Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Аймақ 434 0 пікір 29 Сәуір, 2025 сағат 16:36

Елордада Құқықтық көмек күні өтті

Сурет: «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалынан алынды.

Елордадағы «Астаналық» жабық базарында «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің қолдауымен «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы ұйымдастырған құқықтық көмек күні өтті. Іс-шара «Құқық көмек» және «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды.

Акцияның мақсаты – халыққа білікті қаржылық және заңгерлік көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру.

Іс-шара аясында 50-ге жуық адам тұрғын үй бағдарламаларынан бастап денсаулық сақтау саласындағы құқықтық аспектілерге, меншікті ресімдеуге және ЖК жабуға дейінгі көптеген мәселелер бойынша тегін кеңес алды.

Іс-шараға отбасы Банкінің, «Қарызсыз қоғам» жобасының, БЖЗҚ, Әділет департаментінің, адвокаттар алқасы мен заң палаталарының өкілдері, сондай-ақ Мәслихат депутаттары қатысты.

«Отбасы банкі бойынша, мерзімі өткен кредиттер бойынша, заң мәселелері бойынша, жер учаскелерін ресімдеуден бастап ЖК жабу туралы әртүрлі мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, есепке қалай тұру керек, мүгедектікті қалай алуға болады, МӘМС-ті пайдалану секілді денсаулық сақтау мәселелері бойынша көптеген өтініштер бар. Біз осындай іс-шараларды елорданың басқа да сауда үйлерінде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз хатшысы Сұлтан Мұстафин.

Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық тұрғын үй қорының консультация және құжат айналымы бөлімінің басшысы Бекжан Сипат өтініштердің көпшілігі тұрғын үйге қатысты екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда кезекте тұрғандар баспана ала алатын бірқатар бағдарламалар бар. Атап айтқанда, кейіннен сатып алынатын жалға берілетін тұрғын үй әлеуметтік осал санаттар мен көпбалалы отбасыларға арналған», – деп түсіндірді ол.

Өз кезегінде жеке сот орындаушысы Алмаз Арстанбек өзінен кеңес алған азаматтардың алимент және кредиттер бойынша берешек секілді мәселелер көп екеніне назар аударды.

«Азаматтар шарттарды зерттемей несие алады, ал мерзімі өткен кезде олар бұл туралы ұмытады. Нәтижесінде банктер сотқа жүгінеді. Қарыз екі есе өсуі мүмкін. Мәселені банкке жүгініп, жағдайды түсіндіріп, ертерек шешкен дұрыс», – деп атап өтті ол.

Іс-шараға қатысушылардың бірі жалға берілетін тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес алу үшін арнайы келген. Ол елорда маңында тұратынын және Астанаға көшу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

«Мұнда барлық қажетті ақпаратты тегін алуға болатындығы өте маңызды», – деді ол.

Қазіргі жаһандану дәуірінде адамдардың тұтынушылық деңгейі артқан сайын, қарызға тәуелділік те өсіп келеді. Әсіресе елімізде тұрғын үй, көлік, білім алу тіпті тұрмыстық техника алуға несие рәсімдеу – қалыпты жағдайға айналды. Алайда бұл әдеттің шектен тыс кең етек алуы қоғамның қаржылық әлсіздігін көрсетіп отыр. Осы тұрғыда «қарызсыз қоғам» идеясын қалыптастыру – тек жеке адамдардың емес, тұтас ұлттың болашағына оң әсер ететін маңызды бастама.

Қарызға байланған өмір қауіпті ме деген сұрақ айналасында терең ойланатын күйге жеткеніміз де шын.

Қарыз алу – кейде қажеттілік, кейде әдетке айналған таңдау. Көп адам қаржылық жоспарсыз өмір сүреді. Жалақы түспей тұрып-ақ алынған несиелер мен бөлшектеп төлеу жүйелері адамдарды қарыз қақпанына түсіреді. Бұл тек материалдық емес, психологиялық ауыртпалыққа да әкеледі – күйзеліс, мазасыздық, өмір сапасының төмендеуі. Ал Қаржылық еркіндік – нағыз бостандық екенін азаматтар түсінгені дұрыс.

Түйіндесек,қарызсыз адам – еркін адам. Ол табысын толық өзі үшін жұмсай алады, болашағын жоспарлап, тыныш өмір сүреді. Қоғамда осындай азаматтар саны артқан сайын, ел экономикасы да тұрақты, қауіпсіз бола түседі. Қарызсыз қоғам – қаржылық тәуелсіздікке бастар жол.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2514
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5440
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4730