тың арасында. Орта жастағы жалғызбастылар аты жаман ауруға тез шалдығып, өмірден мезгілсіз өтуге мәжбүр. Қарттарға қарасақ, онда да сол көрсеткіш. Жасы 80-нен асқан жалғыз басты қарт, қауқылдасатын кемпірі бар шалмен салыстырғанда екі есе тез алжиды. Бірнеше мемлекеттің ірі қалаларында отырған бірнеше ғылыми топ жалғыздықтың зардабын барынша тексеруге кірісті. Ортақ қорытынды бәрінде бірдей. Жалғыздық дерті асқынғанда адамның жаны да, тәні де жылдам күйреген. Бірінші қауіпті дерт жүрек ауруы, сосын жұқпалы аурулар, яғни олардың иммунды жүйесі өте әлсіз. Ары қарай мынадай ретпен кете береді. Ми аурулары тез асқынып, асқазанға жара тез шығады. Қатерлі ісіктер де жалғыздарға үйір. «Отбасылық өмірдің денсаулыққа мұншалықты қатты әсер етуі неден?» деп ғалымдар таң қалады. Қайсыбір мамандар былайша жауап береді: Әлбетте, сүрбойдаққа кім уақтылы тамақ беріп күтсін? Ас ішу тәртібі бұзылған соң, ас қорыту жүйесі де бұзылады. Соған сәйкес ауру да асқынады. Күйзелістерін ешкіммен бөліспейтін болғандықтан уайым мен қайғы сыртқа шықпайды. Сары уайым боп ішке түскенде жүйке талшықтары тозып кетеді. Ең жаманы олар ешқашан ауруларына мән беріп, дер кезінде дәрігерге қаралмайды. «Барып қаралшы» деп, қажап, қайрап отыратын әйелі жоқ. Күндердің күні жүрек шаншып, шалқасынан түскенде жедел-жәрдем шақыратын адам табылмайды. Әрине, мұндай фактілерді елдің бәрі біледі. Бірақ ескеруге тиісті басқа да нәрселер бар. Мысалға, тез алжыған қарттарды зерттегенде екі түрлі себеп байқалды. Бірінші, әлеуметтік жалғыздық, екінші, психологиялық жалғыздық. Жасы келген егде кісі бала-шағасының ортасында отырса да, ақылы тез арада шау тартып, есте сақтау қабілеті шапшаң әлсіреген. Үйдегі тума-туысы, бала-шаға, немересі қартқа көңіл бөліп, әңгімесін ықыласпен тыңдамаған. Соның кесірінен көп ішінде жүріп-ақ, қарттың жаны оқшауланып жалғыз қалған. Жылы қабақ, тәтті көңіл бөлінбеген соң іштей тұйықталған ата, әжелер рухани күйреген. Орхустың ел-жұртын бақылаған ғалымдар зерттеу қорытындысын алған соң нәтижені нақтылай түсу үшін маймылдарға қосымша тағы да тәжірбие жасайды. Бір маймылдың жалғыз өзін темір торға қамап, ас-ауқатпен жақсылап баптайды. Екінші торда оның жақын туыстары топ болып өмір сүрді. Ас-ауқат екі жаққа бірдей беріліп, күтімнен кенде болмады. Белгілі бір мерзімнен соң жалғыз маймылдың денсаулығы әлсіреп, аурушаң боп қалды.
