Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2979 0 пікір 7 Қазан, 2009 сағат 04:56

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. ҰЛТТЫҚ ЫМЫРА

Соңғы кездері рухани салада жұртшылықты елең еткізген бірер оқиға болды. Бес кітапқа жинақталып, алаш қозғалысына қатысты құжаттар жинағы жарық көрді. Мұнда жалпыұлттық және таптық көзқарастар ыңғайымен жіктелген қайраткерлердің кейбір күтпеген қадамдарын көрсететін деректер жария етілді. Баспасөз беттерінде 20-30-жылдарғы ұлттық элита жайында қорғалған ғылыми еңбекке байланысты біріне бірі кереғар пікірлер білдірген мақалалар басылды. Күні кеше тұсауы кесілген Алаш-Орда тарихына арналған фильмде де тосын пікір естілмей қалған жоқ. Мәселе халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловтың Бас хатшы Сталинге 1924 жылы Түркістан өлкесіндегі ұлт қайраткерлерін таптық тұрғыдан сынап жазған хаттарының көпшілікке белгілі бола бастағанында болатын. Соған байланысты  жақында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында пікір алысулар өтті.

«Әділет» қоғамы еліміздегі алғашқы үкіметтік емес ұйымдардың бірі санатында. Ол кезінде кеңес тұғырнамасында қызмет атқарған коммунистерді де, алаш қозғалысында болған азаматтарды да талғамай жұтқан «үлкен террор»  құрбандары ұрпақтарының белсене қатысуымен құрылған қоғам-ды. Жиырма шақты жылдан бері саяси қуғын-сүргін шындықтарын ашу арқылы азаматтарды тарихпен тәрбиелеуге, демократиялық құндылықтардың өмірімізде бекем орнығуына  атсалысып келеді.

Соңғы кездері рухани салада жұртшылықты елең еткізген бірер оқиға болды. Бес кітапқа жинақталып, алаш қозғалысына қатысты құжаттар жинағы жарық көрді. Мұнда жалпыұлттық және таптық көзқарастар ыңғайымен жіктелген қайраткерлердің кейбір күтпеген қадамдарын көрсететін деректер жария етілді. Баспасөз беттерінде 20-30-жылдарғы ұлттық элита жайында қорғалған ғылыми еңбекке байланысты біріне бірі кереғар пікірлер білдірген мақалалар басылды. Күні кеше тұсауы кесілген Алаш-Орда тарихына арналған фильмде де тосын пікір естілмей қалған жоқ. Мәселе халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловтың Бас хатшы Сталинге 1924 жылы Түркістан өлкесіндегі ұлт қайраткерлерін таптық тұрғыдан сынап жазған хаттарының көпшілікке белгілі бола бастағанында болатын. Соған байланысты  жақында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында пікір алысулар өтті.

«Әділет» қоғамы еліміздегі алғашқы үкіметтік емес ұйымдардың бірі санатында. Ол кезінде кеңес тұғырнамасында қызмет атқарған коммунистерді де, алаш қозғалысында болған азаматтарды да талғамай жұтқан «үлкен террор»  құрбандары ұрпақтарының белсене қатысуымен құрылған қоғам-ды. Жиырма шақты жылдан бері саяси қуғын-сүргін шындықтарын ашу арқылы азаматтарды тарихпен тәрбиелеуге, демократиялық құндылықтардың өмірімізде бекем орнығуына  атсалысып келеді.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін науқандары салған жара зардабының айтып-жеткісіз ауыр болғаны белгілі. Үрей шеңгелдеген, әділеттілік өлшемі өзгерген жан-дүниемізді тазартуға коммунистік партияның жиырмасыншы съезінің жол ашқаны да мәлім. Ол коммунистік билеп-төстеу кезіндегі қараңғы-қапас тұңғиықтар құпияларының бүркеуін  аздап қана көтерген-тін. Ащы шындықты жартылай ғана ашқан. Соның өзі біздің қоғамдық тыныс-тіршілігімізге жылы леп, жарқын бет боп еніп, жаңа ұрпақты тәрбиелеу факторына айналды. Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жаңа тарихи сана қалыптаса бастады. Бірақ, билеуші партияның өзі саясатпен тоқылған елеуішінен іріктеп өткізіп ашқан шектеулі шындықты ғана айналымға жіберуі салдарынан, жаңа тарихи сана да біржақтылау қалыптасты. Саяси қуғын-сүргінге көбірек көңіл бөлу құпталмады. Яғни режим қылмысы ауызға алынбады. Тек жекелеген құрбандардың өмір жолы сонау 20-30-жылдарғы репрессия саясатына байланыстырылмай ғана әңгіме етілді. Ал алаш қайраткерлері хақында әлдеқандай оң пікірлі ой айту мүмкін емес-тін.

