Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3036 0 пікір 14 Ақпан, 2014 сағат 04:00

Мырзан Кенжебай. Құлдық «мәдениеттен» қашан құтыламыз?

Әңгімені төтесінен бастайық.

Бір кезде Самюэль Хаттиигтон: Петр патша Ресейді Еуропаның бір бөлігіне айналдыруда зор табыстарға жетті деген екен. Біз қазір азат ел атанған Қазақ Елін (Казахстан емес!) Ресейдің де,  Еуропаның да ортақ бір бөлігіне айналдырып барамыз ба деп қорқамыз.

Әңгімені төтесінен бастайық.

Бір кезде Самюэль Хаттиигтон: Петр патша Ресейді Еуропаның бір бөлігіне айналдыруда зор табыстарға жетті деген екен. Біз қазір азат ел атанған Қазақ Елін (Казахстан емес!) Ресейдің де,  Еуропаның да ортақ бір бөлігіне айналдырып барамыз ба деп қорқамыз.

Бүгінде тәуелді ел,  отар ел деп аталатын ел жер бетінде жоқ. Бәрі тәуелсіз, бәрі азат, бәрі отарсызданған. Тек қазақтар ғана екі сөзінің бірін тәуелсіздігіміздің арқасында, тәуелсіздік алдық деп бастайды. Әсіресе, азаттық, тәуелсіздік алдық дегенді айтуға әлденеден жүрексінген біздің басшылар алғашқы кезде «егемендік» деген сөзді ойлап тапқызғанына-ақ күлкің келеді. Ол сөзді  қандай өкімет келсе де солардың көрпесінің астынан табылатын жәдігөй жантық ақсақалсымақтар ойлап тапты. Біз  сол кезде соларға қарап күлдік. Аянышты күлкі! Мейлі, жер бетіндегі ең тәуелсіз, ең азат, ең «егеменді» ел өз атын орысшаға бейімдеп Казахстан деп жазатын біздің ел ғана дейікші. Олай дейін десең, тарихи жағынан да, халқының саны жағынан да алып қарағанда  бұл елдің  жергілікті қазақ деген ұлты сол тәуелсіздік алдым деп шуылдаған 23 жылдан  бері не тарихи, не тілдік, не мәдени, не салт-дәстүрлік, не басқа да бірде-бір ұлттық құндылығын қалпына келтірген жоқ, келтіруді ойлаған да жоқ. Ойлайтын түрі де көрінбейді. Өйтпек түгіл, соңғы кездері баспасөз, телеарна арқылы айтылып жатқан сөздерге құлақ түрсек, қазақтардың ұлттық тағам түрлерінен, ою-өрнектерінен, киіз үйі мен қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, ірімшігінің өзін тіпті, тазысы мен төбетіне шейін Израиль мен Германиядан бастап өзге елдер мен өзге ұлттар үлестіріп алған көрінеді. Бүкіл алты әлемдегі ислам елдерін террорист, экстремист атандыру «жұмысын» аяқтап болып қалған Израильді айтасыз-ау, КСРО тарап, өз алдына шаңырақ көтеріп алған қай республикаға қарасаң да сол республиканы құрып отырған байырғы жергілікті ұлт сол елдегі өзге ұлт өкілдерін (диаспораларды) өз құрамына сіңіріп, жергілікті ұлт тілінде сөйлейтін, жергілікті ұлттың салт-дәстүрін, дінін құрметтеп сол ұлттың тілінде сөйлейтін біртұтас халыққа айналдырғанын шықпағыр көзіміз күніге көріп-ақ отыр. Ал бір бет қағазға біресе Казахстан, біресе Қазақстан деп екі түрлі жазылатын біздің елімізде ше? Біз өйтпек түгіл соңғы 23 жылда өзіміздің небір ұлттық белгілерімізден айрылып баратқанымызға жаңа ғана бірнеше мысал келтірдік. Қысқасы, біздің бүгінгі әр той-думанымыздан да, қаралы жиындарымыздан да әлі де  отарлық бодандықта жүргеніміз тіпті, демократиямыздың өзі отарланушыға берілген демократия екені көрінеді де тұрады. Ал мәдениетіміз –резервациялық мәдениет. Ұлтты аман сақтаудың ең басты құралы – тіл.Ел болам деген ел ең әуелі өз ұлтының тіліне заңдық күш-қуат беріп қояды. Ал біз өйтудің орнына ешбір социолингвистикада жоқ «Үш тұғырлы тіл» деген  терминді жасадық. Бұл–қазақ тілін көгертпеу үшін орыстар мен орыстілді дүбәралар әдейі ойлап тапқан жауыздық термин! Егер қазақ басшылары Құдай бар екеніне сенетіні, одан қорқатыны, егер өздерінің жердегі «құдайлары» әркімнің уақытша қуыршағы ғана екенін мойындайтыны рас болса, осы Үштілділік дегенді айтуға да аузы бармас еді. Өзіңіз қараңызшы: Қазақстанда тұратын славян тектес ұлттар  бір ғана тілде –орысша сөйлейді. Тек қазақтар ғана үштілді, яғни, ағорқаз (ағылшын-орыс-қазақ) тілді. Бүтін бір елдің жерасты, жерүсті байлығын төгіп-шашып соны дүниежүзіндегі мемлекеттерге сатып та, тегін де үлестіріп жеке есепшотына есепсіз, тіпті, сан жетпейтін байлық жинап, онысын «алдымызда әлдеқандай заман бар» деп шетел банкілеріне салып ойына келген ойранын салып жүрген адамда ес бола ма? Әрине, болмайды. Ау, есі бар адам орыс тілі –ресми тіл, қазақ тілі –мемлекеттік тіл дейді ме? Бұл еліру ғой! Өйткені, қазақ тілі мемлекеттік тіл бола тұра ресми тіл бола алмайды деу еліру емес пе?  Себебі, мемлекеттік тілі ресми емес мемлекеттің өзі де ресми мемлекет бола алмайды ғой. Бабаларымыз «орыс ойына келгенін істейді» деген екен сол сияқты біздің шонжарлар да...