Американың медицина тарихында «Пенсильвания парадоксы» немесе «Розето құбылысы» деген қызық термин бар. Пенсильвания штатында Розето деген кішкентай ғана қалашық болған. 1960 жылы онда бар жоғы 1600 тұрғын бар еді. Бұл қаланың дәл қасында Бангор деген және бір қала тұрды. Екі қаланы тұрғындары да сырқаттанса, ортақ бір ауруханаға қаралатын. Дәрігерлер Бангор халқының Розетомен салыстырғанда ауруханаға жүрек аурумен жиі келетінін байқайды. Бұл құбылысқа мән берген мамандар екі қаланың да ішіп-жейтін тамақ рациондарын, тұрмыс-тіршілігін түгел салыстырып зерттейді. Айырмашалық жоқтың қасы. Ақыры себебін тапқандай болды. Розето қалашығында Оңтүстік Италиядан ауып келген италияндық эмигранттар тұратын. Олар Америкаға көшіп келгенде бір қалаға түгел қоныстанып, ата-жұрттағы салт-дәстүрлерін сақтап қалған. Итальяндықтар бір шаңырақтың астында бірнеше отбасы бірлесіп тұра береді. Барлық үйді тәжірбиелі ақсақалдар басқарады. Құлшылық қылып, шоқынатын шіркеулері де бірдей. Итальяндықтар әртүрлі ұсталық дүкендер, асханалар ашып, тума-туыстарымен бизнес жасауға бейім. Розетоның кез-келген тұрғыны қаланың барлық бұрышында бұрынғы ауылында жүргендей жүре беретін. Барлық үйдің мүшесі бірін-бірі жақсы таниды. Шақырмаса да көп үйге кіріп, шәй ішіп, әңгіме соғатын мүмкіндігі мол болған. Бангор қаласына әлемнің түпкір-түпкірінен келген әр түрлі ұлттар мен нәсілдер жайғасыпты. Діндері де, салт-дәстүрлері де, көзғарастары да бір-бірінен бөлек, бөтен. Бангорлықтар бірін-бірі танымағасын жеке-дара тұйық өмір кешуге мәжбүр болған. Ақтарылып әңгіме айтып, сыр бөлісетін адам болмағандықтан Бангор халқы жүрек ауруына ерте шалдыққан.
Мұндай қорытындымен 20 жылдан кейін кейбіреулер келіспепті. Скептиктер: «Бәлкім мәселе аралас-құралас ет-жақын туыстықта емес, италияндықтардың генінде не болмаса, жейтін ас-ауқатының құрамына байланысты шығар» деп шүбә қылған. Қайта жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша арада 20 жыл өтсе де, олардың гені де, жейтін тамағы да анау айтқандай өзгере қоймаған. Есесіне қаланың бет-бейнесі өзгерді. Қалашық дамып, дәу қалаға айналды. Байлар зәулім сарайлар салып, ауласын тас қамалмен қоршады. Қуықтай пәтерлерде ешкіммен араласпай тұра беру әдетке айналды. Қысқасы бірін-бірі танымағасын сыйласпайтын, сырласпайтын туыстар да көбейді. Қазір олардың денсаулықтары бұрынғыдай мықты емес. Бір заманда бұл ауылға жоламайтын аты жаман аурулар бұл күндері оларды шырмап алған. Осындай бұлтартпас айғақтар жалғыздықтың адам өміріне арақ, темекіден де асып түсетін зардабы бар екендігін жақсылап дәлелдеді.
Тұйықтық пен жалғыздықтың зардабын жапондар да байқады. Поп- мәдениет пен технология дамыған соң өз қызығын өзі ғана тамашалайтын өзімшіл жастар қамыстай қаптаған. Ата-анасымен бірге отырып тамақ ішпей бөлмесіне кіріп алып, кола ішіп, музыка тыңдап жата беретін есалаңдар отбасының шырқын бұзды. Үйдегі үлкендердің көңіл-күйлері күрт нашарлап, жүйкелері сыр беріп бастады. Отбасы берекесінің ыдырағаны анық болған соң жапонның зиялы жұрты дабыл қағып, елдің назарын аударды. Бөлмесіне кіріп кетіп, жеке-дара жатып алуға ыңғайлы қуыс пәтерлерді жапондар сынауға көшті. Тіпті, бұл мәселе ұлттық деңгейде талқыланып, теледидарда «Бөлектеніп, бөтенденуден қалай құтылуға болады?» деген тақырыпта мәселе көтерілді. Жапондар архитекторларды үйді жаңаша соғуға үгіттеді. Енді тамақ ішетін ортақ бөлме міндетті түрде ортада болсын. Бала-шағаның қай бөлмеде, не істеп жатқаны бәріне көрініп, білініп тұрсын деп талап қойды. Әрине, бұның бәрі жалғыздықтың «әлеуметтік» түрін жеңілдеткенімен, «психологиялық жалғыздықты» жоя алмасы анық.
Бұл проблема қарты бар барлық үйге тән. Адам қартайған соң жас буынмен ортақ әңгіме таба алмай қиналады. Шал адам отырған жерінде жас кезінде көрген азабы мен тартқан қорлығын айтып елді мезі қылады. Ағыл-тегіл молшылық заманда өмір сүріп жатқан жастарға бұндай тарих қызық емес. Әңгімесі тыңдалмаған қарт адам күн өткен сайын қамығып, оқшаулана түседі.