Мәселен, КСРО астанасында 1937 жылы атылған Әлихан Бөкейханов есімі жазықсыз жағылған қара күйеден Жиырмасыншы съезд шешімдерінен соң істері қайта қаралған «халық жауларының» алғашқы легімен 1956 жылғы 8 қыркүйекте аршылды. Мәскеуде, сондай-ақ, Мәскеу қалалық сотының төралқасы 1957 жылғы 2 желтоқсанда  ЖаҺанша Досмұхамедовті де кінәсіз құрбан деп тапты. Жаншаны оған қоса, екінші мәрте,  1958 жылғы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі арнайы комиссиясы да ақтады. Сол Арнайы комиссияның ұйғарымымен Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, тағы бірқатар алашордашылар жайындағы әділетсіз үкімдердің күші жойылды. Олардың артынша 1959 жылғы 26 наурызда Ахмет Байтұрсынов, 1960 жылғы 8 шілдеде Мағжан Жұмабаев ақталды.

Алайда олар, жоғарыда айтқан идеологиялық сүзгі реабилитациямен қатар іске қосылғандықтан, қоғамдық өмірге жолатылмады. Тек олар ғана емес, репрессияға  ұшыраған коммунистердің де белгілі бір тобы жайында, реабилитацияланғанына қарамастан, дұрыс ой-пікір білдіруге билеуші саясат ырқымен тыйым салынды. Мәселен, Тұрар Рысқұловтың адал есімі қоғамға біраз сөзбұйдаға салып бұлталақтатып барып жетпісінші жылдары ғана қайтарылды. Алайда  онымен қатар ақталған Сұлтанбек Қожанов қара таңба жамылулы қалпында тұмшаланып, қалтарыста қала берді. Сонау жасанды қалтарысқа, репрессияға ұшырамағанмен, Смағұл Садуақасов да тығып тасталды. Ол «түзелмейтін ұлтшыл» Қожановпен қатар оңшыл-ауытқушы ретінде арнайы партиялық әдебиетте сыни тұрғыда ғана тілге тиек етіліп, көпшілік үшін «халық жауы» қатарында жабулы жатты.

Әдебиетшілерге де сондай қос кейіпті стандарт қолданылды. Айталық, Жиырмасыншы съезден соң іле-шала рухани тыныс-тіршілікке оралған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин есімдері жұртшылық  көзайымына, қуанышына айналып, құрметіне бөленіп жүргенде, солар қатарлы ақталған ақындар Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов есімдері қапастан шығарылмады.

Заңнамада ескерілмеген жәйттің өзін ыңғайына бейімдеп алғыш жаңаша пайымның құбылмалы көсемдері мен жандайшаптары  тоталитаризм жылдары Мағжанға қатысты: «Ол азаматтық тұрғыда ғана ақталды, бірақ партиялық тұрғыда ақталған жоқ» дейтін түсініксіздеу желеуді алға тартқаны есте. Саяси  репрессиялар құрбандарын жаппай ақтағанмен, сондай желеумен торланған саяси електен заңды реабилитациядан соң да қайта өткізіп іріктеу алпысыншы жылдары кеңінен қолданылған сияқты. Билік тұтқасын ұстаған коммунистер, әрине, аталған елгезермен бірінші кезекте «алашордалық» дейтіндерді сүзіп алып тастаған боп шықты.

Оларды тек қайта құру саясаты өрістеген 1988 және 1989 жылдары биік құқықтық соттардың шешімдерімен жалпы алаштықтар қатарында тағы бір ақтап алғаннан соң ғана  батыл еске ала бастадық.

