Сенбі, 12 Қазан 2024
Билік 1129 9 пікір 13 Қыркүйек, 2024 сағат 16:46

Референдум- ең алдымен халықтың пікірімен санасу!

Фото: https: neark.kz

Референдум - еліміздегі ең өзекті деген мәселелерді бүкіл халық болып шешу. Биылғы жылдың жаздық каникулдан кейінгі саяси маусымы ресми ашылған күннен бастап, жұрт талқысындағы басты тақырып – АЭС екені айтпаса да түсінікті.

Елішілік саяси процесстерге келгенде, әсіресе сайлау, референдум секілді жалпыхалықтық ауқымдағы процесстерде нейтралды қалуға болмайды.
Қыркүйек айының алғашқы күндері Президент жалпыхалықтық референдумға старт берді. 6 қазанда Қазақстанның саяси өміріндегі кезекті референдум өтеді. Бұл мемлекетіміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың, елім дейтін әрбір азаматтың таңдауы –біртұтас елдің таңдауына айналмақ!

Осындай маңызды шешім қабылдауда референдумның рөлі қандай? АЭС құрылысы – жеке адамның пәрмен-пікірімен, «айттым – бітті, кестім – үзілді» дегенімен шешілмеуі тиіс!

Біраздан бері бүкіл ел аумағында қызу талқы болды. Мамандар түсіндіру жұмысын жасады, белсенділер өз пікірлерін ортаға салды. Біреу біліп айтты, енді біреу дүрмекке еріп айтты. Енді біреулер қасақана бүлдіріп айтты. Мүдделі топтардың сойылын соққандар да болды. Алда 6 қазанда жалпы ұлттық референдумда бұл істің нүктесі қойылатын болды.

Референдум- ең алдымен халықтың пікірімен санасу, ойы мен шешіміне құрметпен қарау! Билік тарапынан қабылданатын маңызды да өзекті мәселелер халықпен бірге шешілуі керек. Билік халықтың пікірімен, ойымен, көзқарасымен, ұстанымымен санасу керек. Әсіресе, потенциалды АЭС орналасуы мүмкін деген өңір – бұл Алматы облысы. Сондықтан, ондағы жұрт АЭС референдумына өзгелерден белсенді араласуы керек!

Алматы облысы 1,5 миллионнан астам халқы бар көлемі де, саяси ықпалы да ауқымды өңір. Сондықтан, ондағы халықтың референдумға белсендірі араласуы әсте маңызды! Осыған дейінгі қоғамдық талқылаулар кезінде де Алматы облысының халқы белсенді болды. Қызу да тартысты пікірталастардың бірі осы өңірде өтті. Себебі, дәл Алматы облысындағы халық үшін тағдыршешті мәселе жалпыхалықтық талқыға шығарылып отыр.

Кеше ғана Алматы облысында белсенді жастар референдумға ел-жұртты шақыру үшін 15 мыңға жуық үнпарақ таратыпты дегенді оқыдық. Солай жалғасуы әбден дұрыс. Өйткені, елдің әрбір тұрынының пікірі, шешімі аймақ пен елдің болашағы үшін маңызды! АЭС құрылысын жақтай ма, әлде оған қарсы ма, референдумға барып, сол жерде өз позициясын, өз дауысын, өз пікірін білдіруі және оны қорғауы маңызды!

Бұл тек Алматы облысына қатысты емес, жалпы Қазақстанның бүкіл аумағындағы сергек саналы азаматтарға қатысты да солай!

Abai.kz

9 пікір