Бақұл болыңыз, қазақ поэзиясының сардары

Тұлғалар іркес-тіркес пәни дүниеден бақиға аттанып кетіп жатыр. Бүгін қазақ руханияты тағы да ауыр қазаға ұшырады. Белгілі ақын, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қаламгер Темірхан Медетбек өмірден озды.
Темірхан Медетбек – қазақ поэзиясының биік тұлғаларының бірі еді. Ол елдің тағдырына алаңдап, замана үнін өлеңмен өрнектеген, ұлттық рухты асқақтатып, сөз өнерінің шеберлік биігіне көтерілген қаламгер болатын. Оның шығармаларынан шынайы азаматтық үн, терең философиялық пайым, ұлттық болмысқа деген ерекше сүйіспеншілік сезіліп тұратын. Шындығында,ол мына өмірге ақын болып туып,ақын болып қайтты.
Көк түркілердің дауысын азаматтық поэзияда жаңғыртқан ол тәуелсіздік жылдарында да қазақ сөзінің абыройын қорғап, ұлттың ар-намысын асқақ жырмен жырлап өтті. Ол әдебиетпен қатар, қоғам өміріне де белсене араласып, елдік мүдде тұрғысынан өткір ой айтып, қайраткерлік бейнесін де көрсете білді.
Қазақ әдебиеті Темірхан Медетбек сияқты тағы бір ұлы тұлғасынан айырылды. Бұл – ұлт руханияты үшін орны толмас қаза.
Марқұмның иманы жолдас, жаны жәннатта болсын.
Қазақ елі, қаламдас қауым, барша жұртшылыққа қайғымыз ортақ. Әсіресе,ақынның отбасына,туыстарына қайғыра көңіл айтамыз!
Қош болыңыз, түркі рухының, қазақ жырының ұлы сардары!
Abai.kz