Сонымен, билеуші коммунистік партия жеке басқа табыну әшкереленгеннен кейінгі алғашқы кезеңде, бір қарағанда,  өзінің сенімді жауынгерлерін ақтады.  Оларды - партия сарбаздарын, коммунистерді - саяси қуғын-сүргін науқандарына дейінгі қызметтеріне орай шартты түрде  қуғындаушы, ал олардың алашордалықтар сынды идеялық қарсыластарын қуғындалушы санатына қоюға болар еді. Сол екі топ та жазықсыз жазалаудың қара семсеріне негізінен бір ортақ науқанда іліккеніне қарамастан, қуғындалушылар шын мәнінде тек екінші лекте, қайта құру кезеңінде ақталды. Соның салдарынан, бұдан жарты ғасырдай ілгеріде нобайланған соны тарихи сана осы қос ақтау науқанының арасына түскен отыз жыл ішінде, кей ретте, жаңа тоталитарлық реңк алып үлгергендей еді. Кейінгі кезде орын алған дау-дамайда соның салқыны бар тәрізді. Бұрмаланбаған тарихи сананы қалыптастыру оңайлықпен жүзеге асатын шаруа еместігі аныққа айналды.

Біз репрессиялар туралы сөз қозғағанда, әдетте, жазықсыз жапа шеккендер, құрбандықтар жайын айтамыз. Негізінен тек соларды еске алу және  есте қалдыру төңірегіндегі мәселелерді зерделейміз. Бірақ сондай қуғын-сүргінге себеп болған, қуғын-сүргінді жасаған режим мен оны жүзеге асырушылар жайында ауыз ашпаймыз. Мұның, әрине, үлкен себептері бар. Кешегі ортақ мемлекет тарапынан бұрынғы мемлекеттік террор жасағандардың, жалпы, сонау мемлекеттік қылмысқа жол берген сталиндік кезеңнің әділ бағасын алмағаны, оны айыптайтын сот үдерісінің жүрмегені, бұл тарапта қабылданған ешқандай заңнамалық құжаттың жоқтығы   қоғамдық санаға әсер етпей тұрмайды. Сталин заманы дегенде ел жадына репрессиялар өз алдына, сонымен қатар фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңіс оралады да, сананы режимнің қылмысынан гөрі қол жеткізген ұлан-ғайыр жетістіктері басып кетеді. Оған қоса, кезінде жендеттік тәсілмен қызмет атқарған партия-кеңес жетекшілерінің бірқатары әрі жасампаз өмір құрылысшылары, әрі жазықсыз жазалау науқанының құрбандары  ретінде көрінетіні де бар. Сондықтан да саяси қуғын-сүргіннің себептерін, оның барша шындығын анықтауға деген ұмтылысты қажетсінушілік бүгінде қоғамдық санадан біртіндеп ығыстырылып тасталған секілді әсер береді.

Алайда мұндай әсер нақты жағдайға сәйкес келе бермейтіндей көрінеді. Қалай болғанда да, мұрағаттардан алынған жаңа деректер (Рысқұловтың Сталинге хаттары) негізінде кейінгі уақыттарда баспасөзде жария болған жаңалықтар мәселеге жеке тұлға аумағынан асып, кең көлемде қарауға, идеологиялық күрес шындықтарын терең тануға ұмтылтады.

Мәселен, маған 20-жылдарғы кезеңнен екі тамаша ұлт қайраткерінің өз кезеңдеріндегі жалпыұлттық мүддені көздеген аса ірі істері ұнайды және солары үшін мен оларды әрдайым бүгінгі ірілі-уақты қайраткерлерге, барша азаматқа, жастарға отаншылдықтың, елін, жұртын сүюдің озық үлгісі ретінде өнеге етіп тарта беруден айнымаймын. Оның бірі - Тұрар Рысқұлов пен оның серіктерінің 1920 жылы Түркістан өлкесінде Түркі Республикасы мен Түркі халықтарының коммунистік партиясын құру жайындағы жобалары. Екіншісі - Сұлтанбек Қожанов пен оның серіктерінің 1924 жылғы Орта Азияны ұлттық-аумақтық тұрғыда межелеп-жіктеу науқаны кезінде аралас-құралас, қоян-қолтық өмір сүріп жатқан халықтардың бір-бірінен мүлдем ірге бөлісуіне қарсы тұру, Ортаазиялық Федерация құру, сол арқылы Кеңестер Одағы құрамына кіру, жаңа ұлттық республикаларды Қазақстанмен бірге ортақ экономикалық қауымдастыққа ұйыстыру, Ташкентті Қазақ Республикасының астанасы ету үшін күресудегі ұстанымдары. Орталық өкіметтің мақсатына сай келмегендіктен де жүзеге аспай қалған бұл әрекеттердің бүгінгі таңдағы жаңғыртылған көрінісі тәуелсіз Қазақстанның Орталық Азия одағын құру жайындағы жасампаз бастамасынан айқын аңғарылады...