         Бізбен көршілес тілі, діні бір елдер тіл мәселесін азаттық алған күннің ертеңіне-ақ шешіп, бүкіл іс қағаздарын, бүкіл телеарналары мен баспасөзін мемтілге көшіріп, қазір әрбір мейрамын да,  ұлттық киімін де, ұлттық тағамдарын да, ұлттық ойындары мен жер-су атауларын да, ұлттық өнері мен мәдениетін де ән-күйімен бірге той-томалағында  ұлттық идеологияға айналдырып алды.

         Ал қазекем  ұзақ уақыт Ресейдің тағылық саясатының табанында тапталған мәдениетін, өлі-тіріге жасайтын жөн-жоралғысына шейін мидай аралас ағорқаз (ағылшын-орыс-қазақ) бірнәрсеге айналдырды. Осының бәрі өз еліңде өз тіліңнің қадірсіз, құрметсіз болып, тек орысшаның аудармасына айналып болғанының кесірі екенін, қазақтың басына төнген қай ауыртпалықтың да  себебі мен салдары тілге келіп тірелетінін жоғарыдағылар бізден де жақсы біледі. Әттең, қазақтың ұлттық уайымының құны көк тиын болып,  айтқан зар-мұңы  өз елінде желге ұшып жатқасын амал не? Баж еткіштер баж ете берсін, бірақ қазақтың басқа мұң-мүддесін айтпағанда  тіл мәселесінің жүзеге асуына Қазақстанда тұратын орыс деп аталатын бір-ақ ұлт өкілдері қарсы. Қазақ тіліне орыстың бәрі қарсы емес, бірақ қазақ тіліне қарсылардың бәрі орыстар. Аржағын өзіңіз түсіне беріңіз. Ал ұйғыр, өзбек, татар, әзірбайжан, башқұрт, тәжік, түрік сияқты бауырларымыздың бірде-бірі қазаққа болмасын демейді. Қазақстан халқының 80 пайызға жуық осы түркітектес бауырларымыз. Ендеше, Қазақстан шонжарлары қалған 20 пайыз славяндардың қас-қабағына қарап неге көзі ойнақтап, алақ-жұлақ ететіні  миға қонбайтын нәрсе. Иә, тілінен айрылған, айрылмаса өз тілін орысшадан аудармалап-төңкермелеп сөйлейтін халық бірте-бірте бүкіл ұлттық үрдіс-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тіпті дінінен, діни жөн-жоралғысынан айрылады екен. Бір ғана мысал: Қазір көшелерде, «Памятники», «Ескерткіштер» деген орқаз тілде (орысша-қазақша!) жазған жарнамаларды жиі көретін болдық. Бүгінгі қазақ байғұстың өзі де, сөзі де орысшаның аудармасына айналып, дүниядан өткен ата-анасының, бауырларының

