Бейсенбі, 6 Ақпан 2025
Асқанға - тосқан 242 3 пікір 6 Ақпан, 2025 сағат 12:29

Бас бостандығы үшін саудаласу: Құлыбаевқа тықыр таяды ма?

Сурет: kommersant.ru сайтынан алынды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаев Қазақстан билігімен мемлекет пайдасына 1 миллиард доллар төлеу туралы келіссөздер жүргізуде деген хабарды «Bloomberg» басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып жазады.

«Bloomberg»: «Қазақстанның ең бай адамдарының біріне қатысты (Т.Құлыбаев) оның бірінші президент кезінде (Н.Назарбаев) тапқан байлығы бойынша үкіметтік тергеу аясында мемлекетке шамамен 1 миллиард доллар төлеуі талқылануда», - деп мәлім етеді.

Өткен жылдың қараша айында Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару жөніндегі комитет Тимур Құлыбаевқа қарсы тағы бір талап арыз бергені белгілі болды. Бәлкім, «Bloomberg» дәл осы тергеуді сөз етіп отырған шығар. Егжей-тегжейлі ақпарат алу қиын, себебі Құлыбаевтың активтері туралы мәліметтер комитетте «мемлекеттік құпияны сақтай» отырып ашық айтылмайды.

Егер келісімге қол жеткізілсе, онда Құлыбаевқа қаражаттың бір бөлігін төлеуге, ал қалған бөлігін маңызды жобаларға инвестициялауға тура келеді. Бұл туралы шетелдік БАҚ-қа осы келіссөздердің барысымен таныс екі адам айтып берген екен. Дереккөздер жасырын болғандықтан, бұл ақпаратты растау мүмкін емес. Десек те, алдын ала белгілі болған мәліметтер бойынша, Құлыбаев пен мемлекет арасындағы мәміле (егер ол бола қалса) Құлыбаевқа қандай да бір айып тағуды немесе қолындағы билігін шексіз пайдаланғаны үшін кінәсін мойындауын білдірмейді.

«Егер келісімге қол жеткізілсе, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев қаражаттың бір бөлігін ақшамен, ал екінші бөлігін инвестиция түрінде төлейді», - деп хабарлайды агенттік.

«Бұл ретте төлем - оның кінәсін мойындауды білдірмейді», - деп нақтылайды «Bloomberg» дереккөздері.

Құлыбаевтың өкілі бұл мәселеге тікелей түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ: «Кез келген ерікті жарнаны – «активтерді қайтару» деп ойлау қате», - деді.

«Осы жылдар ішінде Құлыбаев елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты және «осы бағытта үкіметпен өзара іс-қимылды жалғастыруда», - деп жазады «Bloomberg».

«Forbes Kazakhstan» 2024 жылы Тимур Құлыбаевты ең бай бизнесмендер рейтингінде 2-орынға қойды. Оның жағдайы 5 млрд доллар деп бағалануда. «Forbes» миллиардерлерінің жаһандық рейтингінде бірінші президенттің күйеу баласы 612-ші орында тұр.

Зайыбы Динара Құлыбаевамен бірге ол «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ны «Алмэкс» холдингтік тобы арқылы бақылауында ұстайды. Сонымен қатар ерлі-зайыптылар «Фирма» Алмэкс Плюс» ЖШС мен «Алмэкс Проект» ЖШС-ні тепе-теңдік негізде бірлесе иеленеді.

Тимур Құлыбаев 100% «Каспий мұнай» АҚ, 51% «Кристалл Менеджмент» АҚ, 50% «Premier Development Company» ЖШС және т.б. кіретін «Joint Resources» АҚ иесі болып табылады. Бұдан басқа, Құлыбаевтардың бизнес құрылымдарына Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент және Дубайда жалпы ауданы 1 млн шаршы метрден астам коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алумен және басқарумен айналысатын «Mercury Properties» ЖШС кіреді.

Мемлекет 2024 жылы «Кипрос» ЖШС мен «Joint Technologies» ЖШС арқылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы олигарх Тимур Құлыбаев бақылап отырған «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан 54 нысанды алды, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

3 пікір