Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Спорттық гимнастика: Дохада (Қатар) өткен Әлем кубогі кезеңінде отандастарымыз төрт медаль жеңіп алды. Милад Карими керме және еркін жаттығуда топ жарса, еркін жаттығуда Алтынхан Темірбек күміс жүлдегер атанды. Ал Нариман Құрбанов ат снарядында қола медаль иеленді.
Әуесқой бокс: Әзербайжан астанасы Бакуде ұйымдастырылған «Жібек жолы» халықаралық турнирінде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 12 қола жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ Ресейде өткен турнирде отандастарымыз 2 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль еншіледі.
Үстел теннисі: Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Францияның Мец қаласында өткен халықаралық WTT Youth Star Contender Metz турнирінде топ жарды.
Шахмат: Грекияда өткен рапидтен юниорлар арасындағы әлем біріншілігінде отандық шахматшылар 6 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды.
Велотрек: Гонконг қаласында (ҚХР) велотректен өткен Hong Kong International Track Cup халықаралық турнирінде ұлттық құрама спортшысы Рамис Дінмұхаметов омниум бағдарламасында мәре сызығын бірінші болып кесіп, алтыннан алқа тақты.
Каратэ: Мысыр астанасы Каирдегі Премьер-лига бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды.
Ат спорты: Ташкент қаласында (Өзбекстан) өткен Әлем кубогі кезеңінде ұлттық құрама спортшысы Ксения Баталова екі күміс жүлде олжалады.
Көркем гимнастика: Бакуде (Әзербайжан) мәресіне жеткен Әлем кубогінде Қазақстан құрамасы 5 лента жаттығуында 21.850 ұпай жинап, қола жүлде еншіледі.
Abai.kz