                    

Құлпытасын да орысша «Памятниктен» переводтап»

 

«Ескерткіш» деп атай бастағанынан-ақ аңғара беріңіз. Ренжісеңіз, ренжи беріңіз осының өзі-ақ  орыс не айтса соны қайталап айтып, орыс не істесе соны  істейтін құлмінез қанымызға әбден сіңіп, ұрпағымыздан ұрпағымызға жалғасып бара жатқанын ап-анық көрсетіп тұр. Иә, азаттық деген алдияр тақсырдың атын айтуға қорқып тәуелсіздік алдық деген сөзді күніге сан мәрте қайталайтын қазекемнің бүкіл той-томалағынан бастап өлікті жерлеу рәсіміне шейін орысша немесе еуропаша өтеді. Бүгінгі қазекемнің бұл рәсімдері де не ұлттық не мұсылмандық руханилықтан жұрдай! Бұл рәсімдер-бастан-аяқ «орысша ішу», грузинше, армянша анекдот аралас тост көтеру, орысша не батысша аласұрып билеу, сөзі науқас адамның сандырағы, әні ән деуге келмейтін әлденелерді әндету, орысша тілек айту, сөз сөйлеу ғана. Бұны бір ауыз сөзбен резервация мәдениеті дейді. Ал шындығына келсек, өлікті жерлеу кезінде «сөз сөйлеудің» өзі кәпірлік философияға толы келеді. Мұндай қаралы жиын кезінде кейбір ақындарымыз лепіртіп, лекітіп сөйлейтінін де көріп жүрміз.

