Қазақстан Түркиямен визасыз режимді кеңейтеді

Түркия азаматтары Қазақстанда 90 күнге дейін бола алады.
Иммигранттардың Қазақстанға келу және болу ережесіне өзгерістер енгізілмек. Тиісті Үкімет қаулысының жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланды.
Негізгі өзгерістер Қазақстан мен Түркияның визасыз режимін кеңейтуге қатысты. Атап айтқанда, бұл Түркия азаматтары Қазақстанға кіріп, 180 күнтізбелік күннің әрбір кезеңінде 90 күнтізбелік күн (қазіргі уақытта 30 күн) осында бола алады дегенді білдіреді.
Жобаны қабылдаудың мақсаты – Түркия Республикасымен тығыз ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан Республикасында қолайлы инвестициялық және туристік ахуал жасау, сондай-ақ экономикалық дипломатияны белсендіру, - делінген қаулы жобасында.
Құжат 28 шілдеге дейін көпшілік алдында талқыланады.
Abai.kz