Қазақстанның балалары енді "Атлетико Мадрид" клубының футбол академиясында жаттыға алады
Талғар қаласындағы "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығында салынатын база Орталық Азиядағы осындай алғашқы академия болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Испанияның EFE ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту мен балалар-жасөспірімдер футболының маңыздылығын ерекше атап өткен еді.
Осыған орай 2023 жылы Doscar Group компаниясы Қазақстанның Испаниядағы Елшілігімен бірлесіп, испаниялық "Атлетико Мадрид" футбол клубымен келіссөз бастаған болатын. Бір жылдан астам уақытқа созылған келіссөз 10 жылдық келісімшартқа қол қоюмен аяқталды.
Осылайша 2024 жылы Қазақстанда "Атлетико Мадрид" балалар-жасөспірімдер академиясын құру туралы тарихи келісімге қол жеткізілді. Бұл ТМД мен Орталық Азиядағы испаниялық клубтың алғашқы ресми академиясы болмақ.
"Атлетико Мадрид" футбол клубының президенті Энрике Сересо 2024 жылдың маусым айында Қазақстанға келіп, жобаны талқылау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездескен еді. Соның нәтижесінде келісімшартқа қол қойылып, академия "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығының аумағында орналасатын болды. Академия болашақ футбол жұлдыздарын дайындаудың ерекше орталығы болуға уәде береді.
"Атлетико Мадрид Қазақстан" Академиясы өз алдына айқын міндет қойып отыр. Нақты айтқанда - әлемдік футбол қауымдастығы мойындаған әдістемелер негізінде жоғары сапалы футбол білімін ұсыну. Испаниядан келген кәсіби жаттықтырушылар әр оқушымен жеке жұмыс істеп, олардың техникалық және тактикалық дағдыларын дамытады.
Академияның негізгі жаттықтырушылар құрамы Испаниядан келген сертификаттары бар мамандар болмақ. Қазақстан мен Орталық Азияның барлық өңірлерінен балаларды іріктеп, кейін Еуропаның футбол алаңдарында өзін көрсетуге мүмкіндік алатын неғұрлым талантты балаларды испаниялық жаттықтырушылар мен мамандардың өздері тікелей жүргізеді.
Қазақстанның барлық өңірінен келген балалар осы академияда оқып, жаттыға алады. Білім алушылардың бір бөлігі тегін оқуға грант та алады. Ал үздік тәрбиеленушілер Испаниядағы "Атлетико Мадрид" клубының базасында оқуы мен жаттығуын жалғастыруға бірегей мүмкіндік алады.
Академия заманауи жаттығу және оқу базаларымен жабдықталады. Яғни табиғи және жасанды жабыны бар алаңдар, заманауи жаттығу залдары, мультимедиялық оқу сыныптары, оңалту орталықтары, кең киім ауыстыратын бөлмелер, демалыс аймақтары, қонақ үй кешені және жас футболшыларға арналған жатақхана болады. Академия базасында жас спортшылардың халықаралық жарыстарға бейімделуін жеңілдету үшін ағылшын және испан тілдері курстары ұйымдастырылады. Мұның бәрі болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелеуге оңтайлы жағдай жасаудың жолы.
Біздің академияның Қазақстанда ашылуы жай оқиға емес, бұл футбол әлеміндегі нағыз революция. Біз қазақстандық балалардың зор әлеуетке ие екендігіне сенімдіміз және біздің академия ұлы футболшылар дүниеге келетін орынға айналады. Біз мұнда елдегі футбол деңгейін жаңа биіктерге көтеру үшін әдіснамамызды, тәжірибемізді және жеңіске деген ұмтылысымызды әкелеміз, - дейді "Атлетико Мадрид" клубының академияны дамыту және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Эмилио Гутиеррез Болоуза.
Осы аталған келісімнің барлығы Doscar GROUP компаниясының, Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің, Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан футбол федерациясының, Испанияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауының, сондай-ақ "Sport Asset Management" ҚБ мен "Атлетико Мадрид" футбол клубының бірлескен күш-жігерінің арқасында жүзеге асты.
Сонымен "Атлетико Мадрид Қазақстан" Академиясының ашылуы 2025 жылға жоспарланып отыр. Ол еліміздің жас таланттарына зор мүмкіндік бере отырып, Қазақстан мен Орталық Азияда футболды дамыту үшін қуатты серпін болмақ.
Abai.kz