         Әрине арақ-шараппен, «алып-қоялықпен» өтіп жатқан той-томалақтан ата-дәстүр, ислами дәстүр іздеп сөзді көбейтпей-ақ қоялық. Тек осы күні  ағорқаз деген үш тілде (ағылшын-орыс-қазақ!) сөйлейтін, қаласа ағорқаз-қытжапқор деген бірнеше тілде (ағылшын-орыс-қазақ-қытай-жапон-корей)  сөйлеуге даярланып жатқан қазақтардың марқұм болған адамды о дүниеге аттандыру рәсімінің өзі ерсілікке, еліктегіштікке, өз дінін сыйламайтын тұстарға толы екеніне бірер сәт көз жүгіртіңізші. О заманда бұ заман адамды жерлеп жатып, оның моласының басында өлең оқығанды қай мұсылманнан көрдіңіз. Иә, дәл солай! Қазақтар жерлеу рәсімі кезінде марқұмға арнап өлең оқиды. Ол өлеңнің көркемдік сапасы, сыршылдығы туралы сәл кейінірек. Өлікті жерлеп келген соң жамағат кең жайылған дастарқанға, яғни, үстелге келіп жайғасады. Ол дастарқанда адамның өтінен басқаның бәрі бар. Құдды үйлену тойы дерсің. Қалтасы қалың, күйлі-жайлы шаңырақтар самаладай жарқыраған мейрамханаларда, орташалары кафелерде өткізеді. Абырой болғанда, молда әйтеуір марқұмға құран бағыштайды. Одан кейінгі «қызықты» «жүргізуші» деп аталатын адам бастайды. Қызық дейтін себебіміз, егер қайтыс болған адам жазушы не ақын болса төрдегі молда отырған үстелдің жанына Жазушылар Одағының бір-екі басшысы мен Мемсыйлық лауреаты деп аталатындар ыңыранып кеп жайғасады. Сонда бұл жерде оларға мұндай құрмет не үшін көрсетіледі деп ойланып жатқан да ешкімді көрмейсіз. Сол лауреаттардың ішіндегі әсіресе ақын атанғандарының бірі бұл атақты араға қайтыс болған қарт партизанды салып, бірі неше жыл бойы өте алмай қалғаннан соң 7-8 ай ғана өмірім қалды, ракпын деп, енді бірі ол да қайта-қайта өте алмағаннан кейін «өлгеннен соң біз де алармыз мемсыйлықты» деп «Жас Алашқа» мақала жазып, қысқасы ар-намыс, ұят, беттің ары дегенді белбеуге түйіп жылап-еңіреп алғанын сол жерде отырған қалың қазақ жақсы біледі. Бір таңғаларлығы  осы бір пластилин лауреаттар ол атақты әлгіндей ұятсыздық жолмен алдық-ау деп беттері шімірікпей ел алдына  шығып, көсемсіп сөз сөйлеп, өлең оқып тұратынын қайтерсің?! Сондайда оларға қарап отырып осы біздің бүгінгі қоғам арсыздар, намыссыздар, алаяқтар қоғамына айналып кеткен бе дейсің іштей. Содан әлгі жүргізуші «сөз беруді» бастайды. Әрине, бақилық болған пенде туралы ондайда  тек жақсы лебіз ғана айтылуы тиіс. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» жоқ асығыс, ауызекі айтылғаннан кейін сөз арасында кейбіреулер марқұмның кей сәттегі ерсі қылықтарын аңдамай ақтара салатыны да ұшырасады. Екіншіден, қай нәрсенің де екі жағы – жақсысы мен жаманы, жарығы мен көлеңкесі, ағы мен қарасы қатар жүреді. Міне,  сондықтанда дастарқан басында біреулер жапатармағай марқұмды жерге тигізбей мақтап, тіпті, жоқтан-бардан құрастырып сөйлеп тұрғанда оның шын мәнінде қандай адам болғанын жақсы білетіндер «пау, мынау мүлде бұрмалап басқаша айтып тұр ғой» деп күңкілдеп отырғанын талай құлағымыз шалды да. Ал өлік шыққан үй соған қуанғандай аста-төк рәсуа қып көл-көсір дастархан жасауы исламда да, христианда да үлкен күнә боп есептеледі. Ата-бабамыз о дүниеге аттанған адамды шығарып салу сәтінде осылайша қаржы-қаражат, ырзық-несібе шашып, жаназаны қаралы жиынды мерекеге, тойға айналдыр деп пе еді? Ата-бабамыз өлген адамға арнап өлең оқы, жиналыс өткізіп  кезекпен сөз бер деп пе еді. Ата-бабамыз өлген адамның бейітінің басына оның ескерткішін орнат, не суретін салып қой деп пе еді? Осыдан 7-8 жыл бұрын Алматыдағы бір жекеменшік құрлыс холдингінің Ұзақбай деген бастығының қызы көлік апатынан қаза болды. Мұсылмандық рәсімімен Кеңсай зиратына жерленді. Арада біраз уақыт өткенде сол маңға барғанда жаңағы бейіттің басында марқұм қыздың қолына гүл ме әлде басқа бірнәрсе ме әйтеуір бір затты ұстап көкке қарата самғап баратқан биік ескерткіші тұрғанын көрдік. Адам баласы қоржыным қаржыға толды екен деп ойына келгенін істей берсе, бұдан да сорақылыққа баратынына көзіміз жеткендей болды. Қазір қазақта кім көп дінтанушы көп. Солардың айтқанын тыңдап, жазғанын оқып отырсаңыз», осы күні ата-баба дәстүріне тыйым салатын әлдебір секталар бар көрінеді. Бір-бірімен қызылөңеш, қырықпышақ боп жүрген сол қаптаған дінтанушылар көтеретін ең өзекті нәрсенің бірі осы емес пе? Ал олар оның орнына көп жағдайда саясаттың кейбір сайхали тұстарына еріп, әлдебір «террористер» мен «экстремистер» туралы күмәнді сөздердіің көрігін қыздырудан әрі аспайды.