Бұл фактілерді оқып шығып: «Құдайға шүкір, қазақпыз! Қартайғанда жалғыз қалып, зардап тартпаспыз. Қазақтың бауырмалдығы аман болсын» деп тоқмейілсуге әлі ерте. Себебі, «психологиялық жалғыздық» әңгімесі қызықсыз, өткен өмірінде іліп алар ғибраты жоқ кез-келген іші қуыс адамды шырмауықтай шырмайды. Оған жас та, кәрі де ұрына береді. Қазір кез-келген ұжымда бәрімен бірдей сыйласып, сыйысып жұмыс істеу өте қиын. Себебі, миды улайтын сантүрлі идеялар мен діндер қоғамда шамадан тыс көбейген. Тамыр-таныспен ортақ тақырып тауып, ақтарыла әңгімелесу бұл күндері күрделі проблемаға айналғаны анық. Көп жағдайда пікір қайшылығынан ұжымда от шығып, әріптестер бір-бірімен жанжалдасып қалады. Бір, екі рет аузы күйгендер жұмыста ешкіммен ашылып сөйлеспеуге бекініп алады. Ондайлар бастықтың көңіліне қарап, шефтің субъективті көзғарасын жағымпазданып жақтай беретін рухани дертке шалдығады. Емделмесе осы ауруы асқынып, қоғамда қисық қалыптасқан стандартты пікірлерді ойланбастан мақұлдай беретін делқұлыға айналады. Мысалы: «Мына заманда ақшаң болмаса адам емессің», «Дипломы жоқ адамға болашақ жоқ», «Баспанаң болмаса, бақытты өмір сүру мүмкінсіз», «Шетелде бәрі күшті дейді ғой» деген секілді шолақ ойлар кеудеге біржола орнығады. Бір жұмысқа кіріп алып, өмір бақи осындай жалған пікірлермен бас шұлғып қана отыра беретін қызметкерлер түптің-түбінде «жалғыздықтың» тұтқыны болады.
Заман өзгеріп, қоғамдағы құндылықтар мен идеялар жаңарғанда да олар ешкімге қызықсыз, керексіз пендеге айналып кетеді. «Жалғыздық дертінің» у, заһары сол кезде жанға қатты батады. «Бұлай болса, жалғыздықты жеңу мүмкін емес екен» деп, салыңыз суға кетпесін. Бұл бәледен құтылудың жолы – ар ғылымы. Мәңгілік жолдас болатын достарды туыстық, жерлестік белгілеріне, дәрежесіне емес, таза жүрегіне қарап таңдаған дұрыс. Сонда ғана сырласып, сөйлесетін адам айналаңда мол болады. Сондай-ақ, Алла тағаланы өте көп еске алу керек. Хадисте: «Бір құлым ернін жыбырлатып, мені зікір етіп еске алса, Мен ол құлыммен бірге боламын» деген. Ұлық Аллаға мөлшерсіз көп зікір айтып, хазреті Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.у.) өте көп салауат айтатын адамның таза рухы бұл пәниден жалығып, жүректегі ой бұлағын күнә мен күмәннің кірінен аршып алады. Ақжүрек адам үшін жеке отырып та оңаша құлшылық ету өте пайдалы. Исламда: «қилует, жер асты мешіті, шілхана» деген түсініктер бар. Бұл – көңілінде алаңы көбейіп, Алладан алшақтап бара жатқан пендені Алламен достастыратын рухани тәсіл.
Олай болса, сіз де қапы қалмаңыз. Мүмкіндігіңіз болса бөлектеніп, бөтенденіп өмір сүргенді жақсы көретін әдетіңізден арылыңыз. Таза жүректі адамдарды іздеп табыңыз. «Іздеген – жетеді мұратқа» деген сөз бар қазақта. Алламен сырласатын рухани ортаны табуға күш салыңыз. Олай болмаған жағдайда сарыуайымға салатын жалғыздық дерті кез-келген сәтте асқынуға дайын тұр!
Санжар Керімбай, Дінтанушы
«Үш қиян» газеті 1 мамыр 2009 жыл
http://ushkiyan.kz/