Осы аса ірі қос қайраткердің тарихи әділеттілікке жауап беретін сенімді көзқарастары мен батыл қадамдары соңғы кездері мәлім болған деректерге қарамастан, ешқашан ұмытылмауға тиіс, бұлардың сол 1920 және 1924 жылдарғы істері ел болашағын терең де жан-жақты ойлаудың үздік үлгісі ретінде әрдайым үлкен құрметпен аталуға әбден ылайық. Олардың ел игілігі үшін басқа да небір үлкен жұмыстар атқарғаны көпшілікке жақсы мәлім.

Соңғы кездері белгілі болған деректер осынау тұлғалар арасында елеулі күрес жүргенін көрсеткенмен, олардың еңбектерінің мән-маңызын жоққа шығара алмайды. Бірақ бұл олардың арасындағы айтыс-тартысты мүлдем елемеу керек деген сөз емес, керісінше, бізге олардың сонау күрестерінің мән-жайын, туу себебін, салдарын ажырата білу ләзім. Бұл сол қайраткерлерге деген көзқарасымызды өзгерту үшін емес, олардың күресінен тәлім ала білу үшін, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену үшін, өзіміздің бүгінгі күнімізді, болашағымызды айқын түсінуіміз үшін қажет. Тарихтан сабақ ала білу үшін керек.

Сонымен, ұлт зиялыларының 20-30 жылдарғы пікір қайшылығы неде? Түркістан Республикасы тарихында осы екі ірі қайраткердің есіміне байланысты «рысқұловшылдық» және «қожановшылдық» деген жіктер болғанын, олардың  топшылдық ретінде бағаланғанын білеміз. Олар  неліктен және қалай туып, қайтіп өрістеді?

«Әділет» қоғамында пікір алысқандар осы төңіректе ой толғады. Өздеріне мәлім жәйттерді ортаға сала келе, көпшілік баршасы келісетін ортақ ой қорытқандай болды. Жеке тұлғалардың идеялық тартысының арты мансап тартысына, топ құруға апарғанын, бірін бірі сүріндіру мақсатымен өзді-өзіне саяси айып тағып, оларының анық-қанығына, дұрыс-бұрыстығына өзара пікірлесу нәтижесінде көз жеткізуге тырыспастан, әрдайым төрешілік сөзін айтуды  орталықтан тосқанын, ал оның арты жалпыұлттық мүддеге кереғар шешімдер жасалуына ұласып жатқанын  мойындады.

Шынында,  патшалық кезінен қалыптасып, кеңестік дәуірде нығая түскен құлдық сана-сезім жөн сөзге тоқтау, әділет алдында бас ию іспетті дәстүрлі қасиеттердің байырғы тұғырынан тайып, жаңа сапаға ауысқанын көрсетті. Ұлт қайраткерлерінің бірін бірі мойындамауы, араларында бедел тұтатын тұлға болмауы, дұрысында, араларындағы бедел тұтуға тұратын тұлғаны көпе-көрнеу көрмеуі, мойындамауы, шындап келгенде, шынымен сондай қадір-қасиетке ие жанның жоқтығынан емес, жаңа империялық орталыққа көзсіз емінушіліктен туған еді. Сөйтіп, жаңа сипатқа ие болған құлдық психологияның жетегімен, «жаңаша құл иеленушінің» ілтипатына ілігуге тырысушылық, сол жолда бәрін тәрк етуге әзірлік оларға туған халқына риясыз қызмет ету сынды биік тұғырдан дербес ой толғауға мүмкіндік бермеді.

