Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3279 0 пікір 13 Ақпан, 2014 сағат 04:20

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ. МИЛАНДЫ МОЙЫНДАТҚАН МУДРЯК

1-сурет. Елбасы кішкентай Машамен бірге. Павлодар, 2001 жыл.

2-сурет. Д.Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі, Ла Скала театры жанындағы Жоғары музыка академиясының студенті Мария Мудряк. Турин, Италия. 2014 жыл.

 

Бибігүл апаның батасы

1-сурет. Елбасы кішкентай Машамен бірге. Павлодар, 2001 жыл.

2-сурет. Д.Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі, Ла Скала театры жанындағы Жоғары музыка академиясының студенті Мария Мудряк. Турин, Италия. 2014 жыл.

 

Бибігүл апаның батасы

Екінің бірі ән салған бүгінгі күні «мынау керемет әнші» деп жалаң сөзбен жұртты таңғалдыру қиын. Алайда бес жасында «Әлемнің ең жас опера әншісі» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген павлодарлық Мария Мудряктың жөні бөлек. Ерекше дауысымен тыңдаушысын тәнті еткен балғын қыздың мектеп қабырғасында жүріп-ақ миландық майталмандардың көзіне түсіп, атақты Ла Скала театры жанындағы академияға қабылдануының өзі неге тұрады?!
Ол өміріндегі бірінші байқауға 4 жасында қатысыпты. Отбасылық демалыспен 1998 жылы Ялтаға барған Маша кішкентай балаларға арналған «Қара теңіз» фестивалінің үстінен түседі. Бірақ алғашқы іріктеу айналымы өтіп кетіпті. Әйтсе де қазақстандық қаршадай қыздың құлшынысына риза болған жергілікті ұйымдастырушылар баланың меселін қайтармау үшін конкурстан тыс сахнаға шығуға келісім береді. Құйтақандай бүлдіршін әнді әуелете шырқай жөнелгенде оның кең диапазонын естіген көрермендер мен продюсерлер таңданысын жасыра алмайды. Осыдан кейін ата-анасы Александр мен Ольга Машаны өнер байқауларынан қалдырмауға тырысады. Сөйтіп, небәрі екі-үш жылдың айналасында алыс-жақын шетелді қосқанда жиырма шақты конкурсқа қатысып үлгерді. Соның ешқайсысынан құралақан қайтпағаны өз алдына, талантты жазбай танитын сұңғыла музыканттар мен продюсерлердің жоғары бағасын алып жүрді. Ал Астанада тәуелсіздіктің он жылдығына орай өткен концертте  «Қазақ вальсін» құйқылжыта шырқаған ол әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова апасының разылығына бөленеді. «Маша операда өте қиындық тудыратын «си» нотасын 7 жасында еркін алып тұр. Менің өзім ол деңгейді тек 17 жасымда меңгердім» деп ағынан жарылған қазақтың бұлбұлы ақ батасын беріпті.

«Ән айтасың ба, қуыршақ ойнайсың ба?»

Осылай алыс-жақынға танылып қалған Машаға бірде Павлодар өңіріне кезекті сапарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын шарада ән айтуға ұсыныс жасалады. Өзің құралпы балалармен сайысу бір басқа, ел басшысының алдында өнер көрсетудің жөні бөлек қой. 2001 жылғы 24 тамызда Елбасы қаланы аралап, «Баянауыл» мәдени орталығының ашылуына келгенде Мария Мудряк Нұрсұлтан Әбішұлымен тұңғыш рет кездесіп, «Жаңбыр» және «Көңілді жел» атты екі әнін тамылжыта шырқады. Риза болған Елбасы оған алғыс айту үшін жанына шақырғанда ол Президентке сыртында «Планетадағы ең кішкентай әнші – Маша» деп жазылған дискісін сыйлауды да ұмытпады.
– «Қолымды қысып тұрып жылы лебізін білдірген Нұрсұлтан Әбішұлы менен: «Ән айтқанды жақсы көресің бе, әлде қуыршақпен ойнағанды ма?» деп сұрады.  «Әрине, ән салған ұнайды» дегенім есімде. Ол кісі күліп, «Егер жақсы оқысаң, мен сені үлкен оқуға түсіремін.  Танымал әнші боласың» дегенде қуанышымда шек болмады. Естелік ретінде маған қол сағатын сыйға тартты. Қазір ол сыйлық Г.Потанин атындағы қалалық өлкетану музейінде тұр. Ал арада үш жыл өткен соң Нұрсұлтан Әбішұлы уәдесін орындап, мені өзім де ойламаған шыңдарға бағыттап жіберді», – дейді балалық шағының ерекше сәттерін сағынышпен еске алған Маша Мудряк.
Бәрі ойда жоқта басталды. Павлодардағы №11 мектепте оқып, қосымша П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде дәріс алып жүрген қызға бір күні Италиядан екі кісі келді. Бүкіл әлем бойынша операдағы ерекше дауыс иелерін іздеп шыққан олардың қолында күні бұрын дайындалған тізім бар екен. Машаны Миланда өтетін іріктеу сайысына шақыра келіпті. Сүрінбей өтсе, атақты опера театры жанындағы академияда оқитын болады. Тосын ұсыныс Мудряктар отбасын қатты қуантқанымен, күмілжітіп те қойғаны рас. Қаладағы бір кәсіпорында бас технолог болып қызмет істейтін әкесінің табысы тіршіліктен артылмайды. Жоғары оқу орнында істейді демесеңіз, анасының да жалақысы белгілі. Дегенмен баланың бағын байламай, қарыздансақ та, Машаны жіберген жөн деп шешті.
Межелі күні Миландағы конкурсқа әлемнің түпкір-түпкірінен небір талантты балалар жиналды. Олардың бәрін қарт құрлықтың аты мәлім музыка майталмандары мұқият тыңдап, асықпай сын тезіне салды. Ақырында түпкілікті таңдау екі қызға түседі. Оның бірі Маша Мудряк еді.        

