Қазақтың халық жазушысы Дулат Исабеков өмірден өтті

Қаралы хабарды Алаш жұртына Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов естіртті.
Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылымизерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.
Қадірлі қауым!
Қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын.
Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды.
Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық.
Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей.Дегенмен, қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенеміз.
Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын.
Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын! - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Abai.kz