Рысқұловтың тілге тиек болған хаттары Орта Азияда ұлттық межелеп бөлу науқаны өрістеген тұсқа дөп келді. Хаттардың мазмұнына қарағанда, өкініштісі, оны осынау аса маңызды, тағдырлы науқан жайы аса толғандырмаған тәрізді. Мәскеуден Ташкентке жазған хатында ол қарсыласын қайткенде құлату үшін не істеу керек екенін өзінің пікірлесіне тәтпіштеп жазып бағдарламалық тапсырма береді, сол тапсырмаларының ішінде, бармағыңды тістетіп әттеген-айлататыны, қарсыластары жайындағы мағлұматтарды жоғарғы партия, партиялық бақылау және құпия полицияға - ГПУ-ге хабарлап отыруы қажеттігін шегелеп айтады. Өзінің Сталинге берген баян-хаттарында да қарсыластарының - бұрынғы алашордашылардың пәтерлеріне ГПУ органдары шұғыл тексеру жүргізгені мақұл екенін ескертіп отырады. Жақтастарының ұлтшылдық әрекеттер жасап жүрген басшы-коммунист қызметкер жайындағы шағымдарына қолдарын қоймай, жасырын қалып, тек мәтінді жолдау себебін қарсыластары тарапынан жазаланудан қорыққандықтан деп түсіндіреді.

«Әділет» қоғамында пікір алысқандар 20-30-жылдары ұлт қайраткерлерінің бірінің үстінен бірі жазған хаттардың өте көп болғанына назар аударды.  Ондай арыз-шағым, айыптау сарынды жазбалардың көптеп тууына таптық күрес желеу болды. Тапшылдар ұлт мүддесін тапқа бөлмей қорғау жағындағы алашордашылармен де, таптық күресте ұлттық мақсатқа мол мән беруші, яғни алашордалық делінетін ұлт зиялыларына бүйрегі бұрып тұратын оңшыл-ауытқушылармен де  күресті. Бірақ бұдан олар  ұлт мүддесін ескермеді деуге болмайды, олар саясаттың мазмұны пролетарлық, түрі ұлттық сипатын қолдайтын. Түптің түбінде «үлкен террор» бұл екі қанаттағыларды да ұлтшылдар ретінде жазалады. Және бір ескеретіні, десті пікірлесушілер, мұндай саяси айыптасу әрекеттері қазақ кадрлері арасында ғана емес, кеңес одағының шартарапында да орын алды. Демек, біз олардың дау-дамайларын емес, халыққа сіңірген еңбектерін бағалауға тиіспіз...

Жаны бар ой. Әйтсе де, қит етсе орталыққа жүгінуге әуестіктің салдары жақсы болмады. Қит  етсе орталыққа жүгінуден әлдебір шешуі қиын күрделі мәселеге орай жәй ғана төрелік сұрау емес, бірін бірі көре алмауға, біріне бірі билік тұтқасын қимауға, бірін бірі мейлінше қаралай отырып, тұқыртуға, тіпті құртуға тырысушылық аңғарылады. Мұндай әрекеттер  өз араларынан ел басқаратын азамат шығармауға апарды. Сөйтіп, түптің түбінде ел басқаруға көлденең көк атты жіберіліп, халқымызды ұлттық апатқа ұрындырған жаңаша құлдық ахуал тудырды. Осы қасіретті ойласақ, онда мұны жылы жауып қоя салуға да болмайды. Жылы жауып қоя бермей, айқара ашу керек. Бұл біздің азаматтығымызға сын. Қайраткерлеріміздің елге сіңірген еңбектерін мансұқтау үшін емес, керісінше, олардың одан да артық сіңіруі ықтимал, тек атқара алмаған істерін айқындап бағамдау үшін, ұтылған тұстарымыздың тамырларын айыра білу үшін солай ету ләзім. Бастан кешкен кемшілік себептері мен олардың қайғылы салдарларын болашақ үшін зерттеп білу абзал.

Осы жерде еріксіз бой көтеруі мүмкін бір жәйт бар.

