Қошанов: Кітап – зияткер ұлт қалыптастырудың кілті

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық кітап күні аясында өткен «Ұлттық кітап» байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсіміне қатысты.
Ұлттық кітап күні Қазақстанда биыл алғаш рет өткізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында білімге құштарлықты, оқуға деген сүйіспеншілікті білдіретін мерекені белгілеуді тапсырған болатын. Осыған орай «Ұлттық кітап» ұлттық байқауы ұйымдастырылып, онда отандық жазушылар, кітап шығарушылар, иллюстраторлар мен аудармашылар жеңімпаз атанды.

Сурет: Т. Таныбаев.
Ерлан Қошанов ең алдымен жақында ғана дүниеден озған көрнекті қазақ жазушысы, әдебиет майталманы Әкім Таразиды еске алып, көңіл айтты.
Одан әрі салтанатты іс-шараның мән-маңызына тоқталып, қазіргі заманда ақпарат көздерінің көптігіне қарамастан, кітаптың орны ерекше екенін атап өтті.

Сурет: Т. Таныбаев.
– Сан ғасырлар өтсе де, кітаптың адамзат үшін маңызы өзгерген жоқ. Бүгінде кітап – зияткер ұлт пен саналы қоғам қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Қазіргі таңда қолданып жүрген барлық технология, медицина, өнер бәрі де кітап оқу арқылы дамыған. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, кітап ұлттың рухани құндылығына айналуы тиіс. Ұлттық кітап күнін атап өтудің басты мақсаты – осы, – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов өз сөзінде отандық кітап шығару саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, сыртқы нарыққа тәуелділік, қазақ тіліндегі әдебиеттің үлесі аз болуы және басқа да түйткілді жайттарға назар аударды.

Сурет: Т. Таныбаев.
– Президент Ұлттық құрылтайда идеология саласындағы басты бағыттардың бірі – кітап шығару екенін баса айтты. Қазіргі таңда мемлекет бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Мысалы, Парламентте қызу талқыланып жатқан жаңа Салық кодексі жобасында депутаттар отандық кітап баспаларын қосылған құн салығынан босату жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл мәселеде Үкіметпен ортақ шешімге келеміз деп үміттенеміз, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде кітапханалар жүйесі жаңғыртылып жатқаны, кітапханашылардың жалақысы көтеріліп, цифрлық кітапханалар дамып жатқаны айтылды. Бұл өз нәтижесін беруде. Бүгінде республикада шамамен 4 мың кітапхана жұмыс істейді, олардың тұрақты пайдаланушылары 5 миллионнан аса адам, оның бестен бірі – балалар.
«AMANAT» партиясының жетекшісі ретінде Ерлан Қошанов «KITAP – AMANAT» партиялық жобасының маңыздылығына да тоқталды. Бұл жоба отандық кітаптарды кеңінен насихаттауды көздейді. Қазіргі таңда бұл жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі партия филиалдары жанынан 24 орталық ашылған. Онда кітап көрмелері, авторлармен кездесулер және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады.
Салтанатты рәсім соңында Мәжіліс спикері ұлттық байқаудың бас жүлдесі – «Жыл кітабы» гран-приін табыстады. «Ұлттық кітап» ұлттық байқауында «Қазақстанның тарихи тұлғалары» сериясы үшін «Алматы кітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева марапатқа ие болды.

Сурет: Т. Таныбаев.
Ұлттық байқау 10 номинация бойынша өткізілді: «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Иллюстрацияланған үздік кітап», «Аудармадағы үздік кітап», «Фантастика жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа үйі» және «Жыл кітабы» гран-приі.
Марапаттау рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева, мәдениет қайраткерлері, қоғам белсенділері, Парламент депутаттары қатысты.
Abai.kz