Қиындықтан құтқарған қамқорлық

Сол жылы тамызда Павлодарға Италияның Білім министрінен хат келді. Марияның Ла Скала театрының жанындағы жоғары музыка академиясына қабылданғанын хабарлап, Миланға шақырыпты. Алайда, қаржы мәселесін былай қойғанда Маша Мудряктың Миланға аттануының өзі оңай шаруа болмай шықты. Мәселе облыс түгілі министрлік деңгейінде де шешіле қоймады. Қазақстанның Италиядағы елшісі Бірғаным Әйтімова да бұл шаруаға араласты. Бірақ нәтиже болмады. Ақыр соңында Машаның тағы да Елбасымен концертте кездесуінің сәті түсті.  Астананың «Конгрес-холында» өткен концертті тамашалауға келген Президент бұл кезде Мария Мудряктың жаңалығынан хабардар еді.
– Өз уәдесін ұмытпаған Президент Машаны бірден танып, дереу Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді, – дейді әнші қыздың әкесі Александр. –  Егер ол кісі араласпағанда мәселе шешілмес еді. Нұрсұлтан Әбішұлының жеке тапсырмасымен зайыбымды елшілік қызметкері етіп қабылдаған соң, Машаны Италияға апаруға жол ашылды. Алашапқын жүгіріспен жүріп, барлық  құжаттар тез арада ресімделген соң 2004 жылғы 2 қаңтарда Ольга мен Маша Миланға ұшты. Сол күндердің қиыншылығы мен қауырт қарбаласы есіме түссе, әлі күнге көңілім босайды.  
Осылайша, Еуропаның әйгілі қаласына небәрі екі мың еуромен жеткен Ольга мен Маша пәтер жалдап, тиын санап күнелтуге кіріседі. Қаражат тапшылығына қоса, итальян тілін білмеуі Машаның өзін де, анасын да тұйыққа тіреді. Әбден қысылғанда Ольга сырғасын сатып амалдады. Тіпті болмағасын кері қайтуды да ойлай бастады. Бірақ Елбасының өзі сенім артып аттандырғанда, «қиындыққа шыдамай қайтып келдік десек, естіген жұрттан ұят қой» деп намысқа тырысады. Маша ұстаздарының кеңесімен итальян тілін меңгеруге күш салады. Талпынып жүріп, алғашқы емтихандарын өте сәтті тапсырған Маша туралы Миланның жергілікті газеттерінде мақалалар жазылды. Тілі де кәдімгідей төселді. Ал жазғы демалыста Павлодарға оралған әйелі мен қызын Александр әдепкіде танымай қалды. Бәрін үнемдеп өмір сүрген Маша үзілердей үлбіреп тұр еді. Тынығып, демалсын деген оймен Машаны дереу Көкшетаудағы «Балдәуренге» жіберіп, өздері ендігі оқу жылының ақысын ойлап қамыққан ата-ана тағы да Елбасының шарапаты тиеді деп ойламап еді.