         Әлгіндегі уәдеміз бойынша өлген адамға өлең арнауға сәл тоқталып өтейік. Иә, бақилық болған адам туралы «сөз сөйлегендердің» ішінде оған арнаған өлеңдердің ерсілігі, жасандылығы, тіпті, әлеуметтік тапсырыс екені көзге ұрады да тұрады. Өйткені, ол өлең шын жүректен шыққан «дүние» емес. Осыдан біраз бұрын халқымыздың ардагер ұлдарының бірі әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетов қайтыс болғанда белгілі бір сенатор-ақынның оған арналған өлеңі газетке басылды. Бес шумақ! Бұны өлең дегеннен гөрі қисынсыз, мағынасы бос ділмарсыған, сырты Жылтыр, іші Бұлдыр, бос шелектің Даңғыры деуге ғана келеді. Осы «дүниенің» авторы Сағадат ағамызды мақтаймын деп бір ретте «Бүлінбеген жерім... тілінбеген төрім едің» деген елірме сөзге дейін барады. Бұл тіпті Сағадат Нұрмағамбетов сияқты батырға да, қарапайым  жер жыртушы диханға да келмейтін лақпа сөз ғой! Өйткені, о Заманда, бұ заман адам баласын «бүлінбеген жермен» «бүлінген жерге», «тілінген төр» мен «тілінбеген төрге» теңегенді  естігеніңіз бар ма? Бүйте берсек, поэзиядағы жаңалық іздегіш біреулер оған еліктеп, келесі бір өлген адамды «тың жер», «тыңайған жер», «суармалы жер», «құнарлы», «құнарсыз», «шөл және шөлейт жер» деуді бастауы да мүмкін ғой. Марқұм батырымызға арналған осынау «жаңа жанрда» «Қабағымен ай ұстаған»...», «Тура биде туыс жоқ» деп, Қиындықты кесіп өткен»–деген де жолдар бар. Апыр-ау, қазекем «тура биде туған жоқ» дегенді баяғы ел тағдыры, ер тағдыры таразыға түскенде әділ шешімін шығарған билер мен ақсақалдарға, хан, сұлтандарға бағыштап, осы заманда судьялар мен прокурорларға, одан әрі кетсе Жоғарғы сот пен Конституциялық кеңес төрағаларына арнап айтпайтын ба еді дедік те қойдық. Өйткені, бұл сенатор-ақын қайтыс болған адамды одан әрмен біресе «Ту ұстаған далам», біресе «құрыш сынды Ғалам», біресе «Алаш ойлы Заман» едің дегенге дейін барғанын көріп, «Алаш ойлы Заман» өтіп кеткен екен, енді «ту ұстаған» даламыздан, құрыш ғаламымыздан» айрылып қалмайық деп отырған шығар дедік.

