Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Мәйекті 1242 3 пікір 30 Тамыз, 2024 сағат 11:49

Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты

Кез келген елдің, мемлекеттің даңғыл жолын, тарихы мен тағдырын, бағытын белгілейтін басты құжаты бар. Ол Ата Заңы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ата Заңымыз мемлекеттігіміздің тұғыры берік болуын қамтамасыз ететін ең басты құжат. Оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалса ғана әділдік пен заң үстемдігі орнығады» деген еді [1]. Шерхан Мұртазаұлы: «Заң мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген қанатты, рухты ойы мен пайымы, мақсат пен мұраты, еліміздің мүддесін, тарихтағы даңғыл жолы мен бағыт-бағдарды  көрсете алады [2].  Еліміздің елдігін, татулық пен бірлігін көрсететін Ата Заң, яғни Конституция. «Конституция жаңадан шаңырақ көтерген Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жарқын болашағын анықтап берді. Ата заң аясында елдіктің ең алғашқы қазығы қағылып, қабырғасы қаланды. Шаңырағымыз биіктеп, босағамыз бекіді. Заңы кемелденген, саясаты орнықты, қоғамы тұрақты, сыртқы және ішкі геосаяси ахуалы қалыптасқан іргелі елге айналдық» - деп Абай институтының мамандары лебіз білдірген еді [3].  Конституция халқымыздың негізгі тарихы мен күші. Заңы мықты, жүйелі, нақты қадамдарға негізделген ел «Тамыры терең, мәуелі бәйтерек» болады деп санаймын. Заңға сеніп, бағынып, заңға арқа сүйеген мемлекет қана жаңа ғасырдың төрінен орын алып, жарқын болашаққа еркін жол тартады.

Бүгінгі күні жалпы білім беретін мектеп, гимназия, лицей, т.б. жұмыс жасайтын әріптестерім Ата Заңымыздың тарихы мен тағылымын қазіргі жас ұрпақ, оқушыларға дәріптеу, насихаттау, қадір-қасиетін түсіндіру барысында ізгі, тарихи-мәдени, танымдық тәрбие сағаттары мен әртүрлі шараларды ұйымдастыруда. Бұл ретте мұғалімнің көтерер жүгі мен атқарар рөлі, әдістемелік ұстаным мен пайымы, бағыты айқын.

Жалпы білім беру ұйымдары оқушыларына Ата Заңның қадірін ұқтырып, аталы сөздің парқын сезіндіріп, бабалардан балаларға құнды мұра болып қалған барымтасының құдіретін дәріптеу мақсатында Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында мектепішілік, аудандық, қалалық, республикалық тарихи-танымдық тәжірибе тарату; көрме ұйымдастыру; телеарналарға сұқбат беру; БАҚ мақала жариялау; жазылым тапсырмалары: шығарма, эссе, өлең, т.б. әртүрлі номинациялар бойынша жарыс, байқау ұйымдастырып, академиялық адалдықты сақтай отырып, нәтижесін шығарып, марапаттау; спорттық шаралар, эстафеталық жарыстар; әлеуметтік желілерде тақырыпқа сәйкес челлендждер; мерекелік концерттік бағдарлама; көркемсурет; фотокөрме және тарихи тұлғалармен кездесу ұйымдастырылады. Аталған шаралардың жұмыс жоспары талқыланып, бекітіледі. Жоспар бойынша бекітілген шаралар тек 30 тамыз күні ғана емес, жыл бойы, тоқсан сайын, ай сайын өтеді. Мысалы: Республикалық «Абайтану» олимпиадасы, Республикалық «Абай әлемі» олимпиадасы, Оқушылар арасындағы Республикалық «Айтыс», Республикалық «Ділмар» шешендік сөз байқауы, т.б. Бұл оқушыларға арналған мәдени-танымдық, тарихи шара болса, мұғалімдер үшін пәндік, ғылыми, танымдық бағытта тәжірибе алмаса отырып вернисаж, конференция, семинар, симпозиум, брифинг, воркшоп, дөңгелек үстел, т.б. жұмыс жоспарына сәйкес өтеді. Мұғалім, оқушыларға арналған шаралардың негізгі мәні мен мағына, тақырып аясы мен айдары Ата Заң, ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие дағдыларына тікелей қатысты. Аталған шаралардың негізгі мақсаты − ұлтқа қызмет ететін білімді, зиялы ұрпақ тәрбиелеу. Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысын, ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ождан биігіндегі елдік мінез оқушы болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген орта рухы, ата-ана тәрбиесі азаматтық ұстанымды қалыптастырады деп есептейміз. Осы мақсаттағы рухани ұстаным − еліміздің берекесі мен бірлігін сақтап, келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізін қалыптастыру, дағдыландыру.

 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Майра Маликқызы

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036