Екі рет бұйырған «Болашақ»

Дәл сол сәтте Бурабайда жүрген Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың демалыс кестесіне балалар лагеріндегі кішкентайлардың өнерін тамашалау енгізіліпті. Міне, осы жолғы кездесу Машаның тағдырына күрт өзгеріс әкелді. Алдынан жүгіріп шыққан оны Нұрсұлтан Әбішұлы да бірден таныса керек, қолын алып, бетінен сүйді. Бір жыл ішінде шетелден үйреніп келген итальянша әнін шырқағанда Елбасы әуенге елітіп, беріле тыңдады. Осы сәтті пайдаланған жанындағы лагерь жетекшілері мен облыс басшылары талантты қыздың Италияға қайта барып, оқуын жалғастыруына материалдық мүмкіндігі дес бермей тұрғанын жеткізіп үлгерді.  
– Қазір ойлап қарасам, біздің отбасымыз бен Маша тұйыққа тірелген тұста  үнемі Нұрсұлтан Әбішұлы құтқарушы кейпінде шыға келеді екен. Қараңыз, лагерьдегі концерттен кейін Президент қызымды енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытуға тапсырма берді. Тиісті талаптардың бәрінен өткен соң құжаттарды жинап, «Болашақтың» студенті ретінде күзде Италияға қуана-қуана аттанды. Енді қалай шаттанбассың, оқу ақысы мемлекеттен төленеді?! Оған қоса айына 1 мың еуро көлемінде стипендиясы бар! Онсыз да еңбекқор Маша оқуға құлшына кірісті. Орта білімді Миландағы таңдаулы лицейлердің бірінде алып, өнерін шыңдайтын дәрісті Ла Скала театрының жанындағы жоғары музыка академиясында тыңдады. Онда үздік шәкірттердің өз елдерінің тулары бейнеленген шағын белгіні қабырғаға ілетін дәстүрі бар екен. Маша бәрінен озат оқыған соң Қазақстанның көк туының белгісі де сол қатардан табылды, – деп мақтана еске алады Александр Николаевич.
Маша кейіннен «Болашақ» стипендиясына екінші мәрте ие болды. Қалай дейсіз бе? Тағы да тікелей Елбасының шарапатымен. Таратып айтсақ, Италиядағы опера мектебінің қалыптасқан дәстүріне сәйкес, Машаға музыкалық академиямен қатар Д.Верди атындағы Милан консерваториясынан білім алу қажеттігі туындайды. Бұл оның даусына швейцариялықтардың қызығып жүрген кезі екенін айта кету керек. Себебі, Машаның даусы – әлемде сирек кездесетін, ең жоғарғы әйел даусы саналатын драмалық сопрано. Сондықтан олар Машаға стипендия ұсынды, бірақ ол үшін сол елдің азаматтығын қабылдауы керек. Алайда мұндай сыйлықтан бас тартқан Маша Президентке хат жазып, жағдайын тегіс баян етеді.  «Хат иесіне жеткенін кейіннен білдік. Бекзат өнерді ерекше құрметтейтін әрі сүйсіне тыңдайтын Елбасы Машаға тағы да «Болашақпен» екінші қайтара оқуға рұқсат берді» – дейді сол күннің қуанышын әлі ұмытпаған әкесі.