         Жақында исі қазаққа белгілі сүйікті ақын апамыз о дүниеге – қайтып келмеске аттанып кетті. Қалың қазақ қара жамылды. Жаны жәннатта болғай! Бүкіл қазақы телеарна ол туралы хабар беріп жатты. Неше күн, неше түн бойы. Бәрі дұрыс делік. Бірақ сол күндері телеарналардан не ата-бабамыздың, не ислам дінінің бақиға өлік жөнелту үрдістерінің ешбіріне ұқсамайтын, ана елдің, мына елдің кейбір кәделері мен үрдістерінен алынған үзінділер көріп отырғандай болдық. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де сол, бұны қаралы сәттерден көрініс дегеннен гөрі телеарналардан күнде көріп жүрген ток-шоудың бір түрі деуге келіңкірейтін еді. Атын атамай-ақ қоялық, Қазақстан телеарнасының апайға арналған бір жобасында жүргізуші жігіт жұртқа «бір минут түрегеп тұрып еске алу» рәсімін жасатты. Жұрт саптағы сарбаздардай қақшиып тұрды. Бұл да бізге орыстар арқылы Еуропадан келген көп «мәдениеттіліктің» бірі. Бұл не барып тұрған білместік, не «көн қатса қалыбына барады» дегендей баяғы санаға сіңіп қалған коммунистік құлмінезден арыла алмаудың бір дәлелі еді. Өйткені, ол кезде марқұмның әлі жамбасы жерге тиген жоқ болатын. Яғни, жаназасы шығарылған жоқ. Демек, ол кісі әлі о дүниеге барып жеткен жоқ. Бұрын коммунистер қайтыс болғанда оның мүрдесінің қапталында қарына қызыл шүберек байланған  «қарауылдар» сапқа тұратын еді. Бұл жолы қарына көк шүберек байлағандар сап түзеді. Бұл не? Сонда біз әлі де ұлттық үрдістерімізді діни дәстүрлерімізді қалпына келтірмей, тек сырт киімімізді қолымызға байлаған шүберегімізді ғана өзгертіп киген біреулер болғанымыз ба? Иә, сол күндері телеарналардағы қаралы сәтке арналған көрсетілімдер ток-шоу сияқты бірнәрсе болды. Онда қайтыс болған адамның ең болмаса көзге жас алдырып «ой, дүние-ай» дегізерлік  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар бір сөзін айтудың орнына біреулер өзіне ақын «Шабыт» фестивалінің дипломын тапсырғанын, енді біреу «халың қалай?», анау қайда, мынау қайда жүр деп сұрағанын, үйіне барғанда тамақты мол қып пісіргені сияқты күнделікті күйкі тірліктің сәттерін термелеумен болды. Фариза апайымыз туралы сөз бола қалса, Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» деген өлеңін айтпай өтпейтін бір ауруды тауып алдық. Бұл өзі парықсыздық па, надандық па, әлде әйтеуір Мұқағалиды  ана жерге де мына жерге де тыққыштауға құмарлардың тайыздығы ма өздері білсін! Бірақ Мұқағалидың осы өлеңі ауыздан тастамай, кез-келген жерде кірістіріп отыратын керемет өлең де емес. Алып бара жатқан не көркем образ, не терең ой, не алуан бояулы да дүние емес. Кәдімгі осы күні екінің бірі жазып жүрген арнау өлең ғана. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген де адам таңғалып, таңдай қағатын сөз емес. Мұнда Мұқағалидың Фаризаға деген бір ғашықтық сезімі де жоқ. Жәй, ақынның ақынға арнауы ғана. Оны қайтыс болып жатқан ақынның қаралы қоштасуы кезінде ана жерде де, мына жерде де қайталай берудің өзі-ақ біздің ұлттық болмысымыздан ат шаптырым алысқа кетіп қалғанымызды көрсетіп-ақ тұр. Оның орнына телеарналарда әлсін-әлсін жаназа кезінде оқылатын сүрелерден үзінділер келтіріліп «жаны жәннатта болғай» деген сөздерді айтып жылап-сықтап тұрғандар көрсетіліп жатса, өте орынды болған болар еді. Осы шараның басы-қасында жүрген, оған қаржы бөліп жатқан қалталы қазақтардың «еуропашылдығы», «өркениетшілдігі», «современныйлығы» болмағанда, Құрманғазы мен Қазанғаптың адамның іші-бауырын алай-дүлей ететін «Кішкентай», «Қайран шешем», «Домалатпай», «Көкіл» сияқты күйлерін күңірентіп қоюға да болар еді. Қайтыс болған адам  менің өлеңімді мақтап еді, анау ақын қайда, мынау ақын қайда екенін сұрады деп белгілі адамның айтқан-айтпағандарын да өз беделін көтеруге пайдаланбақшы болғандарды да көрдік, сол күндері. Енді біреулер ол кісінің Парламентке депутат болғанын  еске салумен болды. Ал ол кісі сол депутат кезінде ел есінде қаларлықтай батыл пікірлер айтты ма, қазақтың тілі, діні, салт-дәстүрінің жәй-күйі туралы өз туған өлкесіндегі мұнайшылардың наразылығына байланысты қандай мәселе қозғады? Ел басына күн туған дерлік кейбір наразылық шерулеріне тіпті, жоғарыдағылар тәртіпсіздіктер деп атауға дайын тұратын болған уақиғалар туралы не дегені, оң әлде теріс пікір білдіргенін де өйтуіне не себеп болғанын да көпшілікке хабардар ету де артық болмас еді. Оның орнына телеарналар көп жағдайда үлкен ақынның, ұлттық тұлғаның өлімін ұмыттырып, сол сәтте мүлде өзгеше күйге бөлейтін, әртүрлі пікірлер мен тіршіліктің кейбір сәттерін тамашалайтын көріністерге толы болды. Темірөзек ешкім жоқ! Пенде атаулы ажалды! Бүйте берсек, мұндай ток-шоу сияқты іс-шаралар белгілі-белгілі тұлғаларды о дүниеге аттандыру кезінде телебәсекеге айналып кетуі де мүмкін. Қазір бір аяғы жерде, бір аяғы «ана жақта» тұрған белгілі-белгілі ақсақалдарымыздың күні ертең бірінің көзі тайып жатса, «ау, анау ақын қайтыс болғанда бүкіл телеарна шуылдатып анандай қып, ана шаһардан мына шаһарға тегін ұшақ қатынатып ұлы думан жасап едіңдер, бұ кісінікі одан гөрі қораштау болды деп дау шығаруы бек мүмкін. Тіпті, әр аттаған «адымына гүл емес доллар біткен» шіріген байлардың не өзі, не ата-анасы, туған-туысы қайтыс болып жатса, оларға бүкіл телеарнаның эфирлік уақытын сатып алу да түк емес.Бұл да ойланарлық нәрсе. Қазір қаптап кеткен дінтанушы–философ, дінтанушы–филолог, дінтанушы–тарихшы, дінтанушы–мәдениеттанушылар жамағатқа міне, осы мәселенің дұрыс-бұрысын, түзік-бұзығын жіліктеп түсіндіріп отырса, қандай ғибрат болар еді! Әттең, олардың қазір өзге бір «өзекті» шаруалары бар сияқты.