Бірде, «Әділет» басқармасының кезекті бір мәжілісінде, қайта құру жылдары ақталған бір ірі ғалымымыздың перзенті әкесін 30-жылдары ұстатқан адамды  білетінін айтты. Ол адам әкесімен әріптес ғалым болып шықты. Қызығы, ол адам жайында түрлі қысымдар мен қинаулардың салдары боп табылатын бұрмалаулы көрсетілімдерге толы, әділдігі күмәнді сот материалдарынан емес, сол кезгі баспасөзден тауып оқыпты.  «Халық жауын» қалай әшкерелегені туралы әлгі қуғындаушы-ғалымның өз еркімен, өз қолымен, көзі тірісінде өзі мақтан етіп жазған мақаласынан,  өзі жұртқа жария еткен сырынан біліпті. Сол қуғындаушы-ғалымды жарты ғасыр бойы билік дәріптеп келсе, оның жаласынан атылып кеткен әкесінің адал есімі, ғылыми еңбектері сонша уақыт бойы жабық жатты.

Енді, әділет салтанат құрғанда, әкесінің сонау қаралы жылғы жендетінің кім екенін біле тұра,  оны әшкерелемеу дұрыс па, бұрыс па? әділетсіздікті қалай түзеуге болар еді? «Әділетшілерге» осындай қиын сауал тасталған.

Күрделі мәселе. Жендет пен құрбандықты қатар аялаумен әділ тарихи сана қалыптастыру мүмкін еместігі анық. Дегенмен, бізге басқа жол табу керек. Екі ғалымның да ғылымдағы елеулі еңбегін тиісінше бағалай отырып, бойымыздан олардың сол заманғы саяси ұстанымдарын әділ талдай білетін күш табу ләзім. Кек қайтаруға тырыспауға, төзімсіздік танытпауға, түсінуге, талдауға, келешекке қажет тәлім ала білуге тиіспіз.  Өштесу жарқын болашаққа қызмет етпейді.

Осындай ұйғарымға келгенбіз. Сондай көзқарас тілге тиек етілген Рысқұлов хаттарына байланысты да айтылды. Оларды жасыруға болмайды, біздің демократиялық қоғамда жабық тақырып болмауға тиіс,  қайта, бәрін ғылыми айналымға түсіріп, зерттеп, талдау жөн.  Міндетті түрде есте ұстауға тиіс жәйт сол, мұндай шаруа ұлттық мақтаныштарымызды тұғырдан тайдыру үшін жасалмауға керек, мұндай шаруа олардың күллі пенделіктерінің себеп-салдарларын ашып, бүгінгі күннің пайдасына, яғни жан-жақты да адал азаматтарды тәрбиелеу ісіне жұмсау үшін атқарылуға тиіс.

Таптық көзқарас халықты екі жарғаны ешкімге құпия емес, демек, бұл мәселені қарастырғанда, сол таптық негізде - бірі тек кедей-кепшік, екіншісі бай-кедейі айырылмаған жалпы ұлт мүддесін көздеп екі жарылған халқымыздың бірлігі қымбаттығын ойда ұстау керек.  Яғни бізге ұлттық ымыра қажет. Оны жәй ұранмен, яки әлдебір тыйым салумен орнатам деу қате, оған тек қана ашық талқылау, мәселені айқын түсіну, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену арқылы қол жеткізуге болады.

Біздің елде жүз қырық мыңдай жан жазықсыздан жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, лагерьлерге айдалды, жиырма бес мыңдай боздақ атылып кетті. Большевизм жауынгерлері себеп боп үш дүркін соққан ұлттық апаттан төрт миллионнан астам адам қырылды. Осынау ірі қасіреттер жайында ұстамды талдау мен қорытынды жасау үшін де ұлы төзім, ұлттық ымыра қажет. Ол заманғы сұмдықтар таптық жікке бой алдырып, ұлттық тұтастықты сақтай алмау, ұлттық тәуелділікке мойынсұну салдарынан орын алғанын жан-жақты парықтасақ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадірін терең түйсініп, жіті ұға түсеміз, өткенгі қателіктерге жол бермеу жолдарын айқын ажырата білеміз. Сондықтан да «Әділет» күллі мүдделі топтарды тарихи таным жолында ымыраласып жұмыс атқаруға, қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуына көп болып әділ үлес қосуға шақырады.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының

президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572