Алматының жоғарғы бөлігіне мораторий енгізілді

Алматыда қала құрылысын шектеуге қатысты қандай өзгерістер енгізілетіні белгілі болды.
Жуырда Президент мегаполис әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуде қаланың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үйлер мен нүктелік құрылыстарға мораторий енгізуді тапсырған болатын.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, құрылысқа тыйым салу:
• Талғар тас жолының,
• Шығыс айналма жолының (ШАЖ),
• Әл-Фараби даңғылының,
• Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігінде орналасқан аумақтарға қатысты қолданылады.
Ведомствоның түсіндіруінше, аталған аудандарда шектен тыс құрылыс бірқатар жүйелі мәселелерге әкеліп отыр, соның ішінде:
• білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің жетіспеушілігі,
• орталықтандырылған су және кәріз жүйелерінің болмауы,
• инженерлік желілердің жүктемесінің артуы (олар жеке монополистерге тиесілі),
• көлік жолдарының шамадан тыс жүктелуі,
• арық жүйесінің жетіспеуінен болатын тұрақты су басу жағдайлары.
Құрылыс компаниялары заңнамада нақты реттелмеген таунхаустар тәрізді көппәтерлі тұрғын үйлерді салуды жалғастырып жатыр. Мораторий негізінде мұндай тұрғын үй құрылысына бастапқы жоба құжаттамасы берілмейді. Бұл шектеу қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан жобаларға қатысты емес, – деді басқарма басшысы Алмас Жанбыршы.
Сондай-ақ таулы аймақта қала құрамына облыстық аумақтардан берілген аумағы 2 000 гектардан асатын, 1500-ге жуық игерілмеген ауыл шаруашылығы жері бар екені айтылды.
Жақын арада 2040 жылға дейінгі Алматыны дамыту бас жоспарына өзгерістер енгізіледі.