         Қазақ  Елі  Ресей  бодандығында болған 3 ғасырға жуық   аралықта,  әсіресе кеңестік орыстардың 70 жылдық  боданы   (подданый!)  болған кезде өзінің бүкіл ұлттық мәдениетінен, ұлттық тілінен түп-түгел айрыла жаздады. Орыстар бұл саясатты       әрі ашықтан ашық, әрі сендер артта қалған мешеуліктен, ескінің сарқыншағынан құтылуларың керек деген сайхали саясатпен жүргізді. Сол орыстар КСРО ыдырау бойда   Батыспен рухани, мәдени қарым-қатынас қандай болуы керек, өзімізді яғни, орысымызды жоғалтып алмайық деген мәселені байбаламға салумен келеді. Тек, қазекемдер ғана... Сол орысыңыздың орыс мәдениеті, орыс руханияты дегеніңіздің өзі де үш құрамдас. Оның біріншісі–І–Петр  патшалық құрған кезге дейінгі (1689-1725) Киев Русі мен  Московия  заманы.  Сосын Петрдің орыстарға  Еуропа мәдениетін сіңіруі.  Міне, осы екі кезеңдегі орыстардың бүкіл орыс ілім-білімі,  орыс мәдениеті деп жүргенінің бәрі  Византия мәдениетінің туындысы, яғни,    византиялық әкеден туған орыс баласы деуге тұрарлық қана дүние еді. Орыстың орыс болуына не католик дінінің, феодализмнің, Ренессанстың, Реформацияның, Ағарту дәуірінің, құқықтың үстем болу принципі, батыстық  пікір алуандығы көп ықпал етті. Одан кейінгі Ресейдің Алтын Орда  сияқты  әлемдік ұлы империяның қоластындағы кезеңде бүкіл түркі әлемінен өзіне сіңіріп орыс тарихы, орыс мәдениеті қып алғандары туралы біздің тарих оқулықтарында сыңар ауыз сөз айтылмайды да, жазылмайды да. Ал біле-білген адамға осының бәрі яғни, орыс мәдениеті, орыс өркениеті, орыс өнері дегеніңіздің бәрі будан мәдениет, будан  өркениет, будан тіл, будан өнер ғана.  Бүгінгі  қитабан қазақтың алдында шырт түкіріп тұратын  орысқұмар, дүбәра шонжарлардың оқыған-тоқыған-сымақтары соны  біле қоюы  да    неғайбіл. Олар үшін орыс-мәдениеттің шырқау шегі? Олар үшін қазақты адам еткен – орыс! Бірақ бұл ретте бұл орысқұмарларды кінәлаудың дұрыстығы да екіұштылау. Өйткені, ол байғұстар көзін ашып көргелі, аузын ашып емгелі орыс мектебінен, орысша тәрбиеден өнеге алып, орыстардың әр сөзін хадистей қабылдап өскендер.

Қорыта айтсақ, әлемде 200-дің о жақ, бұ жағында мемлекет бар. Солардың әрқайсысының кемінде 200-ге жуық әйгілі-әйгілі тұлғалары бар. Бірақ сол елдердің ешқайсысы солар қайтыс болып жатқан садаха-жаназасына шейін дәл қазекем тәрізді әр елдің салт-дәстүрінен үзіп-жұлып, орысқа, еуропалықтарға еліктеп өткізіп жатқан жоқ. Осындай ірі-ірі іс-шараларды өткізу кезінде, әсіресе, Қазақстан басшыларының әлде шетелдің қаңсығын таңсық қылуға бейімдігі, әлде өлім-жітім мен той-думанның өзін солардың ыңғайына солардың саясатына бейімдеп жасауға даяр тұратын көңіл-жықпастығы көрінеді де тұрады. Қашанда ең алдымен өз ұлтыңның қадір-қасиетін білу керектігі солардың санасына қашан жетер екен?

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578