Даланың дара даусы

Маша Италияға барғаннан кейін бірінші рет 13 жасында Челла-Монте қаласында қазақтың ұлттық киімін киіп, «Қазақ вальсін» орындапты. Далалық дәстүрге таңғалған көрермендердің бірі: «Сіз Азиядағы хандардың  қызы емессіз бе?», – деп те сұрағанын қайтерсіз?! Әрине, ол ешқандай хан қызы емес еді. Бірақ ою-өрнекпен әдіптелген киімі мен жалтылдаған сәукелесіне қарап, оны ертегідегі шығыстың хас сұлуларынан әсте айыра алмайтыныңыз анық. Оның үстіне Машаның қанындағы қасиет қазақ топырағымен тікелей астасып жатыр десек, артық айтқандық болмас.
Біздің Маша 15 жасында Италиядан бүкіл Еуропаға тарайтын "Rai Uno" музыкалық телеарнасында табиғи дауыспен ән айту сайысына түседі. Онда жеңімпазды көрермендер СМС хабарлама жолдау арқылы анықтайды екен. «Raccomandati» деген атақты жобаға белгілі әнші-композитор Тото Кутуньо шақырса да, әнші қыз  алғашында бас тартыпты.
– Басында қатты ойландым, – дейді Маша. – Өйткені, бәсекелестердің бәрінің жасы үлкен әрі танымал әншілер еді. Ең жасының өзі 25-те. Қала берді, «Rai Uno» арнасы бүкіл Еуропаға тарайды. Сені қаншама адам сынай қарайтыны анық. Жеңіліп қалсам не болады деп уайымдадым. Дегенмен композитор маған қайта-қайта өтініш білдірді. Милан консерваториясындағы ұстаздарым да телебайқауға қатысқанымды қош көрді. Алғашында әнші-композитор Тото Кутуньоның «Мен сияқты ешкім де сені сүйе алмайды» деген өте кең тараған әнін дуэт болып орындадық. Сосын  өзім жеке шығып, тағы екі ән айттым. Еуропалықтар сонша танымал әншілердің арасынан мені таңдап, дауыс береді-ау деп ойлаған емеспін. Ақтық қорытындыда жоғары ұпай жинап, 1-орынға көтерілгенімде, Италияның бүкіл газеті дуылдата жазды. Менің шетелдік, яғни Қазақстаннан екенімді де сонда бір-ақ біліпті. Марапаттау сәтінде залда Италияның ән өнерінің жарық жұлдыздары отырды. Маған қорытынды сөз берген кезде тікелей эфирде дарынымды бағалап, дамытуға мол мүмкіндік берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына шын жүректен алғысымды білдірдім.  
Мария Мудряк соңғы он жылдың ішінде ғажайып даусымен тек Апеннин түбегін ғана емес, бүкіл Еуропаны еліктіріп келеді. Оның бұлбұл үнін құмарта тыңдайтындар Азиядан, соның ішінде Қазақстаннан әлемдік классикалық өнерге өз үлесін қосуға лайықты таланттың шыққанына таңғалады. Енді қайтсін, өзгелердің өнердегі өмірі 18 жастан кейін басталып жатқанда біздің қыз бұл кезге дейін операның отанында екі оқуды қатар оқыды. Тіпті аты аңызға айналған Магда Оливеро атындағы сыйлықпен марапатталды. Лицейде оқыған жылдары бүкіл балалар тапсырмаға орай өздерінің туған қалаларының суретін салған кезде, Маша тұтас Қазақ мемлекетінің картасын түсіріп, мұғалімдерді таң-тамаша еткен екен. Осындай отаншыл қыз қарт құрлыққа табаны тигеннен бері мемлекетіміздің атын, ұлы даланың даусын Еуропаның төріндегі мәртебелі сахналардан  жұртқа жиі жаттатып жүр.

Әлемнің оныншы сопраносы

Маша 2013 жылы Нидерланд астанасы Амстердамда өткен  «Belvedere» байқауына қатысты. Классикалық ән додасының ерекшелігі сол, оған дүние жүзінің елу шақты мемлекетінен үш мыңнан астам үміткер қатысып, ақтық мәреге тек 160-ы ғана жіберілген еді. Рим мен Миландағы іріктеуге келген 500 үміткердің арасынан озып шыққан Мария Мудряк ақтық сында айрықша даралығымен танылды. Сөйтіп, әлемнің үздік сопраноларының ондығына ілікті. Биыл ол он жасында қабылданған әйгілі оқу орнымен қоштасады. Жастайынан жұлдызы жарқырап, айы оңынан туған Машаның ендігі жоспары қандай?  
– Маша ерекше қамқорлық көрсетіп, өз қызындай аялаған Нұрсұлтан Әбішұлына өнердегі жетістіктері туралы есеп беріп тұрады, – дейді әкесі. – Президент оны үнемі елде өтетін маңызды концерттерден қалдырмай, шақыртып жүреді. Амстердамдағы байқауға қатысқанда да жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді. Ал кейін Еуропаның атақты сахналары мен конкурстарында Қазақстанның жақсы атын шығарудан жалықпау керектігін тапсырды. Уақыты жеткенде елге оралып, «Астана опера» театрынан көргісі келетінін де айтыпты. Қызым мемлекеттен көп көмек алды ғой, енді соның өтемін қайтару жолында тер төгуден аянып қалмайды.        
Қазақтар қасиет тұтатын жылқы жылы Мария үшін қайырлы қадаммен басталды. Италияның Турин қаласында болған AsLiCo халықаралық конкурсында жеңімпаз атанған ғаламат дауыс иесі туралы жергілікті басылымдар дүрілдетіп жазып жатыр. Өйткені, бұл жеңісінен соң Мария Мудряк шығармашылық жобаларға, фестивальдар мен концерттерге шақырылатын еуропалық опера әншілерінің тізіміне еніп, негізгі көздеген бағытына жолы ашылды. Енді перзенттік парызын сезініп, Еуропада туған елдің атын аспандатуға бар ынта-жігерімен кіріскен талантты қыздың тек тілеуін тілейік. Қашан да бәсің биік болсын, Баянауылдың бұлбұлы! 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578